«Әбу-Даби Плаза» төңірегіндегі дау: Астанада 45 адам бір-ақ түнде жұмыссыз қалды – Қазақстан жаңалықтары

0
76

Астанада салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» төңірегінде тағы да дау туындады. Ғимараттың құрылысын жүргізген бұрынғы 45 қызметкері бір-ақ түнде жұмыссыз қалғандарын айтады.

«Әбу-Даби Плаза» төңірегіндегі дау: Астанада 45 адам бір-ақ түнде жұмыссыз қалды

Бұл туралы Atameken Business Channel арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Жұмысынан айырылған қызметкерлердің сөзінше, олар 12 наурызда жұмысқа келген кезде өздерінің компания қызметкерлерінің қатарында жоқ екенін біліпті. Олар өздеріне ешқандай ескерту жасалмағанын және ештеңе түсіндірілмегенін айтады.

«Сол жерде 3 жыл жұмыс істедім. 12 наурызда әдеттегідей жұмысқа келдім. Алайда турникеттен өте алмадым. «Әбу-Даби Плаза» басшылығы біздің бейдждерімізді жарамсыз етіп тастаған. Олар ешқандай ескерту жасамады. Біз істеп жүрген «Строй Контракт» компаниясы бұл туралы бізбен бірге білді», – дейді Венера Дадыбаева.

Сонымен қатар компанияның бұрынғы қызметкерлері соңғы 2 айдың жалақысын алмағандарын айтып отыр. Ал «Строй Контракт» өкілдері болған жайтқа шетелдік компанияның басшылығын кінәлайды.

«Негізгі тапсырыс беруші сол қызметкерлердің жұымысына разы болмады. Сондықтан бізге олардың нашар жұмыс істейтіні, оларды жұмыстан шығару керектігі бір күн бұрын ғана хабарланды. Оларға үш күн ішінде жалақысы төленеді», – дейді компанияның ресми өкілі Марина Лебезина.

Заңға сәйкес, 12 науруызда жұмысынан шығарылған қызметкерлер жалақысын 15 наурызда алуы тиіс болған.

Заңгер Бағдат Нұрбаев қазақстандық компаниялар шетелдік әріптестерімен келісімшарт жасасқанда жауапкершілікпен қарап, өз жұмысшыларына қатер төндірмеуі керектігіне сенімді.

«Бұл жағдайға келер болсақ, еңбек туралы заңға сәйкес, жұмыс беруші жұмысшыларға қысқарту туралы бір ай бұрын хабарлауы тиіс. Еңбек заңнамасын бұзушылықтар бар. Жұмысшылар еңбек инспекциясына жүгініп, өз құқықтарын қорғауға құқылы деп ойлаймын», – дейді Нұрбаев.

Аяқ астынан жұмыссыз қалған 45 адам өздерінің несиесі, отбасы, бала-шағасы бар екенін айтады. Сондықтан бұл жағдайдың мән-жайы анықталады деп сенеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz