«Тәтті кітап» оқуға қызықтырады
Шараны ұйымдастырушы «Каспий» шаңырағының педагог-кураторы Ақгүл Сарманованың айтуынша, байқауды өткізудегі басты мақсат – балаларды кітап оқуға ынталандыру, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «100 кітап» жобасының танымалдылығын арттыру.
– Мектебіміздегі кітапсүйер оқушылардың басын біріктіріп, «DARA» атты оқырмандар клубын құрдық. Аталған ұйым балалар мен ата-аналар арасында кітап оқудың танымалдылығын арттырып, шығармаларға жарнама жасауды, ата-ананы мектеп өміріне белсенді араластыруды көздейді. Нәтижесінде, клуб мүшелері осындай қызықты сайысты өткізуді ұсынды, – дейді ол.
«Тәтті кітап» жобасы аясында әрбір шаңырақ екінші тоқсан соңында жеребе көмегімен оқитын үш кітапты анықтайды. Кейін ол кітаптарды оқып, сынып болып талқылау жүргізеді. Жарыс күні жарыс талаптарына сәйкес торт дайындап, оны көпшілік алдында қорғап, өздері дайындаған торт-кітапқа жарнама жасады. Жалпы көлемде оқушылар 50-ге жуық кітап оқыды.
Сайыста қазылар алқасының шешімімен Э.Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі негізінде «Маңғыстау» шаңырағының қатысушылары дайындаған тәтті ең үздік торт деп танылды. Ал «Қарақия-1» тобы С.Назарованың «Мой зеленоглазый аруах» кітабын және «Ақорда-2» шаңырағы А.Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын бейнелеп екінші орынды иеленсе, үшінші орын Б.Шоудың «Пигмалионын» бейнелеген «Қарақия-2» тобына және Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» кітабын суреттеген «Ақорда-1» тобына, Антуан де – Сент Экзюперидің «Маленький принц» кітабын бейнелеген «Саура» шаңырақтарына бұйырды.
– Мұндай қызықты жарысқа алғаш рет қатысып тұрмыз. Біз өзімізге ерекше әсер қалдырған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасының желісінде торт дайындадық. Бұл туындыда жазушының балалық шағында басынан кешкендері, отбасы туралы баяндалған. Ерекше әсер сыйлайтын кітапты оқуға кеңес береміз, дейді «Тамшалы» шаңырағынан қатысқан Назгүл Қуантқан мен Қуаныш Беатрисс.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/