Павлодарда тоғызқұмалақтан «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесі үшін турнир өтті

0

— Газет ұжымы сол кездегі  газет редакторы  Мұхит Омаровтың  бастамасымен 2008 жылдан бастап   тоғызқұмалақтан жыл сайын  дәстүрлі турнир өткізіп келеді. Алғашында қатысушылар саны 180 болса,  бүгінгі күні турнирге жер-жерден  418 тоғызқұмалақшы келді. Өңірдің барлық ауылдарынан, еліміздің әр өңірінен, Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Моңғолия, Түркия елдерінің тоғызқұмалақшылары қатысып, турнирді халықаралық деңгейге көтерді, — дейді  газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

Ал, Моңғолияның Тоғызқұмалақ федерациясы Павлодарға  жарысқа баратын тоғызқұмалақшылар арасында арнайы іріктеу өткізіпті. Жарыс кезінде Заманбек Қожаниязұлы бастап келген Баян Өлгейлік 11 ойыншы тоғызқұмалақ  ойнауда бар шеберліктерін  салды.

Шараның жабылу рәсіміне Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев қатысты.  

— Жергілікті жерде өткізілетін турнирдің Халықаралық деңгейге көтеріліп келе жатқандығы қуантады. Екіншіден, 400 ден аса тоғызқұмалақшыға төрелік ету де үлкен жауапкершілік.  Қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 5 топқа бөлініп, жарысқа қатысты. Соңында 60 тоғызқұмалақшы жүлдеге ие болса, «Ең жас ойыншы» аталымын семейлік 5 жастағы Ердос Берікқанов иеленді, -дейді  Дастан Қапаев.

Сонымен, «Шеберлігін шыңдағаны үшін» номинациясы бойынша Алматы облысынан Айша Аманжол, «Жеңіске деген құштарлығы үшін»  семейлік Әлиғазы Қайсаров лайықты деп танылды.    

Турнир нәтижесінде павлодарлық тоғызқұмалақшылар топ жарды.  Қырғызстанда өткен «III Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында» тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаев бастаған тоғызқұмалақшылар  алтыннан алқа тақты. 

Газет редакторы Нұрбол Жайықбаев турнирдің өтуіне қолдау білдірген облыстық   дене шынықтыру және спорт басқармасына, Павлодар,  Екібастұз қалалық әкімдігіне, облыстық кәсіпкерлер палатасына, «Ертіс Медиа» ЖШС-не, Шарбақтылық кәсіпкер Қисамиден Мәшеновке, қаладағы «Шахмат үйінің» ұжымына алғысын айтты.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген: Дархан  Өмірзақов