Мемлекет тиімділігінің басты өлшемі – халық табысы мен өмір сүру сапасы

0

Экономика өсімі 4 пайыздан асты

– Жалпы 2018 жылдың көрсеткіштері эко­номиканың барлық саласында жақсы деп айтуға болады. Соның нә­тиже­сінде халыққа әлеуметтік қызмет көр­се­тетіндей жағдай болды. Атап айтсақ, экономиканың өсімі 4 пайыздан асты. Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өсімнен жоғары. Негізінен саудада – 7,6, көлікте – 4,5, өнеркәсіпте 4 пайыздан астам өсім бар. Инфляцияның өткен жылғы көр­сет­кіші 5,3 пайызды құрады. Солай деп жос­парлаған едік. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 пайыздан асты. Бұл да жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Аталған экономикалық көрсеткіштердің барлығы халық тұрмысын жақсартып, нақты табысының артуына өзінің үлесін тигізеді, – деді Президент.

Отырыста еліміздің өткен жылғы әлеу­мет­тік-экономикалық даму қоры­тындысы мен биылғы жоспары жайын­да баяндаған Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев Елбасының өткен жылы жел­тоқ­санда «Сары­арқа» газ құбырының құрылысын бастауға рұқ­сат бергеніне тоқталды. 

– Бүгінде құрылысты қар­жы­лан­ды­ру­дың мәселелері шешіліп, бас мердігер анықталды. Жобаны жүзеге асыру мен газ құбырын пайдалану ке­зеңінде 1 900-ге жуық жаңа жұмыс ор­ны құ­рылады, – деді Е.До­саев.

Ол 2018 жылдың 1 шілдесінен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бас­­та­лып, осы бағдарлама бойынша 43, 7 млрд теңге сомасына 3 600 не­сие бе­ріл­гендігін, жалпы 92 млрд теңге­ден астам сомаға өтінімдер келіп түскен­дігін айтты. Сонымен қатар өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған 2,7 млн адамның арасында 1,8 млн адам­ның мәртебесі өзектендірілгенін жет­кіз­ді. Қалған 900 мың адам бойынша тиіс­­ті жұмыстар жалғасуда және осы ба­ғыт­­тағы шаралар жыл соңына дейін аяқталады.

– Көрдіңіздер ме, бұл проблеманы шешуге болады. Көп жылдан бері өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі айтылып келген еді. Енді бұл жұмыспен тың­ғы­­лықты айналысқаннан кейін, мәселеге қа­тысты лайықты шешім шығаруға болады, – деді Елбасы Үкімет басшысының орын­басары Е.Досаевқа қарата айтқан сөзінде.

– 90 млн тоннадан астам мұнай мен 55 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Мұнай өңдейтін барлық үш зауытты жаңғырту жұмыстары аяқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі мұнай өнімдеріне бөлшек баға өсімі байқалған жоқ. Биылдан бастап бензин, дизель отыны, авиакеросин мен битумге ішкі қажеттілік қамтамасыз етіледі, – деді Е.Досаев.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған сектордағы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,1 пайызды құрап, оның 70 пайызы шикізаттық емес сектордың есебінен қамтамасыз етілген.

Премьер-Министр орынбасарының сөзінше, цифрландыруға қатысты ден­сау­лық сақтау саласында біршама же­тіс­тік бар. Осының нәтижесінде емхана­лар­дағы кезек күту азайған. 

– Емханалардағы ке­зек­ті төмендету мен қолжетімділікті арттыру үшін 1 142 жаңа дәрігерлік учаске, 97 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысаны құрылды. Сонымен қатар дәрі­гер қа­был­дауына онлайн режімде жазы­лу енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде емхана­лар­дағы адам кезегі екі есеге төмендеді, – деді Е.Досаев. 

Оның айтуынша, азаматтардың 90 па­йызында электронды денсаулық паспорттары бар. Сәйкесінше, елдегі барлық медициналық мекемелер электронды құжат айналымына толық көшті.

Мұнан кейін сөз алған Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев: – Жолдауда бел­гіленген тапсырмалар аясында эконо­ми­каның басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмі іске қосылды. Жобаларды қаржыландыру механизмдері бекітіліп, алғашқы банк несие беруді бастап кетті. Алайда 600 млрд тең­гелік бұл бағдарламадан бөлек, Ұлттық банк ақшалай несие беру саясатының тиімділігін арттыру жұмысын күшейтеді. Ұлттық банк аталған секторды әлсіз әрі тиімділігі төмен банктерден тазарту жұ­мысын жүргізді. Бұрын айтқанымыздай, біз өткен жылдардың қателіктерін ескере отырып, заңнамалық тұрғыда жұмыстың қатал ережесін енгіздік, – деді.

Ұзақ мерзімді бизнес-жобаларға 600 млрд теңге

Ұлттық банк төрағасының сөзін тың­­даған Мемлекет басшысы бизнесті да­мы­­туға бағытталған 600 млрд теңге ұзақ­мер­зімді жобаларға жұмсалуы керек­тігін тілге тиек етті.

– Нақты осы қаражатты қандай ны­­сан­­­дарға жұмсайтынымызды ай­қын­­­­да­­ды­ңыздар ма?, – деп сұрады Пре­­­зи­­дент.

Мемлекет басшысының бұл сұрағына Премьер-Министрдің орынбасары Ер­бо­лат Досаев жауап берді. 

– Біз «Атамекен» ҰКП және негізгі мемлекеттік органдар­мен бірге тауарлы позицияларды да айқындадық. Сома белгіленді. Қатысушылар дайын. Ақпан айынан бастап белсенді түрде несие беруге дайынбыз, – деді.

Мемлекет басшысы нақты жұмыс атқару керектігін ескертті. – Егер ке­зінде несие алған әлсіз ком­пания­ларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ бо­лып кетеді де, банктер қолайсыз жағ­­­дай­­да қалады. Тек өз жұмысын көрсете біл­­ген компанияларға ғана беру керек. Біз бұл туралы әлі сөй­ле­семіз, – деді Н.Назарбаев.

Д.Ақышев өткен жылы «7-20-25» бағдар­ла­масы іске қосылғандығын, ендігі кезекте, несие беру ауқымын кеңейтуді жоспар­лап отырғандарын, 2019 жылы Ұлт­тық банк Қазақстан азаматтары отан­дық көлікті сатып ала алатындай жедел түр­де бағдарлама әзірлеп, несие беруге дайын екендігін жеткізді. 

– Бұл іс те «7-20-25» бағдарламасының үлгісіне сүйене отырып жұмыс істейді. Аталған бастама импортты алмастыруға сер­пін беріп, импорттық тауарлардың жа­ғымсыз сипатта өсуін тоқтатады, – деді ол.

Өз кезегінде Президент бұл автомобиль өнеркәсібіне оң әсерін тигізетінін атап өтіп, бастамаға қолдау білдіретінін айтты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің мә­лім­­деуінше, базалық металдарға қатыс­ты әлем­дік бағаның төмендеуіне, негіз­гі сау­да әріп­тестерге қатысты санк­ция­ларға жә­не басқа да сыртқы факторларға қара­мас­тан, 2018 жылдың қорытындысы бойын­ша ел өнеркәсібі 4,1 пайызға өсті. Бұл тау-кен секторының 4,6 және өң­деуші өнеркә­сіптің 4 пайызға озық қар­қынмен өсуі есе­бінен орындалды. Өнер­кәсіп саласы бойынша өңірлер арасында Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласы көш бастап келеді.

– Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпы құны 7,9 трлн теңге болатын 1 250-ден астам жоба іске қосы­лып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрыл­ды. Ал 2018 жылы құны 1,3 трлн теңге болатын 100 жоба іске қосылып, 13 мың­нан астам тұрақты жұмыс орны ашылды, – деді Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, 2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланған, бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Министрдің дерегінше, 2018 жылы бір тұрғынға тұрғын үйді беру 0,68 шаршы метрді құрады. Бұл ТМД елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш. 113 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды, оның ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 14 мыңнан астам отбасы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Барлық өңірде тұрғын үйді беру бойынша оң серпін байқалады. 

Елбасы тұрғын үй құрылысында отандық материалдарды пайдалану ел экономикасының локомотиві болып саналатындығын баса айтты.

– Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құрады. Осыған байланысты деңгей 2017 жылы 5 пайызға, оның ішінде тұрғын үй құрылысы бо­йынша 86 пайызға артты, – деді министр.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Президент тапсырмасы бойынша алғашқы ұлттық төмен бюджетті Fly Arystan авиакомпа­ниясын іске қосу жоспарланған. – Ал­ғаш­қы жылы 1 млн жолау­шы­ға дейін тасымалдау жоспарлануда, бұл «Эйр Астананың» бағасынан 2 есе төмен, – деді Ж.Қасымбек.

 Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аяқталғаннан кейін бірден облысішілік, ауданішілік жолдарды салуға ойысу керектігін ескертті.

– 2025 жылға қарай жергілікті жол­­дар­дың 85 пайызы жақсы және қана­ғат­­та­нар­лық жағдайда болады деп күті­луде, – деді министр осы бойынша атқа­рылатын жұмыстарды баяндай келе.

АӨК әлемдік сұранысқа дайындалуы керек

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмір­зақ Шөкеев өзі жетекшілік ететін сала жұмысына тоқталды.

2018 жылы агроөнеркәсіптік кешен­дегі еңбек өнімділігі бір жұмыспен қам­тылған адамға шаққанда 2 млн 5 мың теңгені құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары» деген ол өткен жылдың қорытындысы бойынша бидайдың әр гектарынан – 12,5 мың теңге, рапстан – 57 мың тең­ге, күнбағыс пен зығырдан – 22 мың теңге, суармалы жерлерде де мақтаның әр гектарынан – 300 мың теңге, картоп пен көкөністен – 1 млн теңге, бақ­ша дақылдарынан – 1 млн теңге және жеміс-жидектен 10-11 млн теңге та­быс алынғандығын айта келе, осының мы­салында тиімділікті ескере отырып, қазірдің өзінде егістердің құрылымы өз­гергендігін, 2018 жылы майлы тұқым­дар­дың жалпы жиналымы 2,7 млн тоннаны құрағандығын айтты. Қазақстан зығыр өндіру бойынша алғаш рет әлемде 1-орынға ие болды, оның көлемі 930 мың тоннаға дейін жетті. 

Осыған орай Елбасы мына мәселені ескертті: – Ауыл шаруашылығы саласы болашақта экономиканы дамытудың негізгі драйвері болатынын үнемі айтып жүрміз. Барлық елдер өздерінің жерлерін игеріп болды. Дүние жүзінде әлі игеруге болатын жер Қазақстан, Ресей, Украинада қалды, – деген Елбасы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

– Егер де барлық елдер АҚШ-тағы се­кілді азық-түлікті көбірек тұтына­тын болса, әлемдегі азық-түлік 2,5 млрд адамға ғана жетеді. 2040 жылы жер бетінде 8,9 млрд халық болады. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты бар­лығы бізге келеді. Осы үрдістерге дайын­далу керек. Ауыл шаруашылығы сала­сының әлеуетіне жекелей қарау қа­жет. Қанша қаржы керек болса, соны бе­рейік. Бірақ нақты нәтижеге қол жет­кізу керек, – деді Мемлекет басшы­сы Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таевқа қарата айтқан сөзінде.

Ө.Шөкеев еліміздің солтүстік өңір­лер­інде суармалы жерлерді көбей­туге қа­­тыс­ты шаралар іске асырылатынын баяндады.

– Ірі жекеменшік компаниялар мем­лекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жерлерді мелиорациялауға қатысуға дайын. Өткен 10 жылда елде жылына орташа есеппен 2-3 мың гектар суармалы жер ай­налымға енгізілген болса, 2018 жылдың өзінде 65 мың гектар жер пайдалануға берілді, – деді Ө.Шөкеев.

Өңірлердің әлеуметтік-экономи­калық дамуы жайында Жамбыл мен Батыс Қа­зақ­­стан облыстарының әкімдері Асқар Мыр­­­зах­­метов пен Алтай Көлгінов сөз алды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ми­нистрлердің баяндамалары тыңдалған соң, Елбасы экономиканың барлық сала­сындағы индикаторларды атап көрсе­тіп, қай бағытқа басымдық беру керек­тігін, қандай кем-кетік тұстардың орын алғандығын жіпке тізді. Алдымен Мем­лекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банк және облыс әкімдері өткен жылы ай­тар­лықтай жұмыс жүргізгенін, оң нәтиже дамудың оңтайлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті. 500 мыңға жуық адам жұмысқа ор­на­­ластырылды, 113 мың отбасы жаңа бас­пана алды. Кәсіпкерлік үшін барынша қо­лайлы жағдай жасалды, − деді Пре­зидент.

Сонымен қатар әлемдік экономи­ка­д­а­ғы үрдістерге назар аударып, эконо­­микалық өсу қарқынын одан әрі қамта­масыз ету қажеттігін атап өтті.

− Өткен жылы мемлекеттік әлеу­мет­­тік сая­сатты жүйелі түрде қайта қарау бас­тал­ды. Бес әлеуметтік баста­ма, жа­­қында Қазақ­стан халқына Жол­дау және жастар үшін қабылданған әлеу­мет­тік пакет шең­берінде барлық қазақ­стан­дық­тардың әл-ау­қа­тының артуын қамта­масыз етуге зор қа­ражат жұм­салады. Бүгінде барлық ел­дер әлеуметтік ­шығыстардың ұлғаюына мүм­кіндік бере алмайды, − деді Н.Назарбаев.

ШОБ-тың дамуына әкімдер жауапты

Елбасы бұдан былай ха­лық­тың табысы мен өмір сүру сапасы мемлекет тиімділігінің басты өлшеміне айналатынын және әр министр мен әкімнің жұ­мысы осы бойынша бағаланатынын атап өтті. Отырыс барысында Президент бар­­лық бағдарламалық құжаттардың орын­­д­а­лу барысы мен нәтижелеріне жеке тоқ­талды.

−Ұлт жоспарында мемлекеттің рөлін төмендетуге, жеке бизнесті дамы­туға, бәсе­келестік пен заңның үстем­дігі­не негіз­делген экономиканың жаңа мо­делін қалып­тастыру міндеті қойыл­ған. ІЖӨ-нің өсуі, ең алдымен, тиімді­лік­ті, еңбек өнім­ділігін арттыру, шағын және орта кәсіп­кер­лікті күшейту есебі­нен жүргізілуі тиіс. Соңғы жылдары эко­но­микадағы шағын және орта кәсіпкер­ліктің үлесі 25-27% деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға және 2050 жылға қарай кемін­де 50%-ға жеткізу көзделген, − деді Н.Назарбаев.

Елбасы бизнестің жол картасы аясында мемлекеттен 385 миллиард теңге бөлінгенін, 20 мыңнан астам жобаға қар­жы­лай қолдау көрсетілгенін, 180 мыңға жуық кәсіпкер тиісті оқудан өткенін атап өтті. Десе де осы саладағы бірқатар мәсе­лелердің шешімін таппай отырғанын, кей өңірлердің көрсеткіші төмен екенін де баса айтты. 

– Даму үшін үлкен әлеует бар. Мы­салы, тек реттелетін сатып алу көлемі 11 триллион теңгеден асады. Сарап­шылар құны 1 триллион теңге болатын импортталатын тауарлар мен қызметтерді ішкі өндіріспен алмастыру мүмкіндігін бағалайды. Со­нымен қатар Павлодар және Түркістан облыстарында шығарылған ШОБ өнімінің көлемі төмендеді. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, талқылауды тапсырамын. Әр әкім шағын және орта бизнестің дамуына жеке жауап береді. Үкіметте Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ер­болат Досаев жеке жауап береді, − деді Президент.

Осы ретте экономикаға мемлекеттің қатысу және бәсекелестік нарықтарды кеңейту мәселелеріне жеке тоқталып, монополияға қарсы қызметтің жұмысы бәсекелестік нарықты қалыптастырып, бизнесті кеңейту екенін жеткізді. 

− Жеке сектор экономика өсуінің және еңбек өнімділігінің негізгі драй­вері болуы тиіс. Әрбір әкім өңір эко­номикасының қан­дай құрылымы болатынын, даму қандай саланың есебінен екенін, қандай бағыттар жұмыс орындарын және халықтың табысын қамтамасыз ететінін нақты көрсетуі тиіс, − деді Мем­лекет басшысы.

Осыған орай облыс әкімдеріне «Ата­ме­кен» ҰКП-мен бірлесіп, өңірді дамыту перспективасы аясында жұмыс орындарын құруға бағытталған әрбір облыстың даму жоспарын қалыптастыру тапсырылды. Экспорт құрылымындағы қайта өң­дел­ген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үле­сін арттырудың және халық үшін әлеу­меттік маңызы бар тауарларға тариф­тер мен бағаларды бақылауды қамта­масыз етудің маңыздылығын атап өтіп, мал шаруашылығын дамыту және ішкі на­рықты отандық өндірістің ауыл шаруа­шылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мә­се­лелеріне ерекше назар аударды. Елбасы сондай-ақ индустрияландыру бағдарламасын жү­зеге асы­ру қорытындылары мен негізгі ка­­пи­­тал­ға инвестиция тарту процесіне тоқ­талды.

– Индустрияландырудың екінші бес­жылдығы аяқталуда. Өнеркәсіпті дамытуда маңызды рөл атқарған 1250 жоба іске асырылды. Елді үшінші жаңғырту үшін негізгі капиталға жылына ІЖӨ-ге 30%-дан астам деңгейде инвестициялар тарту қажет. Соңғы жылдары бұл көр­сеткіш 20%-дан кем. ІЖӨ-ге қатысты кре­диттердің үлесі де төмен болып қалу­да − 25% деңгейінде. Әңгіме нақты сек­торға инвестициялардың жетіспеуі тура­лы болып отыр. Ұлттық банк бел­сенділік танытып, экономикалық өсуге жәрдемдесуі керек, – деді Елбасы.

Бұл ретте, Мемлекет басшысы нақты сектор мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша жүйелі шешімдер әзірлеуді, сондай-ақ дамыған елдердің инвесторларына баса назар аудара отырып, инвестицияларды тартудың кешенді экожүйесін құруды тапсырды.

– Әрбір салалық министрлікте, әкім­­дік­терде, ұлттық компанияларда инвес­ти­циялық жұмыс пен экспортқа жеке жауап беретін нақты орынбасар­ды бекіту қажет. Үйлесімді жұмыс үшін тиімді өзара іс-қимылды құру қа­жет. Біз 500-ден астам жаңа өнім түрін шығарамыз, экспорт әлем­нің 110 елін­де жүзеге асырылуда. Алайда, экономи­ка құрылымына нақты әсер ете ала­тын жобалар аз. Жоғары өңделген өнім экспортының көлемі іс жүзінде өз­геріссіз қалады, − деді Мемлекет басшысы.

Өңіраралық жолдарға басымдық беріледі

Елбасы ерекше атап өткен сала­лардың бірі – қаржы секторы. Елдің қаржылық және банк жүйесіндегі жағдай күрделеніп, соңғы 3 жылда банкротқа ұшыраған кәсіпорындар саны 2 есеге, яғни 3,7 мыңға дейін өскен. Қазір олардың қарызы 4 триллион теңгеден асады. Елімізде берілген несиелердің басым бөлігі шағын кәсіпкерлікке тиесілі. Мемлекеттен несие алған кәсіпкерлердің қарызды қайтару үшін меншік капиталдары жетпейтіндігі анықталып, борышкерлер тізімі артып отыр. Осы ретте, Мемлекет басшысы банкроттық рәсімдерді оңайлатудың және олардың ашықтығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

− 5 жыл ішінде заңнамаға 30-ға жуық өзгерістер енгізілсе де жағдай жақ­сар­май отыр. Банкроттық рәсімі қаржы­лық сауық­тыру мүмкін болмаған кезде қол­да­ны­лады. Осы мәселелерді нақты және жү­­йе­лі түрде шешу Премьер-Министр Б.Са­­ғын­таевқа тапсырылады, − деді Пре­зи­дент.

Бұл ретте, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Елбасы 3 жыл ішінде көлеңкелі эко­номиканың үлесін кемінде 40%-ға қыс­қарту міндеті қойылғанын еске салды. 

− Заңды тұлғалар үшін банктер арқылы қолма-қол ақша алудың шекті көлемін белгілеу мүмкіндігін зерттеу қажет. Үкімет жеке тұлғалар үшін негізгі қарызды төлеген жағдайда айыппұлдан босатып, салық амнистиясын жүргізуі керек, − деді Мемлекет басшысы.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөле отырып, Қазақстан Президенті Үкімет пен әкім­дік­тер алдына бірқатар міндеттер қойды.Оның ішінде облыстық және аудандық жол­дарды салуға назар аударып, өңірлерді ин­фра­құрылымдық дамыту шараларын жалғастырудың маңыздылығын айтты.

− Менің тапсырмам бойынша Пре­зи­дент Әкімшілігі әлеуметтік зерттеу­лер­дің нәтижелері негізінде елдің проб­ле­малық мәселелерінің картасын жасады, онда әрбір аймақ бойынша жүйелі жә­не инфрақұрылымдық проблемалар бел­гіленген. Жолдардың, ауылды сумен жаб­дықтау, ауруханалардың, мек­тептердің, ТКШ мен желілердің жағ­дайын шешу үшін жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы. 

Жастар баспанамен қамтылуы тиіс

Назарға іліккен маңызды мін­дет­тердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мем­лекет басшысы өз сөзінде «Нұр­лы жер» бағ­дарламасы бойынша тұр­ғын үйдің рекорд­тық көлемі – 12,5 миллион шаршы метр екенін, бұрын-соңды мұндай көрсет­кішке қол жеткізіл­мегендігін атап өтті. 

− «7-20-25» бағдарламасы бойынша 3,7 мыңнан астам қазақстандық жа­ңа баспанаға қол жеткізді. Дегенмен, ха­­лықтың барлық санатына бірдей тұр­ғын үй бағдарламаларының қызығын көру бұйырмай отыр. Оған жеткілікті та­быстың болмауы, салынып жатқан үй­лер­дің тапшылығы сынды факторлар әсер етті, деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар миллионнан аса тұрғыны бар қала­ларда жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруды тапсырды.

− Мен «кімде баспана жоқ, соған бер» десем, әкімдер «баспана жағдайын жақ­сартқысы келгендерге берейік» дейді. Әрине, оларға беруге болады. Алайда олар­дың саны артып кетеді. Одан да бас­панасы жоқтарға берейік. Үйі барлар оны арзан бағамен алады да жалға беріп қойып ақша табады. Ал біз бүгінде бас­па­насы жоқтарды қамтамасыз етуіміз қажет. Ал олар ең алдымен жас отбасылар. Сон­дықтан халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибелерді ескере отырып, халықтың барынша мол санатына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй бағ­дар­ламаларын қайтадан бір талдауды тапсырамын, – деді Н.Назарбаев. 

Жиында Елбасы халықты сапалы білім­мен қамтамасыз ету жөніндегі жұ­мыс­тарды жалғастыруды тапсырып, елі­міздегі барлық мектепті толығымен интер­нет­пен, мектеп көлігімен қамта­масыз ету керектігін атап өтті. Отандық ден­саулық сақ­тау жүйесіндегі оң көрсет­кіштерге, өңір­лердегі ме­дици­налық қызметтерге қол­жетімділік мәсе­ле­сіне тоқталып, «Са­ламатты Қазақстан» арнайы пойыздарын іске қосу жобасының тиімділігін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы ең алдымен халық Үкімет атқа­рып отырған жұмысты сезінуі тиіс екенін баса айтты. 

– Экономиканың тұрақты өсімін 4 пайыздан кем емес деңгейде қам­та­масыз ету керек. Озық 30 елдің қата­рына қосылу үшін болашақта 5 пайыз­дық көрсеткішке қол жеткізу қажет. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 28,2 пайызға дейін жет­кізген жөн. Шикізаттық емес тауар­лар мен қызметтер көлемінің өсімін 24,7 миллиард долларға дейін, еңбек өнімділігінің өсімін 2016 жылғы мөлшерден 12,3 пайызға, инвес­тиция өсімін іш­кі жалпы өнімнен 16,8 пайызға дейін жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімнің инклюзивті моделі аясында тұрғындардың орташа жан басына шаққандағы нақты кірісін 2016 жылғы көрсеткіштен 6 пайызға дейін арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/