Үкімет сағатында өрт мәселесі қаралды
Отырысты ашқан В.Божко алдымен Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын көтеруге тапсырма берілгендігін атап өтті. Оның ішінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы алдыңғы қатарға шығады.
Ал негізгі баяндамашы, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов депутаттарға елімізде өрт мәселесі күрделі жағдайда тұрғандығын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, өрттің алдын алуға байланысты мемлекеттік өртке қарсы қызметтің және жергілікті атқарушы органдардың қабылдап жатқан шаралары көңіл көншітерлік нәтиже бермей келеді. Оған мына сандар дәлел – ел аумағында жыл сайын 15 мыңнан аса өрт оқиғасы тіркелуде.
– 2015 жылдан бүгінге дейін өрттен 3319 адам зардап шекті, оның ішінде 1410 адам көз жұмды. Тікелей өрттен келген материалдық шығын 12 млрд теңгені құрады, – деді Қ. Қасымов.
Министрдің айтуынша, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында өрт жиі орын алады. Алайда, өрттің басым бөлігі мемлекеттік өртке қарсы қызметтің бақылауымен қамтылмаған салаларда тіркеліп отыр. Дәлірек айтқанда, жеке тұрғын үй секторы, көлік, орман және дала өрттерінің алдын алу оңайға соқпай келеді.
– Қазіргі кезде өрттің 70 пайызына жуығы тұрғын үй секторында болады. Оған қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеу, электр құрылғылардың, пештердің ақаулығы, сондай-ақ балалардың отпен ойнауы себеп болып жатады, – деді министр.
Ресми деректерге қарағанда, өткен үш жылда екі мыңнан аса табиғи өрт тіркеліп, мыңдаған гектар жер алқабын өрт шалған. Ал орманды алқаптарға келтірілген шығын 674 млн теңгеге жеткен. Осы өрттердің салдарынан 17 адам қаза тауып, тағы он бірін күйік шалған.
Осы орайда, Қ.Қасымов Ауыл шаруашылығы министрлігі, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар құзыретіндегі орманды жерлерді тілсіз жаудан қорғау деңгейі әлі де төмен екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ресейдің Кемеров қаласындағы едәуір адам шығыны болған алапат өрттен кейін еліміздегі сауда-ойын-сауық нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына байланысты кешенді тексерулер жүргізілгендігін де атап өтті. Үш ай ішінде өртке қарсы күрес қызметінің назарына іліккен 1240 сауда нысанынан 15 мыңнан аса ереже бұзушылықтар анықталған. Бұл кемшіліктерге жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған.
Аталған саланың өзге жетістіктері мен кемшіліктерін қосымша баяндамашы, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров те жіпке тізгендей етіп айтып берді. Депутаттың деректеріне қарағанда, биыл тексеру кезінде 31 мың нысанда 107 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталған. Ал өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл кәсіпкерлік нысандарының, әсіресе адамдар көп шоғырланатын орындардың меншік иелерінің тікелей міндеті. Алайда меншік иелерінің барлығы бірдей тиісті шараларды қабылдай бермейді. Бұл жерде қайта ұйымдастырылған немесе атауын өзгерткен субъектілерге қатысты прокуратура органдарымен келісу бойынша тексерулердің жартыжылдық кестесін түзету маңызды.
Н. Әбдіров өз сөзінде өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігіне тоқталды.
– 2014 жылы қабылданған «Азаматтық қорғау туралы» Заң төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл саласындағы алты заңнамалық актіні біріктіріп, жүйеге келтірді. Бұл апаттарға қарсы іс-қимыл жасаудың ұзақ мерзімді перспективаға есептелген жаңа идеологиясын жасап, іске асыруға мүмкіндік берді. 2009 жылдан бастап Республиканың бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасы реформаланды. Сонымен бірге кәсіпкерлік қызметті ырықтандыру ісі өрт қауіпсіздігі саласындағы келеңсіз салдарды туындата бастады деп халық шағымдануда. Бүгінгі таңда өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауда есепте тұрған нысандардың барлық 142 мыңының 20 пайызы ғана тексерілуде, – деді қосымша баяндамашы.
Н.Әбдіров келтірген аса маңызды мәселелердің бірі өртке қарсы қызметтің техникалық жарақтандырылуына қатысты болды.
– Өртке қарсы қызмет бөлімшелерін қазіргі заманауи техникамен, жабдықтармен және өрт сөндіру-техникалық құрылғыларымен жарақтандыру – осы қызметтің басымдықтарының бірі. Алайда, қазіргі уақытта техника бірлігінің әрбір бесіншісі ұзақ уақыт пайдаланғандықтан өрт сөндіруге дайын емес. Ерікті өртке қарсы құрылымдардың жарақтандырылу дәрежесі небәрі 31 пайызды құрайды, – деді депутат.
Осы арада Мәжіліс Төрағасының орынбасары келтірген мына бір дерек те құнды. В.Божко осы техникалық жарақтылықтың нашар деңгейіне қарамастан, 2017 жылы өрт сөндіру машиналарын алуға республикалық бюджеттен бір тиын да бөлінбегендігіне назар аударды.
Депутаттар соңғы бес жылда өрт сөндірулер кезінде 6 өрт сөндірушінің қаза тауып, тағы 78 қызметкердің жараланғандығын да айтты. Осыған қарамастан, өрт сөндірушілердің еңбекақылары өзге күштік құрылымдардың қызметкерлерінің жалақысынан төмен болып отыр.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары баяндамашы мен отырысқа шақырылған мемлекеттік органдар басшыларының алдына бірқатар өзекті мәселелер қойды. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға еліміздегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»