Сұлтан Қалиұлы | өмірбаяны
Сұлтан Қалиұлы 1943 жылы 1 мамырда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында туған. 1961 жылы Жамбылдағы Абай атындағы педагогикалық училищені, 1967 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысы Шу ауданының №61 8 жылдық мектебіне мұғалім болудан бастаған. 1967–1973 жж. Қазақ радиосының музыка, балалар редакциясының редакторы, аға редакторы. 1973–1991 жж. «Балдырған» журналының жауапты хатшысы, 1991 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін «Ұлан» газетінің бас редакторы болды.
Негізінен балалар поэзиясы, сатиралық жанр саласында еңбек етеді. Жекелеген өлеңдері орыс, украин, өзбек, грузин, түрікмен, қарақалпақ, әзербайжан тілдеріне аударылып, «Сәлем саған, мектебім» атты кітабы 1983 жылы Фрунзе қаласындағы «Мектеп» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрді.
Оның аударуында қазақ тілінде С.Маршактың «Ақымақ тышқан туралы ертегі» (1973), С.Михалковтың «Степа ағай» (1978), Р.Ғамзатовтың «Менің атам» (1969, 1982) поэмалары, Р.Киплингтің бірнеше ертегісі «Пілдің баласы» деген атпен (1983), Бақытжан Момышұлының «Мен әлі сәбимін» повестері мен әңгімелері (1984), «Жанымның жарық жұлдызы» романы (1985) жеке кітап болып шыққан.
Сондай-ақ Я.Колас, А.Барто, Я.Бжехва, Дж.Родари, Я.Аким, Б.Заходер, Қ.Мұхамади, Қ.Тәңірқұлиев, Б.Асаналиев, т.б. өлеңдерін аударуға қатысқан.
«Еңбектегі ерлігі үшін» (1970), «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Ерен еңбегі үшін» (2008) медальдарымен марапатталған. ҚР Жастар одағы мен Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты (1997). «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен (1981), ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен (2000), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен (1981), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2003) марапатталған.
«Балалық шақ досы» – «Друг детства» бірінші ұлттық байқауының жеңімпазы (2007). Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы (2003).
Шығармалары: Сыныққа сылтау. Мысалдар. А., «Жазушы», 1967; Өлеңдер. Балаларға арналған. А., «Жазушы», 1968; Дүрбі. А., «Жазушы», 1970; Қасиетті тақия. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1972; Төлебай Әжімов. Очерк. А., «Жазушы», 1973; Сәлем саған, мектебім. А., «Жазушы», 1975; Кішкентай астрономдар. А., «Жалын», 1977; Теміртесер. Сықақтар мен мысалдар. А., «Жазушы», 1979; Бақыт деген не? А., «Жазушы», 1980; Мен мектепке барамын. А., «Жалын», 1982; Баспалдақ. А., «Жалын», 1984; Әйт, шу, тұлпарым. «Жалын», 1986; Скачи, мой аргамак. «Жалын», 1989; Қандай болып өсемін. «Балауса», 1994; Айналама қарасам. «Балалар әдебиеті», 2003; Бақыт құсы. Ертегілер. А., «Аруна», 2007; Қайсысы күшті? Өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар. А., «Раритет», 2008.
Қайнар көз: http://writers.kz