Еліміздегі ең жас мектеп директоры жайлы не білеміз? — новости Казахстана

0

Астанадағы №54 мектеп-лицейінің еліміздегі орта білім ордаларынан ерекше екенін көпшілік біле бермейді. Оқу орнында айрықша ұстаздар бөлмесінен бастап, оқушыларға арналған анти-кафеге дейін бар. Ал ең қызығы, білім ордасының тізгінін жасы 27-ге енді келген жас ұстаз Шәкәрім Сейсенбай ұстап отыр. NUR.KZ тілшісі еліміздегі ең жас мектеп директорымен сұхбаттасып, жас маманның табысқа жетуінің құпиясымен танысып қайтты.

Фото: Instagram

Фото: Instagram

Шәкәрім, сіз көпшілікке еліміздегі ең жас мектеп директоры ретінде танылдыңыз. Әрине, қазақта «жас келсе іске» деп жатады. Десе де білдей бір мектептің тізгінін осындай жас кезіңізде ұстауға жүрексінбедіңіз бе?

— Негізі білім саласында жүргеніме 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеген уақытта, онда қандай да бір өзгеріс енгізу үшін мектеп басшының ролі маңызды екенін түсіндім. Сондықтан өзімнің ойымдағы идеяларды іске асыру үшін бір мектепті басқарып көру керек деген шешімге келдім. Сондай-ақ, мектепті басқару үлкен тәжірибе, таптырмайтын мүмкіндік екенін түсіндім. Сөйтіп өтінім жазып, арнайы сынақтан өтіп, осы қызметке келдім.

Осы қызметке кіріскенде «Мектеп басшылығына тым жас маман келді, тәжірибесі аз» деп сынағандар болды ма?

— Бізде білім саласына үлкен өзгерістер мен реформалар керек. Алайда ондай өзгерістер енгізген кезде, ұстаздар оған қарсы болуы мүмкін. Неге? Себебі көпшілікке өздерінің үйренген, жаттыққан жұмысы ыңғайлы. Олар күнделікті «ыңғайлы жұмыс алаңынан» шығатын сәтте қиындықтарға тап болады. Ал қандай да бір жаңашылдықты енгізген уақытта, әр мұғалімнің тілін тауып, оның көңілінен шығатындай жағдай жасау керек. Жалпы мектеп ұжымы мені жылы қабылдады.

Анаңыз да мектеп директоры болған екен. Анаңызбен мектеп, білім, тәрбиеге қатысты келіспей қалған кездеріңіз болды ма? Осы қызметте анаңыздың кеңесіне жүгінесіз бе?

— Әрине адам неғұрлым бір салада көп жылдар бойы еңбек еткен сайын, оның тәжірибесі де соғұрлым көп болады. Сол сияқты менің анамда да маған қарағанда тәжірибесі көп. Сол себепті анамнан, бізден жасы үлкен тәжірибелі директорлардан кеңес сұрап, айтқан ақылдарына құлақ асып тұрамыз.

— Сіздің жеке телефон нөмеріңіз оқушыларда да, ата-аналарда да бар екен. Сонда, қандай жағдай болмасын, сізге жекеге шығып, оқушылар, ата-аналар өз проблемаларын айта алады ғой?

— Иә, дәл солай. Мектепте тез арада өзгеріске жетудің жолы – ол басшының барынша ашық, қолжетімді болуы. Неғұрлым ашық болған сайын, мектептегі проблемалардан тез хабардар боласыз және оны тез арада шеше аласыз.

Мектеп директоры қызметіне келгеннен кейін, бір жыл ішінде мектеп адам танымастай өзгеріп кеткен. Жаңа бастамалар білім сапасын қаншалықты арттыра алды? Нәтиже бар ма?

— Бұл жаңашылдықтар оқу процесіне әсер етпес, десе де ол мектептегі оқу шарттарын ыңғайлырақ ете түседі. Себебі, білім ордасындағы осындай алаңдар ұстаздардың да, оқушылардың да оқуға деген құлшынысын жоғарылатады. Мұның барлығын ата-аналармен, оқушылармен, мұғалімдермен коммуникацияны жақсарту үшін жасап жатырмыз, яғни бұл оларды ынталандырудың тек бір құралы ғана деп қарастырған жөн. Біз бастапқыда сараптама жасаған кезде мұғалімдердің әркім өз бетінше жүретінін байқадық. Сондықтан осындай орта жасап, араларындағы «Ice Breaking»-ті ерітуге тырыстық.

— Ал тәртіп жағы қалай? Осындай жаңашылдықтар енгіземіз деп, оқушыларға еркіндік беріп, босаңсытып алған жоқсыздар ма?

— Мектептегі тәртіп дегенде, ойымызға алдымен «балалар мектепте қатты күлмеу, жүгірмеу, секірмеу керек» деген ескертпелер еске оралады. Бірақ бала болған соң, олар жүгіріп ойнап, секірмей тұрмайды. Бізде бұрыннан қалыптасқан «стереотип» бар. Барлығы «робот» сияқты түзу жүру керек деген. Тәртіп деген менің түсінігімде мектептің ережесіне бағыну, бір-біріне құрметпен қарау, оқушылар мұғалімдерді құрметтеу керек, ұстаздар бір-бірін сыйлауы тиіс және тағы басқалары. Оқушы мұғалімді қорыққанынан емес, адам ретінде сыйлағанынан құрметтеуі шарт.

Елімізде биыл алғаш рет «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданғалы жатыр. Егер осы заң қабылданса, «ұстаздар» айналасындағы шешілмей жүрген мәселелер өз шешімін таба ма?

— Менің ойымша, бұл заң тек қағаз жүзінде қалмай, бәрі іс жүзінде де жасалуы тиіс. Үлкен жауапкершілік мектеп басшылары мен әкімшілігіне түсетін болады. Мектеп директоры мұғалім мен ата-аналар арасында қандай да бір кикілжің туған уақытта, педагогты барынша қорғап, қолдауы керек. Себебі, олардың барлығы мұғалімге де, оның жұмысына да әсер етеді. Ал заңдағы мұғалімдерге әлеуметтік жағынан көмек көрсетуі, әрине керемет бастама.

— Өткенде желіде Алматы облысында колледж мұғалімі студентке қол көтерген жағдай қоғамды дүрліктірген еді. Осы жағдайға байланысты пікіріңізді білсек?

— Қазіргі таңда оқушыларға олай қол көтеруге, қатты сөз айтуға болмайды. Қазір мектептер бұрынғы медреселер сияқты емес. Біз жан-жақты дамыған баланы өсіруге тырысуымыз керек. Жалпы мұндай жағдайда мұғалім кәсібилігін көрсету керек. Яғни, жұмыста эмоцияға берілмеуі тиіс. Егер оқушы оны өз-өзінен шығаратындай деңгейге жеткізсе, мұғалім оны «өз айласына» түсірудің жолын табу керек. Сондықтан менің пікірім — бұндай жағдайдың орын алуы дұрыс емес.

Қазір мұғалімдерге ағылшын тілі үйрету мақсатында, арнайы үш айлық курстар да енгізілуде. Осыншалықты аз уақытта мұғалімдер тіл меңгере ала ма?

— Жас ерекшеліктеріне қарамай үйреніп жатқан мұғалімдер де бар. Көп жағдайда пробема тіл үйренуде емес, мұғалімдердің стереотипінде болып отыр. Мысалы мектебімізде бір оқушының атасы бар. Жасы 70-те, ағылшын тілін үйреніп жүр. Адам қызықса, тіл үйренуге ресурстар көп. Қандай да бір жаста тіл үйрену қиын емес, адамда тек ынта болса болғаны. Ағылшын тілі – әлемнің тілі. Егер алдыға қарай дамимыз десек, біз жаңа дүниелерді үйреніп, өзіміздің құндылықтармызды ұмытпауымыз керек.

Біліуімізше биыл ҰБТ-ны тапсыруға қатысты ережелер өзгертілген, яғни, енді тестті үш рет тапсыруға болады. Тесттен құлаған оқушыға осындай мүмкіндік берілгені жөн бе?

— Бұрынғы форматтағы ҰБТ-ның бір кемшілігі – баланың 11 жыл бойы алған білімін бір күн, бір емтихан, үш сағаттық мөлшерде алдағы төрт жылдық өмірін шешетін еді. Бұған қоса он бір жылдық жинап келген білімін сол үш сағаттық емтихан бағалайтын. Мұнымен келіспейтін едім. Өзім де «Алтын белгіге үміткер» болдым, бірақ қорғай алмадым. Ал қазіргі жасап жатқан өзгерістер ол тек бастамасы ғана. Ол қадамдар болу керек, жасалу керек, өзгеру керек. Себебі, ҰБТ-ның сапасын онсыз өзгерте алмаймыз.

Ең жас мектеп директоры ретінде замандастырыңызға қандай кеңес айтар едіңіз?

— Біз тәуелсіздік алған уақытта дүниеге келдік. Бұл тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмеді. Біздің мақсатымыз – сол туды жерге құлатпай, бізден кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Ол үшін біз өзімізді жан-жақты дамытып, білімде де, спортта да және басқа да салаларда көшбасшы болуға тырысып-бағуымыз керек. Замандастарым осыған ұмтылса екен деймін.

Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: kaz.nur.kz