Ростислав Петров | өмірбаяны

0

Ростислав Петров Викторович 1932 жылы 1 наурызда Үрімші қаласында (ҚХР) туған. Әкесі мен шешесі 1920 жылдары Қытайға көшіп барып, 1938 жылға дейін Үрімші қаласында тұрған. 1938 жылы Гоминдан өкімет орындары бұларды Шыңжаңның Алтай округі Шарасуме қалашығына жер аударады. 1940–1944 жж. жергілікті орыс бастауыш мектебінде оқиды. 1944 жылы мектеп жабылады да, 1946 жылға дейін үйде оқып білім алады. Ал 1946 жылы Шығыс Түркістан Республикасы құрылған соң үй іші Құлжа қаласына көшеді. Құлжа қаласында КСРО Елшілігі жанындағы орталау мектепті, кейін КСРО азаматтары қоғамының Сталин атындағы орта мектебін 1951 жылы бітіріп, жұмысқа қалдырылады. Мұнда орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы, кейін оқу ісінің меңгерушісі, ақырында мектеп директоры болады. Сонымен бірге «Вестник народа» және «Новый путь» басылымдары редакцияларында қызмет атқарады.




1956 жылдан КСРО-ға көшіп келгенге дейін (1958) Құлжа қаласында КСРО азаматтары қоғамы тексеру комиссиясының төрағасы болады. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетін сырттай оқып бітірген.




Қазақ көркем әдебиет баспасында, кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі карта кәсіпорындарында корректор болып істейді. 1962 жылдан «Простор» журналының жауапты хатшысы болды.




Көрнекті ұйғыр жазушысы З.Сәмәдидің, Ж.Босақовтың, қазақ жазушысы М.Қабанбаевтың шығармаларын орыс тіліне аударған.

«Черный Иртыш» кітабы 1991 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген.


«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.