Цифрландыру Одақ ықпалдастығын арттырады
Алматыда өткен бір күнгі шарада 16 маңызды құжат талқыланып, меморандумға қол қойылды. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО мүше-мемлекеттері үшін цифрландыру интеграциялық жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығына тоқталды. Күні бүгінге дейін бірақатар қиын кезеңдерден өткен Одақ елдері айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізген.
Үкімет басшысының айтуынша, 2018 жылдың қорытындысына сәйкес алдағы уақытта да дамыта түсуді қажет ететін активтер портфелі жасақталған. Бүгінде Одақтың цифрлық күн тәртібі белсенді. Өткен жылы цифрлық бастамалар басқармасына ондаған ұсыныстар түсіп, қазіргі кезде оның бірқатары жүзеге асып келеді. Сонымен қатар кедергілерді жою үдерістері де тұрақты іске асуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 кедергі жойылған.
Енді осы бизнес кедергілерді жоюға байланысты Қазақстанның Үкімет басшысы алдағы екі жылда Жол картасын құруды ұсынды. Сондай-ақ жылдың соңына дейін цифрлық жобаларды іріктеп, оның нәтижесіне қол жеткізу көзделіп отыр.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен Жоғары кеңестің отырысында мұнай-газ, мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы бағдарлама, сондай-ақ маңызды болып табылатын ЕАЭО аясындағы интеграциялық үрдістерді ары қарай дамыту декларациясы қабылданған-ды.
Бағытжан Сағынтаев өз сөзінде Сингапур, Сербия елдерімен еркін сауда аймағын құру, Израиль және Египетпен келісімдерді нығайтуға үкімет басшылары мен Комиссия назарын аударуға шақырды. Бұл нарыққа шығу үшін қолайлы жағдай туғызу мүше-мемлекеттердің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жоғарғы кеңестің отырысында Одақ елдері азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету келісімдерін аяқтау туралы айтқан болатын. Сондықтан осы іске күш салуға тиіспіз. Сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық ықпалдастықтың стратегиялық бағыттарын жетілдіруге мән беру қажет. Бұл өз кезегінде мүше-мемлекеттер үшін экономикалық тиімді», -деп атап өтті Қазақстанның Үкімет басшысы.
Бүгінде ЕАЭО елдері үшін сыртқы саудада статистикалық деректердің сәйкессіздігі алаңдатады. Осыған орай түбегейлі өзгерістер қажет. Бұл өз кезегінде импортталатын тауарларды қадағалауға және шекаралық елдерден тасымалданатын заңсыз тауарларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румастың айтуынша, ЕАЭО дамып келеді, дегенмен де кедергілер баршылық. Алайда олар өздігінен жойылып кетпейді. «Екі жыл қатарынан бастамашысы Қазақстан Президенті болып табылатын цифрландыру отырысына қатысып отырмыз. Цифрландыру өз кезегінде мүше елдердің экономикасының технологиялық мүмкіндіктерін арттырады. Таяу уақытта IT саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз. Бір терезе қағидасымен электронды құжат айналымын енгізу, тауарларды бақылауды қамтамасыз ету, экономиканың көптеген салаларында цифрлық технологияларды пайдалану бәселекестікті арттырумен қатар өзара ықпалдастықты нығайта түседі, деп атап өтті.
Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мухамедкалый Абылгазиев Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында көптеген сындарлы мәселелердің шешілгендігіне тоқталды. Цифрлық трансформация алдағы уақытта мүше елдердің ынтымақтастығын жаңа биіктерге көтереді деп атап өтті. Биылғы жылғы екінші отырыс сәуір-мамыр айларына көзделіп отырса, қырғыз үкімет басшысының ұсынысына орай үшінші кездесу тамыз айында Ыстық көлдің жағалауында Чолпон Атада өткізу жоспарланды.
Ресей Үкімет басшысы Дмитрий Медведев бүгінде көптеген бағыттар бойынша ықпалдастыққа қол жеткендігіне тоқталды. Өткен жылдың 10 айында одақаралық сауда көлемі 12, сыртқы серіктестермен сауда айналымы 20 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер нақты емес, дегенмен де маңыздысы бизнес орта Одақ ықпалдастығын белсенді пайдалануда. Бұл жерде сапаға да, бағаға да баса назар аудару қажет. Ұлттық валюталарды өзара саудада кең көлемде пайдаланумен қатар, цифрландыруда бірыңғай жүйені қалыптастыру, ішкі нарықтағы кедергілерді жою уақыт күттірмейтін мәселелер.
Еуразиялық экономикалық комиссияның ықпалдастық және макроэкономика бойынша министрі Татьяна Валовая ЕАЭО даму ықпалдастығы туралы стратегиялық құжаттың ағымдағы жылдың соңына дейін дайындалатындығын жеткізді.
ЕАЭО аясындағы 2025 жылға дейінгі кезеңдегі ықпалдастықты дамыту туралы құжат жобасы жылдың соңына қарай мүше-мемлекеттер басшыларының назарына ұсынылатын болады. Құжатта экономикалық байланыстардағы кедергілерді жою, инфрақұрылымдық жобаларды, инновацияларды дамыту, газ тасымалы тарифтерін қалыптастару, банк және салық қызметін үйлестіру, т.б. мәселелер қарастырылмақ.
Еуразиялық экономикалық комиссия төрағасы Тигран Саркисян Үкімет басшылары отырысында қарастырылған 16 құжаттың әрқайсысында өз басымдықтары бар әрі интеграциялық бірлестік жұмысын дамтуға арналған деп атап өтті. Маңызды құжаттар аясында Еуропалық кәсіпорындарды құру мәселесі айтылды. Кәсіпорындарды жүргізу мүше-мемлекеттер аумағында жүзеге асады әрі оған өзге де елдердің қатысуы қарастырылған.
Бүгінде қол жеткен келісімдерде бірқатар кедергілер орын алуы мүмкін. Ол нормативтік құжаттар аясында реттелетін болады. Цифрлық ықпалдастықта да бірқатар жетістіктер бар, дегенмен де сапаға көңіл бөлу қажет. Мүше-мемлекеттер мамандарымен жүргізілетін Цифрлық орталық офистің жұмысына бүгінге дейін 40-қа жуық ұсыныс түсіп, 8-і мақұлданған. Тигран Саркисянның айтуынша, қазақстандық әріптестер таранынан еңбек нарығын да цифрландыруға байланысты ұсыныстар айтылған. Еңбек нарығы смарт келісімдер, Одақтың заңнамалық құжаттарымен реттелетін болады. Жоғары кеңес деңгейінде бекітілетін механизмдер қарастырылып, паспорты жасалады. Алкоголь нарығы қауіпсіздік әрі техникалық регламенттер аясында жүзеге асады.
Мүше-мемлекеттер үшін нарық ортақ. Осы орайда тауарлардың кедендік реттелуі, бюджеттегі кеден салығының қалай реттелетіндігі де Үкімет басшыларының назарында болды. Сондай-ақ ортақ газ нарығын қалыптастыруда газ тасымалы бағасын анықтау әлі де жалғасын табатын болады. Тауарларды сертификаттаудың да өзіндік жүйесі бар.
Бүгінде макроэкономикалық жағдайы тұрақты деп бағаланып отырған ЕАЭО мүше-мемлекеттерінің Үкіметаралық кеңес отырысы сонымен қатар бірнеше жылдар бойы қарастырылып келе жатқан кеме қатынасы бойынша Келісімдерді де назарда ұстады. ЕАЭО туралы келімсім-шартқа сәйкес әзірленген Келісім аясында бірыңғай көлік кеңістігін қалыптастыру, ішкі су көлігі саласындағы ортақ көлік қызметі нарығын құру мәселесі талқыланды.
Мүше-мемлекеттер үшін барлық бизнес үдерістерді жетілдіруде оң қадамдармен қатар тәуекелдер де басым. Осы тұрғыдан алғанда цифрлық кеңістіктегі барлық заңнамалық құжаттар ортақ болуы қажет. Сонда ғана үйлесім мен ықпалдастық дами береді.
Эльвира Серікқызы,
«Еqemen Qazaqstan»
Алматы
Дереккөз: http://egemen.kz/