Түркістан облысында төрт жасар бала 5-ші қабаттан құлап кеткен — новости Казахстана
Түркістан облысының дәрігерлері 5 қабаттың терезесінен құлап кеткен баланың өмірін құтқарып қалды. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ.
Үйінде қараусыз қалған 4 жасар бала терезенің алдына шығып, тордан құлап кеткен. Абырой болғанда балақай аман қалып, алайда ес-түссіз күйде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Баланың бас миының соққысы, бас миының шайқалуы, бастың көптеген жарақаттары, жабық бас миының жарақаты, кеуде қуысының соғылуы мен денесінде көптеген жарақаттар алғаны анықталды.
«Бала ауыр халде болды. Тек төртінші тәулікте ол өзіне келді. 20 күнге жуық бала жансақтау бөлімінде жатты. Жан-жақты медициналық көмек көрсетіліп, бала аман қалды. Ем оң нәтиже беріп, бала аяққа тұрды, ата-анасы дән риза.
Негізі бізде жыл сайын бұндай 3-4 жағдай орын алады. Барлық жағдайда дәрігерлер балаларды аман алып қалды. Мұндай оқиғалар әсіресе жазғы уақытта, балаларды қараусыз қалдырғанда болады», — деді Түркістан облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.
Айта кетейік, бесінші қабаттан құлап аман қалған төрт жасар бүлдіршін бір ай емнен соң аяққа тұрған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау қаласында 4 жасар баланың бесінші қабаттан құлап, аман қалғанын хабарлаған едік.
Дереккөз: kaz.nur.kz