Норвегия НАТО жаттығуына Ресейдің кедергі жасағанын мәлімдеді
Норвегияда былтыр күзде НАТО жаттығуы өткен кезде GPS навигациялық жүйесі жұмысына Ресейдің кедергі келтіргенін норвегиялық әскерилер қолындағы электронды мәліметтер дәлелдейді. Бұл туралы 18 наурызда Норвегия қорғаныс министрі мәлімдеді.
2018 жылы қарашада Норвегия мен Финляндия НАТО жаттығуы алдында және оның барысында GPS жүйесінің жұмысына араласқан болуы мүмкін деп Ресейден сезіктенген. Ресейдің араласуы Арктикадағы азаматтық әуе рейстерінің навигациясына да әсер еткен болуы ықтимал деп хабарлайды Reuters.
Осло мен Хельсинки Ресейге наразылық білдірді, бірақ Мәскеу айыптауларды теріске шығарды.
Дүйсенбі күні Норвегия қорғаныс министрі журналистерге Ресей сұратқан дәлел-айғақтың барлығын жібергенін айтты. Ресей әдейі араласуы мүмкін бе деген журналистер сұрағына министр кедергіні жасаған құрылғылар шекараға жақын тұста жұмыс істеген және операторлар оның шекараның арғы бетіне әсер ететінін білген деп жауап берді.