Әкемтеатрдың Түркияға сапары табысты болды
М.Әуезов атындағы еліміздің бас қазақ театры Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түбіміз бір Түрік еліне гастрольдік сапармен барып табысты оралды.
Мәдениет және спорт министрлігінің және М.Әуезов театры әкімшілігінің қолдауымен жалпы түркі әлеміне ортақ абыз атасы, қобыз атасы Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын қойып, үлкен қошеметке бөленіп қайтты.
Бізбен сұхбат барысында М.Әуезов театры бұл сапарда екі елдің, жалпы түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайтып, халықаралық фестивальде қазақ театры әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алғанын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың актері Бекжан Тұрыс айтып берді.
-Елбасымыз, жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет жобасын іске асыруды өзінің халыққа үндеуінде міндеттеген болатын. Жалпы, мәдениетіміздің озық түрлерін әлемдік деңгейге көтерілуі, бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейде қызмет ету біздің театр үшін де, ұлт үшін де өте маңызды. Мәдениет ұлттың ар-намысы, жүрегі, болмысы болғандықтан, бір жылдың ішінде біздің театр халықаралық екі-үш сапарларға шығып өнер көрсетті.
Міне, түбіміз бір Түрік елінің оңтүстігінде орналасқан Адана қаласында өнерімізді көрсетіп үлкен бір қошеметке бөленіп қайттық. Жалпы екі елдің, түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайту барысында осы шараға біздің театр әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алды дей ойлаймын!, -деді Бекжан Тұрыс.
Түбіміз бір түркі елдер болған соң, екі елдің ынтымағы тәуелсіздік жылдары жылдан жылға арта түсуде. Қойылымда басты роль – Қорқытты сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда қойылым аяқталған соң, жиналған барлық түрік бауырлардың, Адана сахнасында қойылымды тамашалаған көрермендердің алдында қазақ халқы ең алғаш егемендігін алған кезде, ең бірінші егемендігін танып, алғаш рет қолдау көрсеткен түркі халқы екенін, оны ешқашанда қазақ халқы ұмытпайтынын айтты. Қазақ пен Түрік мемлекетінің арасындағы достық, мәдени байланыстық содан бері өзінің жалғасын тауып келе жатқанын, Әкемтеатр ұжымы Түркия елінде осыменен төртінші рет гастрольдік сапармен келіп жатқанын және осындай үлкен мүмкіншілік туғызған екі елдің елшіліктеріне, мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді.
Сапар барысында түбі бір түркі халықтарын жақындату мақсатында Адана қаласында театр фестивалінен бөлек, кино фестивальдерде ұйымдастырылатынын білдік. Олардың мәдени өмірімен танысып, екі ел арасындағы барыс-келістің өмірдің барлық саласында да кеңінен қанат жайып жатқанын сездік. Театрымыздың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай жалпы түркі әлеміне ортақ Қорқыт туралы қойылымы мен актерларымыздың шеберлігіне түрік ағайындардың ықыласынан өте жоғары баға бергендерін байқағанын, қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екенін дәлелдегенін айтты.
-Осының алдында Франция еліне барып келдік. Бірақ елден сыртқа шыққан кезде міндетті түрде театр ұжымының алдында үлкен жауапкершілік болады. Себебі мұндай халықаралық фестивальдерге келгеннен кейін, жүректе бір серпілістер болады. Спектакль бөтен жерде қалай өтеді екен деп ойлайсың. Құдайға шүкір қойылымды сәтті қойдық.
Қол шапалақтағандарынан, жылы лебіздерінен, қойылымды тамашалаған адамдардың жүздеріндегі көтеріңкі көңіл күйлерінен шындығында да қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екен деген ой түйгіздік деп ойлаймын. Бұрыннан дүние жүзін таң қалдырып келе жатқан қазақ театры, сол қалпынан айырыла қойған жоқ екенін дәлелдедік. Театрдың әртістері бар күштерін салды. Сыншылар, театр директорлары, лебіз білдіргендердің барлығы нағыз театрды көрдік деп айтып жатты. Елімізге үлкен мақтанышпен қайттық, — дейді Бауыржан Қаптағай.
Сапар барысында М.Әуезов театры бауырлас түркі халықтарының рухани құндылықтарын, мәдени байланысын одан әрі өрістетіп, мәдени-рухани тәжірибе алмасуды жалғастыруда түркі әлеміне ортақ абыз, қобыз атасы Қорқыт туралы қойылым арқылы лайықты үлес қосып қайтқанын атап өткіміз келеді.
Түбіміз бір Түрік халқымен қарым-қатынасымыз тарихы тереңінен бастау алып, ол байланыс жыл сайын жоғары деңгейде жалғасын тауып келеді. Түркияға жасаған сапарымыз да соның бір айғағы. Қорыта айтқанда, туыс түрік елінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, мәдени өміріне қанығып, елге көтеріңкі көңілмен қайттық.
Әділғазы Бақытұлы
Түркия сапары күнделігінен…