«Nur Otan»-ның алдағы жұмыстарының негізгі бағыты белгілі болды

0

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев партияның кезекті XVIII съезінде қабылданған жаңа Бағдарламасын жүзеге асыру барысына назар аударды. Аталған құжатта «Nur Otan»-ның алдағы он жылға арналған нақты 10 мақсаты көрсетілгенін айтқан ол барлық мақсат азаматтардың әл-ауқатын арттыруға тікелей бағытталғанын жеткізді.

– Бағдарлама алдын ала дайындалатын жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Жоспарда іс-шаралардың нақты мақсаты мен мазмұны көрсетіледі. Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп сол құжатты дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта жоспар аймақтарға жіберіледі. Соған сәйкес партия бағдарламасындағы барлық индикаторлар өңірлердің даму жоспарына енгізілуі тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысының Съезде анықтап берген «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобалары туралы да айтты.

– Алдағы уақытта осы төрт жоба партия жұмысының негізгі бағыты болады. Бұл бастамаларды ұлттық жобалар десек те, артық емес. Себебі, аталған жобалар халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, өңірлерді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді қамтиды. Сондықтан партияның Орталық, аймақтық және аумақтық құрылымдары осы жобаларды тиімді жүзеге асыруға күш жұмсауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Nur Otan»-ның халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір болу керектігіне көңіл бөлді.

– Съезден кейін партияның ел дамуындағы рөлі одан әрі арта түсті. Елбасы бізге ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Халықтың да съезде айтылған шаралардан үлкен үміт күтетіні белгілі. Сондықтан партия жаңа қарқынмен, ерекше екпінмен жұмыс істеуі керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жиында партия Хатшылары қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 4 әлеуметтік жобаны жүзеге асырудың тиімді жолдары туралы кеңінен баяндап берді.

Abai.kz

Abai.kz