Қаратөбе кен орны төтенше жағдайға тап келді
Өкінішке қарай, өңірдің Байғанин ауданы аумағында Жарқамыс елді-мекені тұсынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан Қаратөбе кен орнында осындай иесіздік көрінісі қалыптасып отыр. Неге? Бәсе, неге? Жалғыз сөзден құралған сауал болғанымен, оған жауап берудің салмағы тым ауыр болғандықтан оқырманға түсінікті болуы үшін бәрін де басынан бастап айтқанды жөн көреміз. Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінен алынған деректер «Қаратөбе Интернешнл Оперейтинг Компани» ЖШС сонау 2002 жылдың 25 мамыр күні Энергетика Министрлігі мен Қаратөбе кен орнында көмір сутегі шикізатын барлау және өндіру жөнінде келісімге келгенін көрсетеді. Оның басты негізі екі арадағы №954 санды келісім-шарт болғаны да департаменттегі деректе көрініс тапқан. Осы арқылы аталған компания түгін тартсаң майы шыққан құйқалы топырақта жер қойнауын пайдалану құқығына ие болады.
Кез-келген келісім шарт орындалуымен құнды. Егер мұнда көрсетілген талаптар мен жұмыс ауқымы орындалмаса –бұдан не үміт, не қайыр? Әуел баста өз істеріне тәп-тәуір қарқынмен кіріскен секілді сыңай танытқанымен, кейіннен «Қаратөбе Интернешнл Оперейтинг Компани» ЖШС-ның кен орнын барлау мен өндіру жөніндегі жұмыстары қожырап сала берді. Қысқасы олар жеме-жемге келгенде келісім-шарт талаптарын орындамады. Осыған орай ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі 2008 жылдың 30 қаңтарында екі арада жасалған келісім-шартты бұзу жөнінде №20 санды бұйрығын шығарған.
Жалпы алғанда аталған компания қызметіндегі берекесіздік пен белден басушылық, жауапсыздық пен жалтару көріністері бірер жыл өткен соң айқын көріне бастаған екен. Мұндай жағдайда олардың келісім-шарт нормаларымен сыйыспайтын іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілуі керектігі де ешқандай талас туғызбаса керек. Сөйтіп 2009 жылдан бері жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің заңдылығы туралы мәселелердің бас-аяғы жинақталмай келеді деуге болады. Бұл істер осы уақыт ішінде әртүрлі сот инстанцияларында қаралыпты. Тіпті аталған мәселе Париж (Франция) қаласындағы арбитраждық соттың қарауына да енгізіліпті. Әйтсе де соның бірде-бірінде нақты әрі түбегейлі шешім алынбаған. Мұның өзі бүгінгі күні Қаратөбе кен орнының иесіздікке ұшырауына әкеліп соқтырылды.
Біздің ойымызша сот үдерістерінің күрделілігі бір тараптың кен орнына жұмсалған шығындарының қайтарымын талап етуінде, екінші тараптың келісім-шарттың толықтай орындалмауына байланысты оны төлеуден бас тартуында жатқан секілді. Қалай дегенде де иесіздік жақсы құбылыс емес. Соның салдарынан аталған кеніште мұнай ұрлау кріністері де орын алып отырғаны да жасырын емес. сондай-ақ мұнда мұнай өнімдері тектен-тек төгіліп, ысырапқа ұшырауда. Тағы бір жағымсыз жәйт бұдан 3-4 жыл бұрын, яғни 2015 жылдың желтоқсан айында кен орнында тоқтатылған ұңғымалардың бірінен мұнай ағу дерегінің орын алғаны.
Мұны тура мағынасындағы төтенше жағдай десек, артық айтқандық емес. Солай болды да. Сол кезде Байғанин ауданы әкімдігі келеңсуз оқғаға орай төтенше жағдай жариялады. Олар жергілікті мемлекеттік органдар мен мамандандырылған құрылымдардың күштері жұмылдырылды. Соның нәтижесінде мұнайдың ағуы тоқтатылды. Осы кезде қасиетті қара жер ластанып, бұл үрдістің одан әрі таралу қаупі төнген еді. Әйтеуір «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе іс-қимыл танытқан елдің жанашыр азаматтары оған жол берген жоқ.
Мұнай жерге төгіліп, тектен-тек рәсуа болып, әрі экологиялық қауіп туғызып жатқан кезде жоғарыда айтылғандай тізе қосып, қоян-қолтық бірлесе қимылдаудың тигізген пайдасы мол. Бұл үшін ҚР Энергетикалық Министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі және арнайы Күзет ұйымы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалғаны да күрмеуі мол істің оңға қарай басуына септігін тигізді. Мұндағы басты мақсат төтенше жағдай аумағындағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қаратөбе кен орнындағы мұнай ұрлау деректеріне тосқауыл қою болатын. Бүгінгі күн биігінен қарағанда бұл қадам өзін-өзі толығымен ақтағаны да бір мерей.
Әрине тек осы арқылы төгілген, аққан әрі жиналған мұнай өнімдерін толық жою, ластанған топырақты тазарту және кен орындағы жерасты суларының одан әрі ластануына жол бермеу ісін толықтай шешу жеткіліксіз еді. Осы орайда Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті тарапынан облыс әкімідігі мен Энергетика, Инновациялық және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын комитетіне сондай-ақ Ішкі істер Министрілігінің төтенше жағдайлар комитетіне бірнеше дүркін хаттамалық өтініштер жолданған. Соған сәйкес 2017 жылдың 17 қаңтарында Энергетика бірінші вице министрі Мақамбет Досмухамбетов арнайы кеңес өткізіп, соған сәйкес төгілген мұнайды реттеу мен оның салдарын жою және ластанған аумақты тазарту жөнінде бірқатар шаралар алынған. Сонымен бірге резервуарлардағы мнайдың көлемі мен ның физикалық-химиялық құрамын анықтау өнінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2017 жылдың 14 наурыздағы Өкіміне сәйкес арнайы комиссия құрылған. Оның төрағасы мен мүшелері нәтижелі жұмыстар атқарғаны да қолда бар деректерден айқын көрінеді. Атап айтқанда комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Қаратөбе кен орнында 25 129 шаршы метр жер телімінін ластанғаны анықталды. Әрі бостан-бос рәсуа болып төгілген мұнайдың болжамды көлемі 500 текше метрден астам екені белгілі болды. Аталған комиссия тек осындай өзекті деректерді анықтаумен шектелмей, төгілген мұнай өнімдерін бос резервуарларға жинау жұмыстарын жүргізумен де айналысқан. Сөйтіп олар 645,2 текше метр мұнайға су және механикалық қоспа түрлері араласқан жерасты байлығына акт жасаттырып, оны қорғау мен күзет агенттігіне тапсырған.
Осы кезде жоғарыда аталған экология департаменті бастамашы болған бір ілкімді істі айта кетудің де орайы келіп тұр. Яғни жанашыр ұжым «Алтиес Петролеум» ЖСШ –ның қолдауы мен көмегіне арқа сүйеп, жиналған әрі ластанған топырақты өнеркәсіп полигонына тасымалдауды ұйымдастырған. Мұндағы басты мақсатымыз –жер телімін толықтай әрі терең түрде тазарту еді деді газет тілшісіне Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов. Сондай-ақ ол төгілген мұнай өнімдерінің мұнай дайындау қондырғыларының технологиялық өлшемдерге сәйкестік сапасын анықтауға «ҚазақТүрікмұнай» ЖШС елеулі көмек көрсеткенін айтып берді.
Тағы бір жәйт 2016 жылы Қаратөбе кен орыннда апат болғандығы жығылғанға жұдырық болып тигендей. Бұдан шығатын түйін жай және күрделі жөндеулер жүргізген жағдайда да мұндағы ұңғымалардың іске жарамайтындығы. Сонда не істеу керек? Бұл үшін мұндағы 32 ұңғыма консервациялауға қойылған. Оны инновациялар және даму министрлігіне қарасты «БатысҚазЖерҚойнауы» өндірістік департаменті жасаған жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес «Ақпан» ЖШС жүргізген. Осымен бұл бағыттағы бүкіл істі біттіге санауға болмас еді. Өйткені кеніштегі 28 ұңғыманың жай-күйі әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр. Оны консервацияға қою қажет пен, жоқ па, бұл мәселені қазіргі күні ешкім тап басып, айта алмай жүр.
Бұған дейін атқарылған шаралардың нәтижесінде Қратөбе кен орнында төтенше жағдай орын алу қаупі мен ықтималдығы төмендегенінде жоққа шығаруға болмас. Алайда оны толықтай жойылды деп кесіп айтуға да ауыз бара бермейді. Консервациялау жоспарына енгізілмеген апаттық жағдайдағы Г-36 (Г-36А) ұңғымаларының алдағы уақыттағы жай-күйі не болмақ? Қазіргі күні бұл сауалдардың басы ашық күйінде тұр. Аталған ұңғымалардың бәрі де жоғары қысымда. Соның әсерінен ай сайын 34 текше метр көлеміндегі көмір сутегі шикізаты еріксіз атмосфералық ауаға ағындауда. Мұндай жағдайда қоршаған ортаның қайтадан бүлінуі мен ластану қаупін жоққа шығаруға болмайды деп мәлімдейді эколог мамандар.
Сондай-ақ бүгінде кеніш аумағында сыйымдылықтарға апатты жағдайдағы ұңғымалардан жиналған мұнай қоспаларын жою мәселесі де оң шешімін таа алмай келеді. Оның үстіне ескірген сыйымдылықтардың табиғаттың әртүрлі қытымыр кездеріне мұздау мен температураның тым жоғарылап кетуі секілді жағдайларға төтеп беру қабілеттері де азайып келе жатқаны ойландырмай қоймайды. Соның салдарынан оның қайта төгіліп, табиғатты бүлдірмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті 2018 жылдың күзінде кен орнының таулы бөлігінде орналасқан Г-28 ұңғымасында мұнай ағу деректері орын алғаны бұл қауіптың тектен-тек емес екенін көрсетпей ме. Сқнайдың заңсыз төгілуі деген осы емес пе?
Қалай дегенде де бүгінгі күні Қаратөбе кен орнында жоғарыда аталған апатты жағдайларды жою немесе консервациялау қажеттігі ешқандай талас туғызбаса керек. Бұл инновациялар және даму министрлігіне қарасты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің құзырындағы іс екені белгілі. Бұл жөнінде Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің тиісті хаттамасында айқын көрсетілген. Бұған қоса апатты ұңғымаларды жоюдың жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қатысты да ұсынымдар айтылған. Егер олардың өтініштері 2019 жылға арналған бюджеттік жоспарға енгізілсе –жағдайдың біршама реттеле түсетіні аңғарылады.
Әрине бүгінгі көтерілген проблемалық мәселелердің басты мәнісі кен орнының иесіз қалып отырғанынан туындағаны анық. Мұндай жағдайда үкімет тарапынан тиісті шешімдер қабылданса, бүгінгі күні күрделі жағдайдағы Қаратөбе кен орнының жаңа жер қойнауын пайдаланушылардың иелігі мен басқаруына берілуіне жол ашылар еді деген ой келеді. Бұған құзырлы мүдделі орындар не дер екен.
Темір Құсайын,
«Egemen Qazaqstan»
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
Дереккөз: http://egemen.kz/