Танымал тележүргізуші не үшін үйінде мәнті түйіп сатып жүр — Қазақстан жаңалықтары

0

13 жыл көлемінде тележүргізуші болып, қазір бірнеше кәсіпті басқарып отырған Жанат Бақытты жетістікке жеткен табысты әйелдердің қатарына қолса аламыз. Асыл ана, аяулы жар Stan.kz ақпараттық агенттінің тілшісіне тележүргізушіліктен неліктен кеткенін, ұлттық нақыштағы киімдерді сатуда қандай тәуекелге барғанын және не себепті мәнті пісіріп, сатып жүргенін айтып берді.

Жанат, журналистикаға қашан және қалай келдіңіз? Журналистикадағы алғашқы жұмысыңызға тоқталыңызшы.

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын бір жайтқа тоқталып өткенім жөн. Адам кім болатынын негізі бала күнінде шешуі керек. Сол үшін біз балаға сұрақты дұрыс қоюымыз керек. «Сен өскенде кім боласың?» деп сұрап, болмаса ол баланың іс-әрекетіне қарап, немен айналысқанды жақсы көретінін бақылау қажет. Мысалы, кейбір балалар кішкентай күнінен “мен дәрігер болғым келеді” немесе “мен әнші болғым келеді” деп мақсат қояды. Мақсатына қарай баланы тәрбиелеу арқылы  біз оған мамандықты таңдап бере аламыз.

Өзім бала күнімде мұғалім болуды армандадым. Алдыма сол мақсатты қойдым. Мектепті қызылмен бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түстім. Менің әкем Жолдығали Бақытов деген кісі журналист, ақын еді. Мен әкеме қарап, асқар тауымнан үлгі алып өстім. Бірақ “журналист болсам екен” деп армандаған емеспін. Әкем бала күнінен бастап өлең шығарған. Ал мен ешқашан өлең  жазбағанмын. Газет бетіне шығармам шыққан жоқ. Себебі ол менің мақсатымда болмады.

Өмірім қарап отырсам, түбегейлі өзгеріп кеткен. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болуды армандаған мен, қателеспесем филология факультетінің екінші курсында “Ана тілі аруы” байқауына қатысуды қаладым. Ал ата-анам “телеарнадан көрсетілетін үлкен сайыс уақытыңды алады, сабағыңа кедергі жасайды” деп қарсылық білдірді. Бірақ менің бала күнімнен келе жатқан, өзім жақсы көретін бір қасиетім бар. Алдыма мақсат қойсам, оған жетпейінше қоймаймын. Басыма бір ой келсе, бірден іске кірісемін. “Қазір істемесем, ешқашан істемеймін” деумен сол кезде сайысқа қатысып, қайтсем де бірінші орын алуға өзіме ант бердім.  

Сөзімде тұрдым, ата-анамның көмегінсіз жеңіске жеттім. Сайыста төрешілік етушілердің қатарында телеарнаның адамдары болған екен. Сол кісілер мені кастингке шақырды. Шақырған жерлеріне бардым, бір бағдарлама эфирлікке шығайын деп тұр екен. Сахна дайын дегендей сценарий дайын, жүргізуші қыздың көйлегі дайын, бірақ жүргізушінің өзі жоқ. Кетіп қалған. Мен телеарнаға керек кезде керек сәтте барып қалдым. 

Журналистиканың қайнаған қазанына тап болып, сол бағдарламаның жүргізушісі болып кеттім. Бір жылдан кейін басқа арнада жаңалықтары жүргізушісі ретінде жұмыс істедім. Ол кезде де қазақ тілінің жаңалықтары алғаш рет шығайын деп тұрған, жүргізушіні аяқастынан іздеген. Басқа сөзбен айтқанда, жолым жеңіл. Керек кезде және керек сәтте тап болатын адамдардың бірімін.

Он үш жыл бойы “КТК” арнасының жүргізушісі болдым. Жайлылық зонасында он үш жыл отырдым. Бірқалыпты өмір, бірқалыпты айлық. Әйтеуір барып, жаңалық жүргізесіз, жаныңыз тыныш, рахат. 

Ешқандай өзгеріссіз өтіп жатқан өмір, кенеттен басқа арнаға бұрылып кетті. Мен кәсіптің қайнаған қазанына түстім. Адам үшін жайлылық зонасынан басқа бір арнаға ауысу өте қиын. Нақтырақ айтқанда, ол өзін судан шығып қалған қайықтай сезінеді. Басында тыпырладым, қиын болды. Телеарнаға қайтып барғым-ақ келді, бірақ мен үшін барлық есіктер жабылды, ешқандай мүмкіндіктер болмады. Бір арнаға барам жұмыс жоқ, екіншісіне барам тура сондай жағдай. Сөйтіп жүргенде осы кәсіптің жолында кеттім.

Телеарнада атыма жұмыс істесем, енді атым маған жұмыс істеп жатыр. Кәсіпте де “Сен ақшаға жұмыс жасама, ақша саған жұмыс жасасын” деп айтады ғой.  Көп адам қолмен еңбек етеді. Қолмен еңбектеніп ақша алғаннан кейін азық-түлікке, пәтерақыға, анаған-мынаған шаққанда айлығы шайлығына жетпей жатады. Ал негізінде баспен есептеп, баспен еңбектеніп, қолмен ақша санау керек. Негізі, мықты кәсіпкерлердің айтатыны осы.

3 секундтың ішінде шешім қабылдап, 100 мың теңгеге кәсіп бастадыңыз. Оның үстіне кәсіпті жүргізушілікпен қатар алып жүрдіңіз. 100 мың теңге дүкен ашуға қалай жетті?

Менің телеарнада жұмыс жасап, қазақша киім киіп танылуым, қазіргі кәсібімді жүргізуіме үлкен септігін тигізді. Сол кезде жүргізушілердің ішінен ерекшеленіп, дараланып, қазақша комзол киіп шығуым бір адамға ұнаса, екіншісіне ұнамады. Біреу мақтады, тағы да біреу сынады. “Комзолды бізде кигіміз келеді, қайдан аласың?” деген сұраныстар көп болды. Ал негізі киімді тігіп, маған сыйға тартқан дизайнерлер әртүрлі қалаларда тұратын. Бір күні құрбыларым да келіп комзолды қайдан алатынымды сұрады. 

Қарасам шкафым заттаңбасымен тұрған комзолдарға толып қалған екен. Сұхбат барысында айтып өткенімдей, әдетім бойынша бірден шешім шығардым. Үйден шығып, дүкендерді қарастырдым.

Қалтамдағы жүз мың теңгенің елу мыңын дүкенді жалдағанға беріп, қалған елу мыңын ішін жөндетуге жұмсадым. Үйден жиһаз апарып, шкафтар әкеліп, өзім жөндедім. Дүкен ертесі күні ашылды. Өзім сатушы, өзім курьер болдым. Барлығын өзім төменнен бастадым,  бірақ Құдайға шүкір айналым жақсы болып, менің сол кішкентай дүкенім үлкен дүкенге айналды. Дүкенім басында қала шетінде ашылған, кейін қаланың орталығына көшіріп алдым.

Қазір мәнті пісіріп, оны сатумен айналысасыз. Неліктен барлық тағамдардан таңдауыңыз мәнті жасауға түсті?

Мен және менің отбасым мәнтіні жақсы көреді. Жолдасым тартылған етті жақсы көрмейді. «Ет тартқыштан өткізбе, қолдан тура», — деп отырады. Байқасаңыз мен Instagram желісіне суретті мәнті пісірген кезде ғана саламын. Сонда елдің бәрі «шіркін, сенің мәнтің қандай екен» деген пікірлерді қалдырады. Өзімде мәнтіні саудаға шығаруды ойлап жүрдім. Тағы ойладым да, ертесі күні сол ойымды іске асырып жібердім. Жексенбі күні айтып отырып, дүйсенбі күні бастап кеттім. 

Кәсіпті жүргізу барысында тәуекелге барған кездеріңізге тоқталып өтсеңіз?

Жалпы бизнестегі адам тез шешім қабылдап үйренуі керек. Егер қабылдауды білмесе, үйренуі керек. Иә не жоқ деп айтуға үш секунд болады екен. Бірден шешім қабылдау — маған Құдайдан берілген қасиет. Ашылған дүкеннің атын шығару керек, танымал ету қажет.

Қазір әлеуметтік желі деген құдіретті күш. Әлеуметтік желі арқылы саудамды жүргізе бастадым. Сол кезде мініп жүрген жалғыз қара темір тұлпарымды ұтысқа қойдым. Егер дүкенімнен зат алсаңыз, билет беремін, көлік ойнатамын деп ұтысты бастадым. Оған күллі Қазақстан қатысты.  

Адамдар көлікке билет алу үшін дүкенге келді. Дүкенім кәдімгідей танылып қалды. Шынайы түрде ойнатылған көлік Батыс Қазақстанда, Оралда тұратын Мейіргүл деген келіншекке бұйырды. Осындай үлкен тәуекелге бардым. Көлікті ойнатып біткенше жолдасым “нең бар еді, ойнатпа” деп райымнан қайтармақ болды. Бірақ мен құлақ асқан жоқпын. Құдайға шүкір әйтеуір менде бәрі жақсы болады, бәрі ақталады деген бір сенімділік болды. Өзім тығырыққа тіреліп, қиналсам, Құдайға сенем,  Жаратқан Иемізге реттеуді табыстаймын. Барлығы сәтімен жүріп, екі айдың ішінде дүкенім үлкен танымалдыққа ие болды. Дүкен өзінің бағасын бір-ақ айдың ішінде ақтап алды.

Қазір қоластымда  шамамен төрт- бес дизайнер, жиырма шақты адам бар. Бұрын телеарнада, жылтыраған ортада әдемі киініп, айлықты бір айдан екінші айға әрең жеткізіп жүрген адам болсам, қазіргі күні өз-өзіне жауапты жанмын. Біреудің мақсатына емес, өзімнің мақсатыма жұмыс істеп жүрмін. Сол ортадан Құдай мені жұлып алып, осы істі әдейі берген сияқты. Жиырма адамды жұмыспен қамтысын, олардың  басын қоссын деп осы кісілерді маған аманат етіп берген сияқты. Сол үшін құдайға күнде шүкірлік айтамын, тәубә деймін.

Бизнес — әйелдің ісі емес деген бұрыс стереотип бар. Алғаш рет кәсібіңізді бастағанда ісіңізді, киімдеріңіздің сапасын сынның астына алғандар болды ма? 

Әйел адам өте мықты. Менің қазір шыны керек бірнеше бизнесім, бала-шағам, күйеуім бар. Баламның ең кішісі алты айлық. Барлығын қатар алып жүруге тырысамын. Әйел адамның қырық жаны бар деген сол шығар. Ер адамның бұлай алып жүруі екі талай. Жалпы мен дизайнер, тігінші емеспін, кәсіпкермін. Сын міндетті түрде болады. Мен сынды, кемшілігімді білемін, барлығына дұрыс қараймын. Әр кез сол кемшілікті түзетіп отыруға тырысамын. Болашақта киімдерімді брендтерге айналдыру мақсатымда бар.

 

stan.kz