Қаламқас кенішінен шыққан өрт әлі сөндірілмеді

0

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) компаниясы Қаламқас кенішінен шыққан өртті ауыздықтай алмай отыр. Компанияның хабарлауынша, бұған өрт ошағына барар жолдың болмауы себеп.

«ҚазМұнайГаз» таратқан мәлімдемеде «өртті сөндіруге Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен екі өрт сөндіру компаниясының 53 қызметкері мен 12 техникасы жұмылдырылған. Бірақ өрт ошағына тікелей кіретін жолдар болмағандықтан, жалынды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр» делінген.

Компания дерегінше, «№8237 ұңғымасынан 16 наурыздан бері атқылаған газ-су қоспасы 25 наурызда сағат 5.46-да өртене бастаған».

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кенішіндегі ұңғымалардың бірінде апат болып, сыртқа газ-су қоспасы шықты деген ақпарат тараған. Оқиғаның 13 наурызда болғанын хабарлаған жергілікті экология департаменті жағдайдың жай-жапсары мен қоршаған ортаға әсерін анықтаймыз деп мәлімдеген.

«Қаламқас» кенішін барлаумен — «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы, бұрғылаумен «Si Bu» инженерлік бұрғылау компаниясы айналысады.

24 наурызда Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қаламқас» кенішінде болған апат себептері зерттеліп жатқанын хабарлаған.

Azattyq