Нұр-Cұлтанда шіркеуден ақша ұрлаған жігіт камераға түсіп қалды
Елордалық полицейлер ұрыны ізін суытпай қолға түсірді
Елордада шіркеуден ақша салынған сейф ұрланды, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен қаладағы аулалардың бірінен бұрын сотталған 29 жастағы Ақмола облысының тұрғынын қолға түсірді.
«Тергеу барысында 29 жастағы ер азамат ұрлықты түнде жасағаны анықталды. Ол шіркеудің терезесін сындырып, ақша сақталған сейфті ұрлап кеткен. Күдікті ұрлықты жасағанын мойындады», — деп жазылған хабарламада.
Қазіргі таңда сейф ақшасымен бірге заңды иесіне қайтарылды.
Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды. Тіркелген іс негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар ұсталған азаматтың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Елордалық полицейлер күдіктінің қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне (Бейбітшілік көшесі, 19) немесе 8 (7172) 71-60-24, 71-60-69, 102 телефондарына хабарласуды сұрайды.
sputniknews.kz