шымкенттік әйел 12 баласын үй иесінен қалай жасырғанын айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

8 0 0

Отыз төрт жастағы көп балалы ана 13 жасында тұрмысқа шыққан. Бүгінде тұңғышы 20 жаста

АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. 34 жастағы шымкенттік Айсұлу Жәлелқызы бүгінде он екі баланың анасы. 13 жасында өзі бұрын-соңды танымаған азаматқа тұрмысқа шығып, он төрт жасында тұңғышын босанған. Бүгінде балаларының алды 20 жаста.

Ерте тұрмыс құруына анасынан айырылып, әкесі екеуінің тұрмысы нашар болуы себеп болған. Мектепте екі сыныпты ғана тәмамдап, әкесіне мұздай су сатып көмектескен. Кейін әкесінің қалауымен 18 жастағы ер адаммен отбасын құрады. Ираннан көшіп келген отбасы бүгінде жағдайының мүшкіл екенін айтады. Себебі ешкім он екі баласы бар отбасыға үйін жалға бергісі келмейді.

«Мені ешкім пәтерге тұрғызбайды. «Қанша балаң бар?» деп сұрайды. Он екі екенін білген кезде «Жоқ, үйім бос емес еді» деп айтады. Бір сылтау табады. Берейін деп тұрған жерден айнып қалады. Жұмысқа кеткен кезде қатты уайымдаймын. «Пәтердің иесі келіп қалмады ма екен? Көріп қалмады ма екен? Тағы да далада қалып қалмаймын ба?» дегендей. Жұмыста ішкен асым батпай, қан ішкендей боламын.

Тағы оқыңыз: Алматыда 2 процентпен ипотека алуға болады

Балаларым да үйдің иесі келсе қорқып, шкаф пен душқа тығыла бастайды. Кейде, тіпті, көрпе-төсектің арасына тегістеп жатқызып қоятынмын. 12 баламен жалдамалы пәтерге тұрғыза бермейді. Сол себепті интернатқа бергенмін. Бала-шағам қаламаса да, амал жоқ. Баспана сұраймын, бала-шағамның бірге қасымда күліп-ойнап жүргенін қалаймын», — дейді көпбалалы ана Айсұлу Жәлелқызы Қазақстан арнасының «Шаңырақ» бағдарламасында.

Көпбалалы ананың көршісі де отбасының жағдайы мүшкіл екенін және еш қолдаушысының жоқ екенін айтады. Ал адвокат Абзал Құспан, ең алдымен, ерте тұрмысқа шығуы заңға қарама-қайшы екенін жеткізді. Бірнеше заң талабының орындалмай отырғанына, мұның мемлекетке зардабы тиетініне тоқталды.

«Азаматтар шыққан заңды елемесе, кейін басқалар тарапынан мемлекетке деген сенімсіздік пайда болады. Оны заң жүзінде құқықтық нигилизм деп айтады. Адам туған сәттен бастап құқық қабілеттілігі, 18 жастан бастап әрекет қабілеттілігі деген пайда болады. Азаматтық кодекске сәйкес, ерекше жағдайларда ғана 16 жастан бастап некелесуге рұқсат етіледі. Яғни мұнда «Неке және отбасы» заңының бірнеше талабы бұзылып отыр», — деді адвокат.

Сондай-ақ, ол дәл қазір отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың маңызы зор екенін айтып өтті.

Тағы оқыңыз: Жас келіншек бірден жеті бала босанды

Қазақстандық «Қарекет» қайырымдылық қорының өкілдері көпбала ана Айсұлу Жәлелқызын жаңалығымен қуантты. Екі ай бұрын отбасы туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы тауып, тізімге алған. Бағдарлама барысында қор өкілдері 12 баланың анасына Шымкент қаласынан бес бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Қор өкілдерінің айтуынша, баспанаға ақша «1000 теңгеге баспана» акциясының негізінде жиналған. Қуанышы қойнына сыймаған Айсұлу Жәлелқызы көзіне жас алып, бұл жаңалыққа сене алмай отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, қол ұшын созған барша қазақ халқына алғыс білдірді. 



sputniknews.kz