Головкин DAZN-мен келісімшартқа отырды
Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин DAZN телеарнасымен екі жекпе-жекке келісімшарт орнатты.
Головкин чемпиондық деңгейдегі спорттық жолының көп бөлігін НВО телеарнасында өткізген болатын, алайда, 2018 жылдың соңында кабельдік тележүйе енді боксты көрсетпейтінін және 2019 жылдан бастап бокс жекпе-жектерін трансляцияламайтыны туралы шешім қабылдаған.
Головкиннің негізгі таңдауы үш телеарнаға түскен — бұл АҚШ аумағында Эдди Хирн басқарған DAZN, Эл Хэймон басқарған Boxing Champions және Боб Арум жетекшілік еткен ESPN еді.
DAZN бірінші жекпе-жекті өткізу үшін басқалардан гөрі аз қаржы ұсынған болатын. Алайда, келісімшарт талаптары бойынша, Головкиннің бұл телеарнадағы екінші жекпе-жегі Альвареспен болуы әбден мүмкін. Геннадийдің бұл екі айқас үшін алатын гонорары кем дегенде 10 миллион долларды құрап отыр.