Астана балет театры құрылу тарихы, актерлік құрамы, қойылымдары
Театрдың алғашқы концерті 2013 жылдың шілде айында көрсетіліп, оны көрермен қауым жылы қабылдады. Бүгінгі таңда театр жанкүйерлері Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар.
ғимаратының құрылымы қандай
Театрдың түрлі жанрдағы репертуары әлемдік және отандық шедеврлермен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толықтырылып отырады.
Театрдың жалпы көлемі — 15 467 шаршы метр. Көрермен залында 783 орын, оның ішінде партерде — 609 орын, самалдықтың 2 ярусында 104 және 3 ярусында 70 орын бар.
Сахна көлемі әлемдік стандарттарға толықтай сай келеді — 536 шаршы метр. Авансахна, арьерсахна мен қуыстарды қоса есептегенде, жалпы сахна көлемі 1 000 шаршы метрден асады. Оркестр орны 60 музыкантқа арналған. Бұдан бөлек театрда екі дайындық бөлмесі бар. Олардың көлемі сахна көлемімен бірдей. Осы ерекшелік спектакльдерге дайындықтың толыққанды жүруіне көп септігін тигізеді.
Сахнадағы декорацияны жылдам ауыстыру үшін жылжымалы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады. Мұнымен қатар, сахна төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған. Театрдың жарық беру кешені де инновациялық құрылғылармен жабдықталған. Жалпы 800 жарық орнатылған. «Астана Балет» театрының сахнасы режиссерлер мен сценографтарға зор мүмкіндіктер беріп, батыл әрі бірегей идеяларын жүзеге асыруына жол ашады.
«Астана балет» театрының сахнасы
Театр қалай құрылды және оның негізін кімдер қалады
Труппаның негізін Алматы қаласындағы Александр Селезнев атындағы хореография училищесінің түлектері қалады. Ұжымның репертуары адам айтса нанғысыз мерзімде құрылды. Алпыстан астам бірегей қойылым әзірлеу үшін небәрі алты ай қажет болды. Олардың ішінде қазақ классикалық би өнерінің үлгілері — Зауырбек Райбаевтың «Ата толғау» мен «Қос алқасы», Ғалия Исмаилованың әртүрлі ұлт өкілдерінің биін тоғыстырған бірегей «Малайзиялық биі», Надежда Калининаның «Таойао» атты қытай биі, Гүлжан Түткібаеваның отандық заманауи «Қазақ вальсі» мен «Жеті сұлуы», Айгүл Татидің «Ақ қыз» бен «Арулары», Мукарам Авахаридің «Аққулары», Анна Цойдың «Қуанамын» және т.б. туындылары.
Ұжымның құрылу жолында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әлила Әлішева, Айгүл Тати мен Әсел Исабаева көп еңбек сіңірді. Қазақстандық кәсіби биші Шара Жиенқұлованың екі шәкірті — Әлила Әлішева мен Айгүл Тати ұстаз жолын жалғастырып келеді. Шара Жиенқұлова қазақтың ұлттық билерін билеген болатын.
«Астана балет» театрының ішкі көрінісі
«Астана балет» театры ұжымының құрамы
Театр директоры Александр Совостьянов «Сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Театр ұжымындағы жетекші солистер — Риза Қанатқызы, Дарина Қайрашева, Татьяна Тен, Айнұр Әбілғазина, Айжан Мұқатова, Дилара Шомаева, Фархад Буриев, Қазбек Ахмедияров, Дэвид Джонатан және Илья Манаеньков.
Солистер — Назерке Аймұхаметова, Диана Батырова, Милана Буканова, Анар Дүкиева, Аңсаған Көбентай, Балжан Нұрпейісова, Айнұр Нүспекова, Паула Роза Сантана, Назерке Ахмет, Марина Қадырқұлова, Марат Әбдірахманов, Бауыржан Мекембаев, Сүндет Сұлтанов және Байқадам Түнқатаров.
Балет әртістері — Әсел Әбдіраева, Әлия Айтбаева, Саяра Арзуева, Әнел Балтенова, Диана Бейсеғұлова, Тоғжан Дүйсенғалиева, Элина Қапышева, Евгения Верхова, Айдана Қалмұқанбет, Әйгерім Келемеденова, Аяулым Макумова, Айша Мәмбетәлиева, Қаламқас Орынбасарова, Мадиана Разиева, Камила Рахманберлиева, Айдана Сағымбай, Гүлжамал Сахова, Айнұр Сұлтанқожаева, Айшабибі Төребай және т.б.-лар.
Театр репертуарында қандай қойылымдар бар
Алғашқы жарты жылда театрға аты әлемге әйгілі хореографтар келіп, түрлі шеберлік сабағын өткізді. Олар — түркиялық Акдениз Четин, Саха Республикасы ұлттық би театрының бас балетмейстрі Юрий Федоров, Өзбекстан мемлекеттік ән мен би ансамблінің жетекшісі Қадыр Момынов, америкалық хореограф Пол Гордон Эмерсон, Вашингтондағы үнді биі мектебінің жетекшісі Асанга Дамаск.
«Астана балет» театрының Қарағандыға сапары кезіндегі қойылымда түсірілген сурет
Олардың барлығы теңдесіз білімі мен тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, «Шығыс рапсодиясы» атты концерттік бағдарламаны жасауға өз үлесін қосты.
Ұжымды таныстыру рәсімі 2013 жылдың 1 шілдесінде барлық ұлт пен мәдениеттің рухани орталығы — бейбітшілік пен келісім сарайында өтуінің де өзіндік мән-мағынасы бар. Театр елдің бас қаласында өзі туралы жария еткеннен кейін Қытай Халық Республикасының Пекин мен Шанхай сынды қалаларына гастрольдік сапарға аттанды. Бұдан өзге Қазақстанның өзге өңірлерінде де өнер көрсетті.
«Астана балет» театры ғимаратының ішкі көрінісі
Ұжым Санкт-Петербург қаласындағы Мариин және Михайлов театрларының сахнасында да өнерін көрермен қауымға паш еткен-ді. Петербург тұрғындары қазақстандық театрды жылы қабыл алып, сыншылар бишілердің өнеріне өте жоғары баға берді. Әсіресе, ұжымның алғашқы концерттік туындысы — «Шығыс рапсодиясы» халықтың ыстық ықыласына бөленді. Көрермен қауым орындаушылардың пластикасын, костюмдерін ерекше атап өтті.
Театрдың басты мақсаты не
«Астана балет» театрының басты мақсаттарының бірі — отандық хореографияны дамытып, жаңа ұлттық балеттер қою. Театр осы мақсатын сәтті орындап келеді. Бүгінде репертуарлардың ішінде «Әлем», «Жусан» және «Махаббат тілі» атты қазақ балетінің трилогиясы ұлттық би өнерінің жауһарына айналып отыр. Алғашқы екеуіне либереттоны танымал ақын, режиссер, көшпенділер мәдениетін зерттеуші, этнограф Бақыт Қайырбеков жазды.
«Астана балет» ғимаратының жоғарғы қабатынан түсірілген сурет
Бір актілі «Әлем» балетін мәскеулік хореограф Никита Дмитриевский қойды. Музыкасы Арман Амар мен Болат Гафаровке тиесілі. Премьерасы 2014 жылдың 26 маусымында «Астана опера» сахнасында өтті. «Әлем» әлемдегі көшпенділер мәдениетінің мифологемасы терең зерттелген алғашқы ұлттық балет болды.
Аталған спектакль Вена, Париж, Мәскеу және Сеул қалаларында қойылды. Сондай-ақ, Астана қаласындағы «Жібек жолы» және Санкт-Петербургтегі Мариин театрындағы «Ақ түндердің жұлдызы» фестивальдері аясында көрсетілді.
Араға жарты жыл салып, 2014 жылдың 11 желтоқсанында, жаңа бір актілі «Жусан» спектаклі көрерменге жол тартты. Оның авторы театрдың бас режиссері Мукарам Авахри болды. Халықтың тыныс-тіршілігі, күш-қайраты мен терең тарихы жусан образы арқылы берілді. Сондай-ақ, Абайдың өлеңдеріне құрылған «Махаббат тілі» атты туындыны да ерекше атап өтуге болады.
«Жусан» спектаклін сәтті қойып жүрген актерлер осы кезде Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратовамен бірге «Ғасырдан ғасырға дейін» атты бағдарламасын әзірледі. 2015 жылдың 28 қаңтарында өткен балет кешінде классикалық мұраның шедеврлері көрсетілді. Олар — Мариус Петиптің «Корсар» балетінен алынған «Жан біткен бақша» мен әйгілі орыс балеринасы Анна Павлованың репертуарындағы мәңгі өлмес репертуарлар («Орыс биі», «Шегіртке», «Рондино», «Калифорния магы», «Түн», «Аққу»).
«Астана балет» театрында қойылған «Шерткіш» спектаклі
Театр әртістеріне кімдер сабақ берді
Жас труппа әлем балетінің қазынасының «дәмін татып», классикалық билерді орындауда шеберліктерін шыңдай түсті. Театр әртістеріне таза классикалық мектепті сақтап және оны дамытуға көптеген педагог көмектесті. Олар — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлила Әлішева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Қадырова. Өз ісінің шеберлері жас орындаушылармен жұмыс істеуге орны толмас уақыттарын ғана бөліп қоймай, жанын да берді.
«Астана балет» заманауи хореографияға ерекше көңіл бөледі. Театрдың көркемдік жетекшісі әрдайым труппаның диапазонын кеңейту бағытында жұмыс істеп, шетелден шеберлік сабақтарын өткізу үшін осы өнердің майталмандарын шақырып отырады. Осының арқасында бүгінгі таңда «Астана балет» театрының әртістері классикадан бастап неоклассикаға дейін, сондай-ақ, халық билерінен бастап contemporary биіне дейін еркін орындай алады.
«Астана балет» театрындағы «Шерткіш» спектаклі
Труппаның әмбебаптылығының арқасында хореографтар әртүрлі идеясын еркін жүзеге асырып отыр. 2015-2017 жылдар аралығындағы тамаша премьералар осының дәлелі. Олар — Мукарам Авахри қойған «Кармен», қытай хореографы Исян Чжан қойған «Уақыт тұманы», ресейлік Николай Маркелов қойған «Клеопатра», Рубен Терранов қойған «Бразилиялықтың контрасті» және Георгий Ковтунның «Вальпургиев түні».
Хореограф Рикардо Амарантенің GAIA сәтті қойылымынан кейін «Астана балет» театрының дамуының жаңа кезеңі басталды. Ағылшын ұлттық балет мектебінің түлегі Рикардо Амаранте әлемнің көптеген театрында жұмыс істеген болатын. Париж, Фландрияда жұмыс істеп, Уильям Форсайт, Ханс ван Манен, Ирж Килианның спектакльдерінде ойнады. Антверпен балет, Дрездендегі Palucca Shcule және New York City Ballet мектептерінде қоюшы хореограф болды. Балет сыншылары оның пластика тілінің ерекше екенін айтады. Нәзіктік, талғампаздық, даму және мамықтай жұмсақтық — осы сөздер оның хореографиясын сипаттайды.
Үшінші театр маусымы аяқталарда ұжымның өмірінде елеулі өзгеріс болып, өзіндік сахнаға ие болды. 2016 жылы 10 желтоқсанда жаңа «Астана балет» театры Diversity спектаклімен ашылды. Осы өзгерістің арқасында труппа жаңа идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, елдегі ұлттық хореография саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Театрдың жаңа алаңы барлық халықаралық стандартқа сай жабдықталған.
«Астана балет» театрының гастрольдік сапары
Театрдың репертуар мәселесіне келгенде көп векторлы саясатының арқасында Джордж Баланчиннің «Серенада» және Уильям Форсайттың In the Middle, Somewhat Elevated сынды спектакльдері Орталық Азия сахнасында қойылды.
«Астана балет» театрындағы қойылым кезінде түсірілген сурет
Жеті жыл бойы талмай еңбектенген «Астана балет» ұжымы әлемнің ең үлкен деген алаңдарында өнер көрсетті. Олар — Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург, Қытайдың Пекин мен Шанхай, Францияның Париж, Австрияның Вена, Кореяның Сеул, Венгрияның Будапешт, Әзербайжанның Баку, АҚШ-тың Нью-Йорк, Жапонияның Токио, Польшаның Варшава, Беларусьтің Минск, Бельгияның Брюссел, Италияның Милан, Монаконың Монте-Карло қаласы. Осы уақыт аралығында шығармашылық бағытта арт-менеджер Әсел Исабаева реттеп отырды.
Бүгінде театр өзінің алғашқы мерейтойын атап өтіп жатыр. Алдағы уақытта бұл шығармашылық ұжымның алдына қойған айқын жоспарлары мен көркем міндеттері бар екені сөзсіз. Соңғы жеті жыл ішінде 18 бір актілі балет, 4 концерттік бағдарлама және сексеннен астам хореографиялық миниатюра қойылды.
sputniknews.kz