Ұлттық валюта күні: теңгенің 25 жылдағы тарихы
Ұлттық валютаның айналымға енгеніне биыл 25 жыл толып отыр
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің айғағы – Ұлттық валюта күні. Осыдан тура 25 жыл бұрын төл теңгеміз айналымға еніп, ұлттық валютаның тарихы басталған еді. Sputnik Қазақстан ширек ғасырда теңгенің қалай өзгергеніне шолу жасады.
Ұлыбританиядан жеткен алғашқы теңге
1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Араға үш күн салып, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізіледі. 1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8.00-ден қазақстандықтар банктерге ағылып, ұзын-сонар кезекте тұрып, қолдарында ескі ақшаны жаңа валютаға айырбастай бастайды. Ескі ақшаны айырбастау процесі 20 қарашада кешкі 20.00-де аяқталады. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері мен мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сомға бекітілді.
Қазақстан КСРО ыдырығаннан кейін «рубль аймағынан» бірден шығып кете алмады. Себебі өз банкнотасын шығаратын жеке фабрикасы мен Монета сарайы жоқ еді. Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу жұмыстары 1992 жылы-ақ басталып кеткен болатын. Сол жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне ұлттық валютаны әзірлеуге кіріскен Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Алғашқы төл теңгеміз Ұлыбританияның әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Тұманды Альбион елінен ұлттық валютаны Қазақстанға жеткізу құпия жолмен жүргізілді. Құжаттардың барлығына » Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына қажетті мүлік» деп жазылған. Ұлттық валютаның алғашқы партияларын сақтау үшін облыстарда жерасты қойма дайындалды. Сегіз күн ішінде валюта облыстар мен аудандардағы банктерге түгелдей таратылды.
Қазақстанда жаңа мереке пайда болды
Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. 1995 жылдың мамырында тұңғыш банкнот фабрикасын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып ашты. Қазір банкнота Ұлттық банктің Алматыдағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
Қазақ теңгесі қалай өзгерді?
Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені есімізде. Атап айтсақ, оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болған.
Кейіннен 2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Жаңа үлгідегі банкноттар бірыңғай стильде жасалды. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталған. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды.
Жаңа банкноталарда қорғаныш қабаты күшейді. Себебі оңай олжаға кенелгісі келетіндер валютаны қолдан жасаудан тайынбайтыны белгілі.
Қазақ валютасы ерекше дизайнымен түрлі байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленіп келеді. Мәселен, Халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы «Қазақ Елі» сериясынан шыққан 5 000 теңгелік банкнот та екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкноты да «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын алды.
Девальвация: 4,75 теңгеден 375,9 теңгеге дейін
Теңге алғаш рет айналымға енген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілген еді. Содан бері ұлттық валюта бірнеше рет құлдырады.
Алғаш рет төл теңгеміз 1999 жылдың сәуірінде құнсызданды. Сол кездегі Қазақстанның премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк басшысы Қадыржан Дамитов теледидардан теңгенің еркін айырбас бағамына өткенін хабарлайды. Бірқатар сарапшы девальвацияны 1998 жылдың күзінен бері болжалаған еді, бірақ валюта нарығында ешқандай дүрлігу байқалған жоқ: халық пен бизнесте шетелдік валютаны көбірек сатып алу үшін жеткілікті қаржы ресурсы болған жоқ. Сол кезде Балғымбаев мәлімдегендей, теңгенің еркін айырбас бағамына өту көрші елдердің экономикалық саясаты мен сыртқы факторлармен негізделген мәжбүрлі шара болатын.
Kaspi банктің басшысы мәлімдеме жасады
Ақыр аяғында келесі күні бір доллар 150-160 теңге деңгейінде болды, ал бір күн бұрын америкалық валюта 88 теңгеге сатылған еді. 1999 жылдың тамызында айырбас бағамы тұрақталып, долларына 130-135 теңге шамасында сақталды. Кейін теңге біртіндеп құлдырап, 2002 жылы 156 теңгеге жетіп тоқтады.
Екінші девальвация 2009 жылдың ақпанында болды. Бұл кезде төл теңгеміздің құны 25 процентке түсіп кеткен еді. Бірнеше сағат ішінде айырбас пунктерінде доллар құны 128 теңгеден 170 теңгеге дейін өсті, ал кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 150 теңге деңгейінде орнады.
Араға бес жыл салып, ұлттық валютамыз тағы құлдырады. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 155,5 теңгеден 185 теңгеге дейін өсті. Ұлттық банк теңгенің бұлайша құлдырауын әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы ахуалмен түсіндірген еді.
2015 жылдың тамызында қазақстандықтар бүгінгі таңдағы төртінші әрі соңғы девальвацияға куә болды. Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберіп, жаңа ақша-несие саясатын бастады. Бұл жаңалықтан кейін теңгенің биржалық бағамы бір тәулікте 26%-ке түсіп, доллар 255 теңгеден сатыла бастады.
Бүгін 15 қарашадағы жағдай бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 375,9 теңгені құрап отыр.