Төлеген Қажыбай | өмірбаяны
Төлеген Сыздықұлы Қажыбай 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Солүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданына қарасты Ортақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған. Кейін Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, облыстық телерадио комитетінде істеген. Көкшетау облысы тарағанға дейін облыстық газет редакторының бірінші орынбасары, облыс тарағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінің Көкшетау қаласындағы тілшілер қосының жетекшіл қызметтерін атқарған. Қазір тәуелсіз «Бұқпа» газеті бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола филиалының төрағасы.
«Жолбасы», «Жанымның жапырақтары», «Жырлайды жүрек», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Махаббат әні», «Жеті жыл», «Көкшетау қарлығаштары», «Ақиқат жолы алыс жол», «Самурайдың серт семсері», «Сәулем — менің ауылым» кітаптарының авторы. «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» драмалары Ақмола облыстық драма театрында қойылып жүр. «Сейіт-Бөкен», «Жәпек батыр» дастандары жарық көрген. 2006 жылы орыс тілінде «Путь к истине» деген атпен кітабы шықты.
Өлеңдері орыс, украин тілдеріне аударылған. Орыс, эстон ақындарының өлеңдерін қазақ тілше аударуға қатысты. 1980 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді. 1996 жылы Республикалық Журналистер одағының А. Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.
Қазақтың әйгілі ақыны Жақан Сыздықов, белгілі аудармашы Қажымұрат Сыздықов қатарлы шығармашыл әулеттен шыққан Төлеген Сыздықұлы ел мен жер тарихына, Көкшенің әйгілі тұлғаларына қатысты сүбелі туындылар жазып жүрген қарымды қаламгер.