Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясының дамуына қосқан үлесі

0


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ БЕРУ МИНИСТРЛІГІ
ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

БАЯНДАМА
Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясының дамуына қосқан үлесі

Жоспар:
Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қызметі.
Ғалымның психологиялық мұралары.
Аймауытовтың еңбектерінің құндылығы.
1. Аймауытов Жүсіпбек — қазақтың көрнекті жазушысы. Ол адамның жан-жүйесін (психологиясын) қазақта тұңғыш зерттеп, оқулық жазған қайраткер, ағартушы, шын мәніндегі ұстаз, 30-жылдар зорбалаңының құрбаны болған суреткер, драматург, ғалым. Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы бұрынғы Семей губерниясының, Кереку (қазіргі Павлодар) уезінің Қызылтау болысында кедей шаруасының отбасында дүниге келген. Ол Павлодардағы орыс-қазақ мектебін, одан соң Семейдегі мұғалімдер семинариясын (1918) бітірген. 1917-1919 жылдары алашорда ұйымына кіреді, алайда көп ұзамай қиялы мен ой-өрісінің шектеулігін жеңіп, төңкерісшілер жағына шығады. 1911-1914 жылдар аралығында Баянауылда бала оқытады, кейінгі жылдары әр түрлі қызмет атқарады. 1920 жылы РҚП(б) қатарына кіреді. Қазақстан Советтерінің съезіне делегат болып сайланады, ҚАССР халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, Қазақ тілі, Ақ жол газеттерінің қызметкері, мектеп мұғалімі, 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педтехникумның директоры болып қызмет атқарады. 1929 жылы тұтқынға алынып, 1931 жылы өлім жазасына кесіледі. [2]
2. Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық мұралары телегей — теңіздей дүние. Оның екі кітабы: Психология (1926), Жан жүйесі және өнер таңдау (1926) осы ғылым саласында жазылған тұңғыш төл туындылар. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытов Тәрбиеге жетекші (1924), Комплексті оқу жолдары (1929), Жаңа ауыл (1930) деген еңбектерінде психологиялық мәселелерге ерекше мән берген. [2] Мәселен, оның Тәрбиеге жетекшісінде дидактика мен педагогикалық психологияның ғылыми астарлары, ұлт тіліндегі тәлім-тәрбиелік терминдер жүйесі сөз болады. Еңбек төрт бөлімнен, 29 параграфтан тұрады. Осы кітаптың Дидактика бөлімінде оның психологиялық негіздері (ынталы оқыту, үйрету әдістері, машықтану жолдары, оқытудаңы көрнекілік, оқыту түрлері, т.б) 20-жылдардағы қазақ мектептерінің өмірінен алынған нақтылы мысалдармен терең талданады. Еңбектің төртінші бөлімінде де педагогикалық психологияның кейбір мәселелері сөз болды. Олар: ұстаз бен шәкірт ынтымақтастығының басты белгілері, қазақ мектебінде сабақ өткізудің өзіндік ерекшеліктері сөз болады. [1] Кезінде осы кітап жөнінде жұртшылық былайша жылы лебіз білдірген еді: Жүсіпбектің Тәрбиеге жетекші кітабы жыл құсы. Бұл кітаптың тілі өте жеңіл…Жаңа сарынмен жазылған…Бұл кітап әр оқытушының үстелінің үстінде жатуы керек, әр мектептің кітапханасында болуы керек (Еңбекші қазақ,1925, №410). Кітапқа берілген осы баға күні бүгінге дейін өзінің құнын жойған жоқ. [1] Ж.Аймауытовтың психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның Психология атты төл оқу құралы толығырақ сөз етуді қажет етеді. Өйткені бұл психология саласында төл тілімізде жазылған ғылыми мәнін күні бүгінге дейін жоймаған тұңғыш дүние. [1] «Психология, — деп жазды автор осы кітаптың Беташарында, — терең ой, терең білім, терең пәлсапаға соғатын пән…өзге білімдер затшылдыққа (материализм — Қ.Ж) табанын тіресе де, психология әлі тіреп, яғни нық басқан жоқ…Қарапайым адамға жұмбақ сықылды көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады…Себептері, сырлары айқындалады, бұлардан хабары болу, ақыл-ойына ерік беру кімге де болса, керекті. Бұл кітапты алдымен бала оқытушыларға ұсынамыз. Қала берсе кімде-кім әлеуметпен, қоғаммен қатынасып, қызмет ететін болса, оның бәріне де психология пайдалы кітап деп ойлаймыз. Хат танитын жәй қазақ та, арындамай оқи алса, недәуір білім алар деп сенеміз. Қиын жерлерін салғаннан ұқпаса оңай жерлерін оқып көрер, сөйте-сөйте біріне тісі батар» . Оқырманына осылайша ой сала келіп, Жүсіпбек Психология нені сөйлейді? дейтін бірінші тарауда осы ғылымның екі жарым мың жылдың тарихынан біраз мағлұмат береді. Кітаптың екінші тарауында адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қайтіп ұйымдастыруға болатындығын айта келіп (бақылау, анкета, әңгімелесу, тәжірибе әдістерінің мән-жайы), тәптіштеп түсіндіреді. Кітаптың үшінші тарауы Тірі заттардың қылығын жалпы мінездеу (қазіргі терминде Психика және сана) деп аталады. Мұнда психофизикалық және психофизиологиялық құбылыстар, атап атйқанда, организмнің тітіркенушілік пен сезгіштік ерекшеліктері, жануар мен адамның дағды, инстинкттері (соқыр сезімдері) бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары, өсімдктер дүниесіндегі тіршілік белгісі (тропизмдер) ғылыми талдауға алынды.Осы тарауда академик И.П.Павловтың шартты рефлекстер туралы ілімінің негізгі қағидалары сөз болады. Автор адам санасының даму жолын тарихи-қоғамдық тұрғыдан дұрыс көрсете келе, қоғамдық (әлеуметтік) психологияның негізгі мәселелерінің (топ, жұртшылық, қоғам, парасат, әдет, т.б) мәнін қазіргі психологиялық түсініктердің төңірегінде тәптіштейді. [1] Денедегі кейбір мүшелер, олардың қызметтері деп аталатын төртінші тарауда жан қуаттарының анатомиялық-физиологиялық механизмдері, яғни жүйке саласы мен оның атқаратын қызметі, қозу, тежелу процестері, ми бөліктері, олардың қызметі, негізгі сезім мүшелерінің (көз, құлақ, иіс, дәм, тері) анатомиялық құрылысы жөнінде мағлұматтар беріледі. [1] Бесінші тарауда эмоция мен сезім, бет пен денедегі түрлі мәнерлі құбылыстар (келбет, көз-әлпеті, ым-ишара) қазақ өмірінен алынған қызғылықты да, нақты деректер арқылы түсіндіріледі. Адамда жиі ұшырайтын сезім, көңіл-күйлері (таңсыққойлық, қорқыныш, еліктеу, тентектік, паңдық, т.б) және бұлардың психологиялық астарлары сөз болады. Түйсік пен қабылдау, перне іліктестігі, ассоциация мен апперцепция, ынта мен ілтипат, ес пен елес, қиял мен шығармашылық мәселелері — алтыншы, сегізінші тараулардың бас тақырыптары. Бұларда классикалық психологияның негізгі қисындары: түйсіктің Бебер-Фехнер тұжырымдаған психофизикалық заңы, Г.Гельмгольцтің резонанс (жаңғырық) теориясы, Беркли қисыны, т.б. төл тіліміздің өзіндік нақышымен жақсы түсіндіріледі. Тоғызыншы тарауда ерік-жігер, қажыр-қайрат, бұларды тәрбиелеу жайлы әңгіме болса, оныншы тарауда — ұйқы, түс көру, көз байлау (гипноз), т.б. парапсихологиялық құбылыстар жайлы айтылады. Он бірінші, он екінші тарауларда әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр, түрлі оң, теріс қылықтардың табиғаты, кісі психологиясын әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет пен өнердің: дін мен пәлсапаның, экологиялық ортаның, тіл мен ауыз әдебиетінің адамның жан-дүниесіне қалайша әсер ететіндігін нақты әрі тартымды мысалдар арқылы түсіндіреді. [1] Ж.Аймауытовты ң психология саласында жазған екінші төл еңбегі Жан жүйесі мен өнер таңдау (Мәскеу, 1926) өзіне ерекше назар … жалғасы