Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды
Мысалы, облыс орталығындағы 2017 жылы жаңадан салынған №37 қазақ орта мектебі қаланың шеткі аумағында орналасқан. Осы жердегі М.Ворушин көшесі бойында «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның мемлекет-жекешелік әріптестігі бағытында бірнеше тұрғын үй бой көтеріп, балабақшалар есік ашты. Бұл маңайдағы аумаққа ауылдардан көшіп келген отбасылар қатары да көбейді.
Алғашында ата-аналар балаларының мектепке барып-қайтуларына алаңдаушылық білдірді. Өйткені қала ішінен шеткері орналасқан мектептің балалары үшін қауіпсіздік мәселесі өзекті еді.
Сондықтан «Біз қауіпсіз мектеп үшін!» жобасы облыс орталығындағы №37 мектептен басталды. Жарқыраған жаңа мектепке цифрлы технологиялар ілесе келгендей. Оқушылар мектепке арнайы карта немесе саусақ ізі арқылы кіріп-шығады. Ата-аналарға арнайы хабарлама жолданады. Бұл ата-аналардың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік берді.
Оқушылар, мұғалімдер мектепке кіреберісте арнайы орнатылған турникеттерден саусақ таңбасын немесе картаны сәйкестендіру арқылы өтеді.
Бұдан оқушы мен мұғалімнің қай уақытта кіріп-шыққанын байқап отыруға болады. Сондай-ақ мектепке бөгде адамдардың кіруіне тосқауыл жасайды.
Смарт-жүйе асхана мен кітапханада да орнатылған. Ата-ана күн сайын баласына ас мәзірін таңдай алады. Төлем арнайы картадан бірден алынады. Оқушылар ақша алып жүрмейді. Бастауыш сынып оқушылары үшін сынып жетекшісі төлем жасайды. Тегін тамақпен қамтылатын оқушылардың ас ішу жағдайы да қарастырылған.
– Қазір балабақшаларда, мектептерде асханадан уланып қалғандары жайлы оқып, көріп жүрміз. Біздің мектептегі смарт-жүйе осы қауіптің алдын алады. Екіншіден, «Ақшасын біреу тартып алды ма екен?», «Жоғалтып алмай ма?» «Қолын жуды ма, жоқ па?» деген қауіп те жоқ. Күнделікті хабарламалар келіп, баламыздың мектепке келгені, шыққаны жазылып отырады, − дейді ата-аналар.
Мұғалімдердің «Teacher office» деп аталатын бөлмесі де сандық жүйеге көшіпті. Осы бөлмеден арнайы жүйе арқылы қажет кітапқа, оқулыққа, көмекші құралға тапсырыс береді. Кітапханашы дайындап береді. Қалалық мәслихат депутаттары да №37 мектептің ІТ сыныбын жабдықтауға демеушілік көрсетті.
Ал «BF Групп» компаниясының директоры Сергей Голышевтің айтуынша, 1098 оқушы білім алатын №37 мектепте цифрландыруды енгізуге компания 3 миллион теңге жұмсады. Қаржы көлемі мектептегі оқушылар санына байланысты.
– Бағдарламада «Смарт Павлодар» қосымшасы да бар. Тек турникет емес, саусақты сәйкестендіру қажет. Балаларды бөтен адам алып кете алмайды. Саусақ таңбасы алдын ала алынған әкесі мен анасы, атасы мен әжесіне ғана рұқсат етіледі, − дейді С.Голышев.
Ата-аналар да оқушылар да мобильдік қосымшаны Play Market, немесе App Store қосымшаларынан тегін жүктей алады.
Мектеп директоры Ләйла Жүсіпованың айтуынша, «Біз қауіпсіз мектеп үшін!» бастамасы − оқушының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернетке тәуелділіктің қалыптасуының алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың және мектеп ортасына деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алуға жәрдемдеседі.
Мектеп дәлізін «Қауіпсіз балалық шақ» ақпараттық стенді орналастырылған. Стендте барлық ескерту, алғашқы көмек көрсету ақпараты, мектепте, үйде, орманда, суда өзін ұстау ережелері, жедел қызмет телефонының нөмірлері жазылған. Оқушылар арасында «Қауіпсіздік кемпірқосағы» тақырыбына сурет байқауы өткізіліпті. Күнделікті өмірде және төтенше жағдайларда қауіпсіздік ережелерін оқуға қызығушылығын арттыру мақсатындағы игі шара шынымен қолдауға тұрарлық. Сондай-ақ тыйым салынған ақпараттарға, тыйым салынған сайттарға кіруді болдырмау мақсатында мектеп компьютерлеріне Интернет-цензор орнатылған.
Сабақтарда интернет желісіндегі жұмыс мұғалімнің бақылауымен жүреді. Барлық сыныпта мобильдік телефонның, компьютердің адам ағзасына келтіретін зияны, қоғамда телефон мен компьютер пайдалану мәдениеті туралы сынып сағаттары, лекциялар өткізіледі. Мысалы, «Қауіпсіз интернет», «Шынайы әлем виртуалды әлемнен күшті», «Қауіпсіз жол» сияқты ақпараттық стендтері орналасқан.
Қала әкімдігінің мәліметінше, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған бұл бастама нәтиже берсе, алдағы уақытта өңірдегі басқа да балабақшалар мен мектептерге енгізіледі. Өйткені №37 мектепте қанатқақты жоба ретінде енгізілген жүйенің тиімділігі аз емес.
Алайда аталған «Қауіпсіз мектеп» жобасы көшеаралық автобустармен №19, №22, №25, №22, №7 сияқты қазақ тілінде білім беретін мектептерге қашан жетеді деген сұрақ туады.
Ата-аналар жолаушылар көлігімен барып-келіп оқитын балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Аялдамадан шығарып салып, кешке аялдамадан күтіп алады. Автобустардың көбі ескі, әрі тар.
Батыржан Жанайхан бастаған бір топ қалалық ата-ана жолаушылар көлігімен барып-келіп оқитын балалары үшін алаңдаулы. Ата-аналардың балаларын қазақ тілінде сапалы білім беретін мектептерде оқытқысы келетіндері түсінікті.
Бірақ қала әкімінің орынбасары Андрей Балашов ата-аналардың дабылына еліміздің «Білім беру туралы» заңының 6-бабы 5-тармағына «сүйеніп» жа уап берді.
«Яғни қалада тұратын оқушылар үшін арнайы мектеп автобусы қарастырылмаған. Оқушыларды қала мектептеріне тасымалдау үшін мектеп автобустарын сатып алу заң талаптарына қайшы. − Себебі мектептер қала шетінде орналасқан. Мектептен 3 шақырым алыс қашықтықта орналасса ғана автобус беріледі. Егер қиындық тудырса үйлерінің жанындағы аралас мектептерден барып оқуларына тура келеді, − дейді А.Балашов.
Керісінше, А.Балашов қалалық білім бөлімінің мамандарымен бірге рейдке шығып, қоғамдық көліктерде оқушылардың қандай жағдайда мектепке келіп оқып жүргендерін көргені дұрыс болар.
Қалалық оқу бөлімі еліміздің өзге де қалаларындағы оқушыларды мектепке тасымалдау тәжірибесімен танысуына болар еді. Айталық, Астанада School Bus жобасы енгізілді. Бірқатар қалаларда мектеп тасымалының маршруттік желісі жасалған, оқушылар арнайы көліктермен тасымалданады.
Автобустар бекітілген маршурт бойынша қатынайды.
Әрине ата-аналардың алаңдайтын жөні бар. Соңғы жылдары оқушылар мен жасөспірімдерге қатысты келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті.
Екі күннің бірінде «Мектептен шығып, жоғалып кетті», «Төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік көрсетіп, ұрып-соққан», «Көшеде автобус өртенді» деген хабарларды көріп, біліп жүрміз. Әлеуметтік желілерде де жиі жарияланады.
Қалалық оқу бөлімі қала ішінде тасымал жүргізілмейді дегенімен, қаладағы №43, №30 мектептерде мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен және жеке тасымалдау арқылы оқушыларды тасымалдайды. Қала әкімдігінің мәліметінше, былтыр қалаға жақын орналасқан ауыл мектептерінің оқушыларын тасымалдау үшін бюджеттен 40 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, 3 автобус сатып алыныпты. Бұл автобустар балаларға қауіпсіз, көліктің терезесі екі қабат шынымен жабдықталған, қосымша жылыту жүйесі бар, арнайы бекітілген кесте бойынша жүреді.
Ал №19 қазақ тілінде білім беретін мектепке оқушылар 2-Павлодардан, Усолка шағын ауданынан, Ворушин көшесі жағынан келіп оқиды. Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектептің директоры Майра Мамбетованың айтуынша, жақын маңдағы №9, №13 мектептер орыс тілінде білім беретіндіктен, алыс та болса ата-аналар балаларын қазақ мектебіне әкелуге мәжбүр.
Кейбір ата-ана үйлерінің жанындағы Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейге балаларын оқыта алмайтындарына ренішті. Сондықтан ұл-қыздары, немерелері қаланың бір шетінен екінші шетіне баруға мәжбүр.
– Сондықтан қала әкімдігі мен қалалық білім бөлімі оқушылар мектепке баратын таңертеңгі сағат 7-8, түскі 13-14, кешкі 18-19 сағаттар арасында қауіпсіздік белдігі, қосымша жылыту жүйесі, қосалқы есігі бар арнайы мектеп автобустарын бағыттарға шығарса, − дейді ата-аналар.
Бұл өтініш-талаптарға талай жыл бойы қалалық білім бөлімі назар аудармай-ақ келеді. Зәуреш Мұқашева, Гүлжан Қадырбаева басқарған кезде де қазақ мектебінде оқу үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне келіп жүрген балаларымыздың жағдайына жанашырлық байқала қоймады. Ендігі үміт жаңадан келген басшы Самал Айтқазинада.
Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз оқушы, жалпы, қауіпсіздік тұрғысынан алсақ, мәселенің мәнісі − қауіпсіз оқушы тасымалы жүйесін құруда.
Яғни, қоғамдық көлік саласында да оқушыларды тасымалдау жүйесінің барлық талап пен стандартқа сай арнайы автобустармен тасымалдаудың қауіпсіз және қолайлы жүйесі құрылуы қажет. Қауіпсіз әрі қолайлы мектеп автобусын өңірдің оқушылары мен ата-аналары да күтуде.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
ПАВЛОДАР
Дереккөз: http://egemen.kz/