Ақорда жариялаған биографияда Тоқаевтың ажырасқаны айтылады

0

Қазақстан президенті әкімшілігінің сайтында өткен аптада президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың биографиясы жарияланды. 14 жолдан тұратын мәтінде Тоқаевтың мансап жолы мен отбасы жағдайы туралы айталады. Сайтта Тоқаев «ажырасқаны» айтылған.

«Саламатты өмір салтын ұстанады. Көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Ажырасқан. Ұлы – Тимур Қасым-Жомартұлы Тоқаев» деп жазылған Ақорда сайтында. Тоқаевтың бұрынғы әйелінің аты мен олардың қашан ажырасқаны көрсетілмеген.

Қазақстан президентінің отбасы жағдайы жайлы ақпарат Тоқаев туралы Уикипедия парақшасында да пайда болды. Дерек 28 наурыз күні кешке енгізілген.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінен комментарий алу мүмкін болмады.

Тоқаев қызметіне кіріскен күні басылымдардың көбі «Тоқаевтың ресми биографиясына сәйкес, үйленген, бір баласы бар» деп жазған.

Әлеуметтік желіде тараған деректерде «Тоқаевтың бұрынғы әйелі ресейлік Надежда Давыдовна Тоқаева болуы мүмкін» деп көрсетіледі.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.

Azattyq