Қоғамына қарай пәтуасы
Мысырда 57 мұсылман елінің өкілі жиналды. Каирдегі халықаралық конференцияның тақырыбы пәтуаға арналды. Атап айтқанда, «Кейбір пәтуаларды жаңарту: теория және практика». Заман мен қоғамға қарай өзгеретін пәтуаларға тоқталып, ислам ғалымдары арасында талқыланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан Халықаралық қатынастар және хаттама бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы Ершат Оңғаров қатысып келді. Сапардан соң теологпен тілдесудің сәті түсті.
Баршаға ортақ пәтуа бола ма?
Конференция үш күнге жалғасты. Бас-аяғы сегіз тақырып қамтылды. Басты тоқетері – Ислам дінін ұстанушы жамағат тарапынан сұраныс түскен мәселелерге дер кезінде пәтуа шығару. Оның бүгінгі жаһандану дәуірінде бір ізге түскені жөн. Бір-бірімен үйлесіп тұрғаны дұрыс. Пәтуа Құранға, сүннетке, ижмағқа (мұсылман ғұламаларының бір мәселе төңірегіндегі көзқарастарының бір нүктеге шоғырлануы), қиясқа (ұқсастық бойынша үкім шығару) негізделеді. Яғни, пәтуа шығару процесінде бірқатар критерийлер болады. Енді бірі – салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен санасу. Мәселен, бір қоғамға шығарылатын пәтуа келесі біріне жарай бермейді. Мекке мен Медина халқының дін ұстануын, мұсылмандық деңгейін басқа елдермен салыстыра алмаймыз. Өйткені ол – Құран түскен жер, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мешіті бар. Тұрғындарының түгелі – мұсылман. Қазақстан секілді көпконфессиялы, көпұлтты елдерге Меккенің пәтуасын жүргізуге келмейді. Мысырда өткен жиында осы мәселеге басты назар аударылды. Бір тақырыптағы пәтуа қоғамына, заманына қарай өзгеруі мүмкін.
Екінші мәселе – Ислам атын жамылып пәтуа беретіндерге тойтарыс беру. Әсіресе, ДАИШ-тың ғалымсымақтарының өзі 1300 мәселеге қатысты пәтуа қабылдаған екен. Оның барлығы өз мүдделері үшін экстремистік бағытта. Пәтуа беруші ұйымдар осыларды зерттей келе халыққа дұрысын жеткізу керегін айтып отыр. Сонымен бірге ғалымдардың ауызбіршілігі маңызды. Әсіресе, қазіргідей терроризм өршіп тұрған заманда қажет-ақ. Бірізділік дегенде мысал үшін экстремизмге қатысты пәтуаларды айтуға болады. Үрей тудыру арқылы діннің атын жамылып, геосаяси мақсаттарына жету үшін жасап жатқан әрекеттеріне барлық жерге жарайтын пәтуа шығаруға болады. Міне, бәрі бірдей бірізге түсірілмесе де, осындай мәселелерде ортақ шешім қабылданады. Терроризмнен бөлек медицина, қаржы салаларындағы сұрақтардың жауабы бірдей келеді. Отбасы, әлеуметтік даму мәселелерінде пәтуалар қоғамына қарай өзгереді. Оларды жоғарыдағыдай бір ізге салу мүмкін емес.
Бізде процесс қалай жүреді?
2016 жылы «Пәтуалар жинағының» бірінші кітабы жарық көрді. Оған ел ішінде сұранысқа ие мәселелер енді. Айталық, ағзаны ауыстыру, жасанды ұрықтандыру, қыз алып қашу, зайырлы білім алу және т.б сұрақтардың шариғи үкімін жарияладық. Мұндай жинақтарға тек таңдаулы пәтуалар ғана енеді. Одан бөлек, күнделікті түрлі сұрақтар түсіп жатады. Оларға жауап беру үшін де біршама ізденіс керек. Ал пәтуа шығару процесі тіптен күрделі. Әлеуметтік желі пайда болғалы ақпараттың таралу жылдамдығы артты. Мысалы, араб елдерінде түйенің зәрімен емдейді. Ол жақта емнің бұл түрі ұлттық медицина деп қарастырылады. Соны интернеттен көріп алып, ел біраз дүрлікті. ҚМДБ-ның жанында Ғұламалар кеңесі құрылған. Яғни, кез келген пәтуа осы кеңестің талқысына түседі. Барлығы бірауыздан бекіткен жағдайда ғана жалпы жұртқа жарияланады.
Ел ішінде бірізділіктің болуы міндетті әрі маңызды. Қазақстандағы имамдардың барлығы Діни басқарманың пәтуасына сүйеніп қана сауалдарға жауап беруі тиіс. Өйткені әркім әртүрлі жерден ізденіп, білгенінше айтуына болмайды. Мәселен, адам қайтыс болғанда жаназа шығару мен жерлеу рәсімдеріне қатысты пәтуа шығып, Қазақстан бойынша бірізге түсірілді. Өйткені осы уақытқа дейін әр өңірде әртүрлі орындалып жүрді. Соның салдарынан жамағат қырықпышақ болып тартысады. Міне, осындай мәселелерде ауызбіршілік керек. 2017 жылы басқарма «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деген кітап шығарды. Ішінде барлығы толық қамтылған. ҚМДБ-да пәтуа дайындау әдістемесі жоспарлы жұмыспен және қоғам тарапынан сұранысқа ие болған мәселелерге қарай іске асып отырады.
Әйел талақ бере ала ма?
Басқармада пәтуа бөлімінде 6 маман жұмыс істейді. Оған сауалын қойып келетін адамдардың қарасы үзілмейді. Көпшілігі отбасылық мәселелер бойынша келеді. Әсіресе, жат ағым өкілдері некені ойыншыққа айналдырды. Қыз баланың басын айналдырып, некеге отырады. АХАЖ-дан өтпейді, демек мойнына ешқандай жауапкершілік жүктемейді. Мәселен, тәкфир жамағатында намаз оқымайтын ата-анасын, өз жамағатының идеологиясымен келіспегенді кәпір деу арқылы қызды адастырады. «Әке-шешең – кәпір, оларды тыңдама. Шешімді өзің шығаруыңа болады» деп некеге апарады. Қыз сәл ұнамай қалса, талақ қылады. Заң алдында міндеттемесі жоқ. Сонымен бірге, әйелінің алдындағы мұсылмандық борышын өтемей, сөйте тұра талақ бермей өзіне тәуелді етіп ұстайтындар да бар. Осы ретте мына пәтуаны айта кету керек: жат ағым жетегінде жүрген адам әйел алып, оған талақ бермей жүр делік. Не асырамайды, не ақысын бермейді. Некеге байлап ұстап алған. Заң бойынша ажырасайын десе, некесі тіркелмеген.
Қыз өз еркімен басын қалай босатып алады? Дінімізде «хулуғ» деген бар. Яғни, әйел адамның талақ сұрауы. Пәтуа бөліміне келіп, жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, дәлелдеп беру керек. Сол жағдайда некені бұзуға болады. Ғұламалар кеңесі осындай мәмілеге келді. Жат ағымдағылар мешітке келіп неке қимайды. Рәсім өз араларында өтеді. Тіпті телефон арқылы некелескен жағдайлар да бар екен. Діни басқарманың пәтуасы – біреуді міндеттеу емес, сұранысқа жауап беру. Қоғамда «Біреуге міндеттейтіндей бұл қандай мекеме?» деген пікір бар. Мақсат – исламды ұстанып, Алланың алдында өзін таза ұстағысы келген адамдарға жол көрсету. Пәтуа Құдайдан қорыққанға қажет.
«Халал» стандарт қалай беріледі?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – республикалық бірлестік, бақылау органы емес. Сұраныс туғанына қарай жұмыс атқарылады. Бізде «Халал» өнімдерін стандарттау бөлімі бар. Сұрақтардың көбі осы адал асқа қатысты келіп түседі. Алла Тағала Құранда: «Сендерге берген нығметтің жақсысын жеңдер. Арамынан ұзақ болыңдар», – дейді. Осы тұрғыдан алғанда сертификаттау – күрделі, ДНК деңгейінде тексеретін зертхананың шешімі арқылы жүзеге асатын процесс. Қазіргі таңда 250-ден астам мекемеде халал стандарт бар. ҚМДБ эмблемасы тұрған өнімдерге сеніммен қарауға болады. Өйткені стандарт берілген соң жүйелі түрде тексеріс жасалып тұрады. Қазақстанның әр аймағында мамандар бар. Егер ағаттық шығып жатса, сертификатты қайтарып алады. Халық арасында үлкен сенімге ие болып келеді. Сондықтан кәсіпкерлер халал белгісін алуға ниет білдіріп, мүдделі болып отыр.
«Қызсың ғой, оқып қайтесің» деген дұрыс па?
Шариғатта білім алу әр мұсылман ер мен әйелге парыз етілді. Мұсылманның қырық парызының бірі. Құранда Алла Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», – дейді. Яғни, білетіндердің дәрежесі биік. Білім адамның қадірін көтереді. Демек, ерлер ғана деген әңгіме жоқ. Мұсылман ер адамға қандай парыз болса, әйелге де білім алу қажет. Өйткені ол – шаңырақтағы бала тәрбиелеуші. Шариғат бойынша оның көзі ашық болуы, Алласын тануы керек. Діни әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі тиіс. Ол үшін әйелге жоғары интеллект қажет.
Ислам білім алуға насихаттайды. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Кейбір топтар пәрменін арттырып, әйелді тәуелді етіп ұстау үшін «әйелге білім алып қажет емес, бала туып үйде отырса болады» дейтін болар. Дініміздің тарихына көз жүгіртейік. Құраннан кейінгі хадис жинақтары – ислам негізі. Осы сахих хадистерді риуаят етуші ерлермен бірге Айша анамыз (р.а) қоса жүреді. Тіпті ең көп хадис риуаят еткендердің қатарына жатқызылады. Мұндағы хикмет әйел адамдарға да білім алып, іздену керек.