10 мыңдай адамның еңбекақысы көбейеді
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев БАҚ өкілдеріне Президент Жолдауында айтылған мәселелердің Атырау облысында іске асырылуы туралы баяндап берді. Н.Ноғаевтың айтуынша, облыста «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғындардан 131 өтінім қабылданып, оның 89-ы мақұлданды.
– «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы халық үшін тұрғын үй сатып алуға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Қазіргі таңда 1 553 млн теңгенің 131 өтінімі қабылданды. 1084 млн теңгенің 89 өтінімі мақұлданды. 62 өтініш берушіге тұрғын үй сатып алуға 783 млн теңге көлемінде қаражат берілді, − деді ол.
Қазір аймақта тұрғын үй секторын дамыту үшін 3892 пәтерлік 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығы 2164 пәтерлік 34 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға тиіс.
Өңірде әлеуметтік секторды дамытуға 93 миллиард теңге бағытталған. Жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылады деген жоспар бар.
– 9 ай ішінде 724 орындық 2 мектеп, 1000 орындық 5 балабақша, 600 адамға арналған 2 мәдениет үйі, 1 денсаулық сақтау нысаны, 500-дей адамға арналған 2 денешынықтыру спорттық кешені, бір жатақхана, барлығы 13 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 1244 оқушыға арналған
6 мектеп, 1960 баланы қамтитын 10 балабақша, 700 адамға арналған 3 мәдениет үйі, 4 денсаулық сақтау нысаны, 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені, қаладан шыға берістерде орналасатын 4 стационарлық полиция бекеті мен 1 халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады, – деді Н.Ноғаев.
Президент Жолдауында адамдардың еңбекақысын көтеру халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал ететін басты қадамдардың бірі ретінде атал-
ғаны белгілі. Бұл орайда, Атырау облысы бойынша 2019 жылы 10 мыңнан астам адамның еңбекақысын көтеру жоспарланып отыр екен.
– Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында аймақта халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1720 мекемедегі айлығы 42 мың теңге болатын 10 415 адамның еңбекақысы көтеріледі. Қазірдің өзінде өңірдегі 21 мекеме қызметкерлердің еңбекақыларын көтеру шараларын бастап кетті. Бұл мекемелерде жалпы саны 2 587 адам жұмыс істейді,– деді облыс әкімі.
Биыл екінші жартыжылдықта аймақта жаңадан 26 494 жаңа жұмыс орны құрылды.
Атырау облысы еліміздегі балық өндірісі жолға қойылған аймақтардың бірі. Облыс әкімі осы бағыттағы жетістіктер туралы да баяндады.
Қазіргі таңда екі мекеме тоғандарда қызыл балық түрлерін өсірумен айналысып жатыр. Компаниялардың бірі жылына 60 тонна балық пен
1 тоннаға жуық қара уылдырық өндірсе, екінші кәсіпорын 100 тонна тауарлы балық еті мен 1 тоннаға тарта қара уылдырық өндіреді. – Бізге балық аулауға берілген квотаны қазіргі таңда балық саласында қызмет атқарып жүрген 17 мекеме толығымен қолдануда. Бұл 17 компанияның 2-уінде еурокод бар, яғни олар өнімдерін Еуропа елдеріне өткізе алады, – деді Н.Ноғаев. Облыстағы Қиғаш, Жайық өзендерінің арнасын тереңдету жұмыстары жүйелі жүргізілгендіктен, балық саны да көбейіпті.
Облыс әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын жою үшін былтыр – 35, биыл – 53 грант бөлініп, жергілікті мектеп түлектері Астана мен Қарағандыдағы медициналық университеттерге білім алуға жіберіліпті. Олар тиісті мамандық алып шыққаннан кейін міндетті түрде Атырау өңіріне барып жұмыс істеуге тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»