Мен және менің отбасым сценарий
МЕН және МЕНІҢ ОТБАСЫМ
Төменгі сынып оқушыларына арналған әдеби-музыкалық кеш.
Дайындық кезеңі: Балаларға алдын-ала отбасы мүшелеріне арнап өлең шумақтарын, ән жаттап келуге тапсырма беріледі.
Безендірілуі: кітап көрмесі жасалып, отбасы мүшелері туралы нақыл сөздер, гүл, шар, суреттер т.б. ілінген.
(Ақырын ғана «Балбырауын» күйі ойналады, ортаға жүргізуші шығады).
Жүргізуші: Сәлем, ата – алтын күн
Сәлем, қарты халқымның!
Бақытты болғын балалар,
Ашық болсын күніңіз!
Жайнай берсін жүзіңіз! – дей келіп,
«Мен және менің отбасым » деп аталатын мерекемізді бастаймыз.
Бүгінгі мейрамымызды біз өзіміздің ата-әжелеріміз, ана мен әкелерімізге арнаймыз. (Сырттан иттің үрген дауысы шығады).
Міне менің көмекшім де келіп қалыпты ғой! Кір, кір қуаныштымыз.
Күшік: Мен күшікпін, ақ күшік!
Қырағы да, сақ күшік.
Түні бойы жатпаймын,
Қоралы малды сақтаймын.
Әжем мені мақтайды,
Тамағымнан қақпайды.
Ақылды итке санайды,
Аппақ жүнімді тарайды.
Мен де оған еркелеп,
Әжеме жылы қараймын.
Мен күшікпін, ақ күшік!
Қырағы да, сақ күшік.
Түні бойы жатпаймын,
Қоралы малды сақтаймын.
(Өтебай Тұрманжановтың өлеңінен өзгертіліп алынған).
Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен сіздерге арнап бір қоржын жұмбақтар алып келдім.
Жүргізуші:
— Өте жақсы. Балалар, сендер жұмбақтарды шешкенді ұнатасыңдар ма?
— Ия!
— Олай болса менің көмекшім сендерге жұмбақтар жасырады, сендер оларды шешуге тырысыңдар.
Күшік:
— Менің де қоятын шарттарым бар. Менің қойған жұмбақтарымның жауабын тауып, жауабыма сай өлең жолдарын оқып, ән салып беріңдер.
1-жұмбақ:
Кітапты көп оқитын, қызықты тарихи оқиғаларды жақсы білетін, мақал-мәтелдерді жиі қолданып сөйлейтін, немерелерін еркелетіп, үнемі қасынан тастамай ертіп жүретін Ақ сақалды кісіні кім дейміз?
(АТА)
2- жұмбақ:
Айтары мол ғұлама,
Көп жасаған бұл адам.
Әкесі ол әкеңнің
Білер оны сұраған. Ол кім?
( Атаң)
Енді Ақкүшік, мен тақпақтар айтып берейінші?
Ал, бәріміз тыңдайық! Айта ғой.
1. Бала: Ата
Айтады ертек жан атам,
Ақ сақалын салалап.
Құмарымды тарқатам,
Жер мен көкті аралап.
Ертегілер еліне,
Бір шегетін сапары,
Ардақтаймын өмірде,
Асқар таудай атамды.
2.Бала: Біздің атай
Күлімдейді келіп бар бала,
Қоршайды оны айнала!
Алаңда, бақта, сайда да,
Солармен бірге қайда да.
Мойнына бірін мінгізіп,
Біріне бетін сүйгізіп.
Көкірегінде күн жүзіп,
Көреді күнде мың қызық.
Ойнатып бәрін келеді,
Ойыншық әкеп береді.
Көңілі қандай таза еді,
Жүрегі қандай кең еді!
3 — Жұмбақ: Бұл кім?
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған;
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған;
Аялы қолда талпынтқан;
Айналасына ас қойып,
Өзенді көлдей шалқытқан;
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Қаймақты сүттей қалқытқан;
Суық болса жөргегін,
Қорғасындай балқытқан;
Бұл кім? (Ана)
Ыбырай Алтынсарин
Әлпештеп өзіңдей өсірген,
Нағашы әжеңнің баласы.
Төрінде жалпиып көсілген,
Бұл күнде жиеннің анасы
Ол кім?
(Анаң)
Жүргізуші: Балалар, аналарың сендерді қалай еркелетеді? (Балапаным, аппағым, қозым, ботам, құлыншағым, қарғам…). Ал енді аналарымызға арнап ән шашуын шашайық!
1. Бала: Ана туралы жыр
(Әні бар)
Әлемнің жарығын
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым
Өзіңе арналған.
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісін.
Самал жел, сая бақ
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңліңді көктемдей
Көзіңнен танимын.
Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым,
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені,
Сыйлар ем ай, күнін,
Қолыма түспеді.
Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім –
Балалық махаббат,
Балалық жүрегім.
Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар
Өзіңе арнаған
Әнімді қосып ал.
Ғафу Қайырбеков
Абзал ана
Өлеңін жазған – Ж. Молдағалиев
Әнін жазған – Б. Дәлденбаев
Солғанша гүлім күнде тоңып,
«Ана!», «Ана!» деп ән салам
Кетейін мейлі жүзге толып,
Бөбекпін мен саған.
Қайырмасы:
Ана, ана, ана,
Мәңгі дос сен ғана.
Абзал ана, ана,
Көңілің кең дала.
Данасың сен,
Дарасың сен.
Анажан аңсаған,
Арналды ән саған.
Қарызбын әжім, ақ шашыңа,
Көзіңнің жасына.
Өзіңсің бақыт бақшасы да,
Өмірдің басы да.
Жүргізушы: Біз үшін ең қымбатты, ең ардақты адам кім? (АНА)
Сондықтан анамызға арнап алғысымызды айтайық.
2-Бала: Анамызға мың алғыс
Аялаған, баптаған,
Асыраған сақтаған.
Сақтандырып күнде еппен,
Айтып бәрін үйреткен
Анамызға мың алғыс!
Ерлік еткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін,
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді.
Анамызға мың алғыс!
«Адал бол, — деп, — балдырған»,
Әділдікке баулыған.
Жүрегінде – махаббат,
Тілегінде – марқабат
Анамызға мың алғыс!
Жаппар Өмірбеков.
4 — ші жұмбақ:
— Өзі салмақты, байсалды, бос уақытын балалармен өткізгенді жақсы көреді, циркке, т.б. жерлерге апарады, отбасын қорғаушы, асыраушы, сақтаушы. Ол кім? (ӘКЕ).
5 – ші жұмбақ:
Атаңның баласы
Кей кезде таласып,
Қаласың әжеге
Білгенің асады кәдеге?
Ол кім?
(Әкең)
1-Бала: Әке
Атам айтса «Ұлым» деп,
Әжем айтар «Күнім» деп,
Екеуінен қаймығып,
Айтады әкем «Інім» деп.
Ықыласы бір менде,
Бір шытпайды қабағын.
Үйде, түзде жүргенде,
Соған ұқсап бағамын.
2-Бала: Жан әке
Өлеңін жазған –Х.Талғаров
Әнін жазған – М.Ілиясов
Қамқорсың, әке, өмірде,
Қуатым – сенсің көңілге.
Әлпештеп мені өсірдің,
Ұшармын ертең көгіңде.
Қайырмасы:
Аңсадым жылы сөзіңді,
Ақылшым болған кезіңді.
Есімде, әке, сақтаймын,
Асқар биік өзіңді.
Арманың едім аңсаған,
Әкелем бақыт мен саған.
Ұрпағың болып жалғастым,
Қуаншы, әке, сен соған.
Қайырмасы:
Теңіздей шалқып жүремін,
Сүйенер сенсің – тірегім.
Барсам да қайда, жан әке,
Өзіңмен бірге жүрегім!
Қайырмасы.
6 -шы жұмбақ.
— Ол өте мейірімді, ақ шашты, дәмді тағамдар, тәтті бауырсақ пісіреді, бізге жылы қолғап, шұлық тоқиды, ұйықтар алдында ән немесе ертегі айтып береді. Бұл кім? (ӘЖЕ).
7 – жұмбақ:
Аймалайды күнім деп,
Мейірімді жүзі күлімдеп.
Тәтті – ақ дейді немере
Бал шырындай үнің деп.
Ол кім?
(Әжең)
— Ал сендердің әжелерің не істей алады? (Балалардың жауабы). Енді әжелеріңізге арнап өлеңдер айтып берейік.
1-Бала: Әже ақылы
Әжем – Ақыл бесігі,
Мейірімімен тербеткен.
Мен де ақылды боламын,
Аман-есен ержетсем.
Менің әжем.
Маған ақыл беретін,
Әжем менің асыл жан,
Сипап жақсы көретін,
«Құлыным» деп басымнан.
Жақсылыққа үйретіп,
Жамандықтан шектейді,
Ертегі айтып беретін,
Әжеге ешкім жетпейді.
2-Бала: Әрқашан, әже, аман жүр
Өлеңін жазған- М.Көбегенов
Әнін жазған- Ә.Қиясов
Гүліндей боп өзің сүйген өлкенің,
Әже, сенің жігіт болды тентегің.
Мұхиттарға сапар шегіп барамын,
Арманымның көтеріп ақ желкенін.
Қайырмасы:
Өзіңнің ерке балаң бұл,
Арнайды бүгін саған жыр.
Жақсылық тілеп жолыма
Әрқашан, әже, аман жүр.
Аяладың, мәпеледің жасымнан,
Мен де сенің табылушы ем қасыңнан.
Қуаныш қып менің өскен бойымды,
Естен кетпес сипайтының басымнан.
Қайырмасы
Көңіліңді торламасын қайғы-мұң,
Аққу-қаздан арылмасын айдының.
Ақ жаулығың ақша бұлттай желбіреп,
Қуанышпен қарсы ала бер таң нұрын.
Жүргізуші: Ал, Ақкүшік, тағы кім отбасы туралы өлеңдер біледі екен?
1. Бала: Ең жақын адамдар –
Әкем мен анам бар.
Әкемнің әкесі –
Ақ басты Атам бар.
Әкемнің шешесі –
Ақ шашты Әжем бар.
Ұлдардың үлкені –
Бір туған ағам бар,
Қыздардың үлкені –
Бір туған әпкем бар.
Үлдардың кішісі —
Бір туған інім бар,
Қыздардың кішісі-
Бір туған қарындас
Әпкеге – сіңілі бар.
Ақ күшік:
— Өте ақылды, тапқыр балалар екендеріңді көрдім. Сендермен бірге болғаныма қуаныштымын. Менің бүгінгі дайындаған жұмбақтарым таусылды. Ал енді кел балалар ойын ойыншықшы: ҚУЫР-ҚУЫР – ҚУЫРМАШ. (ойын)
Сергіту минуты. Санамақ «Бір үйде біз нешеуміз?»
І. Бас бармақтан бастап шынашаққа дейін саусақтардың бір рет түгел атын айтып береді:
Бір үйде біз нешеуміз?
Кел санайық екеуміз
Бас бармағым – атам,
Балан үйрек – апам,
Ортан терек — әкем,
Шылдыр шүмек – анам,
Кішкентай бөбек – мен.
ІІ. Бұдан кейін: Бас бармақ. Балалы үйрек. Ортан терек. Шылдыр шүмек. Кішкентай бөбек, — деп, саусақтарға түгел ат қойып шығады. 5 саусақ түгел жұмылады. Тағы да бармақтан бастап былай деп 5 саусақты түгел жазады:
Сен тұр, қойыңа бар,
Сен тұр, түйеңе бар,
Сен тұр, жылқыңа бар,
Сен тұр, сиырыңа бар.
Сен, кішкентай бөбегім, әлі жас екенсің, қазанның қаспағын қырып же де, жыламай отыра тұр.
Енді осы шынашақтың өзін алақанның шұңқырына бүгіп тұқырта ұстайды да:
Қуыр-қуыр қуырмаш,
Балаларға бидай шаш.
Әжең келсе, есік аш,
Қасқыр келсе, мықтап бас – деп шынашақты шыр айналдырып, баланың алақанын қытықтайды.
Жүргізуші: Біз отбасымыз туралы жұмбақтарды шештік, ойын ойнадық. Енді Ақ күшікке рахметімізді айтайық, біздің көңілімізді көтеріп, зор қуанышқа бөледі.
Ал, балалар, осымен әдеби- музыкалық кешімізді аяқтаймыз.
Қош – сау болыңдар! Көріскенше күн жақсы.