Нұрсұлтандықтар енді жаппай құжат ауыстыруы керек пе

0

 

Құжаттар өз кезегімен, мерзімі аяқталған кезде ауыстырылады екен.

Әділет министрі Марат Бекетаев Астана атауының Нұрсұлтан болып өзгеруіне байланысты қала тұрғындарының жаппай құжат ауыстыруы қажет емес деді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

– Жеке куәлік, туу туралы куәлік, дипломдар, жүргізуші куәліктерін бас салып, шұғыл түрде ауыстырудың қажеттілігі жоқ. Ондай құжаттар өз кезегімен, мерзімі аяқталған кезде ауыстырылады, – деді ол.

Оның айтуынша, қала атауының өзгергенінен тұрғындарына түк болмайды, әсіресе қаржы жағынан.

– Бұл бір үлкен проблема деп ойламаймын, өйткені ақылға қонымды мерзімдер болады, бірақ мерзімдер әлі бекітілген жоқ. Бұл өмір ғой, өзгерту мен ауыстыру өз кезегімен, асықтырылмай жасалады. Тарихта қала атаулары талай рет өзгерген, бір түнде бәрін өзгертіп тастамаймыз. Ақылға қонымды мерзімдер беріліп, соның ішінде атаулар өзгертіледі, – деді Бекетаев.

Министр бюджет есептеріне де тоқталды.

– Бұл жағдайда есеп-қисаптар жүргізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Неге? Өйткені шешімнің маңыздылығы оның құнын ойлаудан да жоғары тұр, бұл жерде әрбір тақтайшаны ауыстыру бағасын сөз етудің өзі тіпті орынсыз. Бәрі өз кезегімен ауыстырылады, – деп түйіндеді ол.

kaz.zakon.kz