Жер бетіндегі адамдар саны 10 миллиардқа қашан жетеді?
Соңғы 60 жылда жер бетіндегі адамдар саны едәуір өсті. Шамамен 1950 жылдары 2,6 миллиард адам болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 7,6 миллиардқа жеткен. Ал болашақта қалай болады?
Әлемнің барлық елдерінде халық санының өсу деңгейі бірдей емес. Дамыған елдерде туу көрсеткіші төмендесе, ортаңқол мемлекеттерде артқан.
Ғалымдар зерттеуі бойынша туу көрсеткішінің төмендеуіне себеп болатын әлеуметтік фактордың бірі білім екен. Себебі дамыған елдерде нәзікжанды арулар білім алып, мансап қуып, бала тууға асықпайтын көрінеді. Сондай-ақ көп бала тууға да қарсы, — деп жазады The Lancet.
Сарапшылар болжамы бойынша жер бетіндегі адамдар саны 2050 жылға қарай 10 миллиардқа жетеді екен. Ал мұнша халықты біздің ғаламшар қоректендіре ала ма екен? Бұл сұраққа ғалымдар әуел бастан-ақ бас қатырып келеді.
Қазіргі жағдай уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Азия мен Африканың дамыған елдерінде туу көрсеткіші де жоғарылап, халықтың өмір сүру әл-ауқаты да артуы бек мүмкін. Әлеуметтік қамсыздандыру негізінде Еуропадағы отбасылар да аз бала болса да, оның оқуы мен тәрбиесіне көбірек көңіл бөле бастайтын болады.
— Көп елдерде тұрғындар үнемді түрде өмір сүруге бейімделіп келеді. Болжам бойынша онда туу көрсеткіші төмендеуі де, осы қалпында қалуы да мүмкін, — дейді зерттеушілер.
Адам санының өсімі бойынша Африка елдері алда келеді. Нигер мемлекетінде орташа есеппен бір отбасыдағы бала саны жетеу екен. Чад, Сомали мен Малиде — 6, Оңтүстік Судан, Буркина-Фасо, Бурунди, Уганда, Конго Демократиялық Республикасы, Ангола және Нигерияда бір отбасыда кем дегенде 5 баладан өсіп келеді.
Демографиялық өсім көп елдерде айқын байқалады. Соңғы уақытта әлемнің 104 елінде халық саны артқан. Бірақ халықтың тұрмыс жағдайы жоғары емес.
Бір отбасыда екі баладан көп емес 90-ға жуық ел бар. Бұл қатарға Ұлыбритания, Аустралия, АҚШ, Сингапур, Норвегия мен Оңтүстік Кореяны жатқызуға болады.
Халық саны азайған мемлекеттер де жоқ емес. 2010-2017 жылдар аралығында Испания, Грекия, Румыния, Польша, Португалия, Жапония мен Кубада демографиялық өсім төмендеген.
Соңғы жылдары адамдардың өмір сүру ұзақтығы да артқан. 1950 жылдары ерлердің орташа өмір сүру жасы 48 болса, әйелдердікі 53 жас болған. Ал қазіргі статистика бойынша ерлердің өмір сүру жасы — 71, әйелдердікі 76 жас. Мұны ғалымдар қазіргі медицинаның дамуы мен адамдардың саламатты өмір салтын ұстануымен байланыстырып отыр.
Вашингтон университеті құрған Денсаулық көрсеткішін өлшеу және денсаулық жағдайын бағалау институты (IHME) дерегі бойынша адамдар көбіне жүрек дертінен көз жұмады екен. Ал 1990 жылдары адамдар көбіне өкпе және асқазан дерттерінен қаза болған.
Соңғы уақытта инфекциялық аурулардан бақилық болғандар саны қысқарған. Есесіне семіздік дерті қоғамды жайлап келеді.