Дәрі дәрмексіз асқазан жұмысын жақсартудың жолы

0
Асқазан-ішек жолдарының біздің өміріміздегі маңыздылығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Алдымен тамақтану, сонан кейін сіңдіру, артынан дәрумендерді және пайдалы заттарды токсиндерден бөліп алу… Және күн сайын осылай. Өкінішке орай, біздің қоғамды фаст-фуд, кока-кола сынды тағамдар жаулап алды. Ал бұл асқазан үшін адам айтқысыз ауырлық әкеледі. Сондықтан болар, асқазан-ішек жолдарының қиындықтарынан зардап шегіп, дәрігер көмегіне сүйенетіндердің қатары күн өткен сайын артып келеді. Бүгінде ғылымда онға жуық асқазан-ішек ауруы белгілі болған. Ғалымдардың айтуынша, адам жүйесі мен басқа ағзалары асқазанның жағдайымен тығыз байланысты екен. Дұрыс жұмыс істейтін асқазан әдемі тері, дені сау шаш, белсенді зат алмасудың кепілі.

Оқырмандарымыздың арасында да майлы немесе тез дайындалатын тағамдарды жиі пайдаланып, асқазан-ішек жолдары ауруларына тап болып жүргендер бар болар. Ендеше, пайдалы кеңестер легі сіз үшін. Асқазанға қалай көмектесеміз? Қандай ережелерді ұстану керек? Іш қату, іштің кебуі сынды ішек аймақтарындағы жағымсыз сезімдердің алдын алуға бола ма?

Бірінші кезекте асқазан-ішек жолдарының белсенділігі біздің жеген тағамымызбен тығыз байланысты екенін біліңіз. Сондықтан, әрбір адамның күнделікті рационы пайдалы тағамдардан құралуы керек. Фаст-фуд, жартылай фабрикат сынды «асқазан жауларын» рационнан өшіріп тастауға тырысыңыз.

Салауатты өмір салтына көшейік. Жұмыс күндеріңіз қалай өтеді? Кеңседе отырасыз ба, әлде қимыл үстінде боласыз ба? Бәлкім, мүлде жұмыс істемейтін шығарсыз. Үй жағдайында жұмыс істейтіндар бар шығар? Асқазаныңызға арыз айтсаңыз, өміріңіз белсенді емес деген сөз. Ас қорыту жұмысын жақсартқыңыз келсе, күніне тым болмағанда 4-5 шақырым жаяу жүріңіз.

Дәрігерлер асқазанның белсенді жұмыс істеуі үшін газдалмаған суды көп ішуге кеңес береді. Біз ішетін тағамдар әртүрлі қорытылады: бір тағам 30 минут қорытылса, екіншісіне 5-7 сағат керек. Ұзақ қорытылатындарға ет, саңырауқұлақ және құрамында жасұнық бар тағамдар енеді. Ал жиі ішілген су бұл тағамдардың тез сіңуіне жол ашады.

Үй жаттығулары мен жаттығу залдары асқазан «моторына» жақсы жағынан әсер етеді. Сол себепті, бүгінгі рационыңыз қиын қорытылатын тағамдарға толы болса, жаттығу залына қарай асығыңыз. Бұл әдіс тағамның ұзақ уақыт асқазанда тұрақтап қалуына кедергі болады.

Ағзаңызды дұрыс жұмыс істетуге тырысыңыз. Күн сайын белгіленген бір уақытта тамақтанып (жиі әрі аздан), әжетханаға тұрақты түрде кіріңіз. Реттілік деген шкафта ғана емес, баста да, асқазан-ішек жолдарында болсын. Асқазан тағамды ылғи бір уақытта қабылдауды үйренсе, қиындықтар сізді айналып өтіп, іш қату немесе іштің кебуі дегенді білмейтін боласыз.

Тамақ жеп отырып сөйлеуден аулақ болыңыз. Жүріп бара жатып тамақ жемеңіз. Компьютер не теледидар алдында тамақ жеуге болмайды. Күнде таңертең сағат тілі бойынша 10-15 минут бойы ішіңізді уқалаңыз. Қышқыл сүтті өнімдер мен көкөністерді, жемістерді барынша көп пайдалануға тырысыңыз. Бұл өнімдер тез қорытылып қана қоймай, құрамындағы дәрумендері және пайдалы заттары сізге энергия, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Соңында мынадай тізім жасадық:

Асқазанға «ұнайтын» тағамдар: қаймақ, өсімдік майы, жұмыртқа сарысы, тмин, фенхель, сәбіз, қызылша, авокадо, құрғақ жемістер, көкөністер (мысалы, алма, қарбыз, қауын, өрік, қара өрік, жемістер, әртүрлі ботқалар, кебек, йогурт, айран, кептірілген өрік, інжір т.б.)

Асқазанға «ұнамайтын» тағамдар: алмұрт, айва қайнатпалары, кисель, қара шәй, какао, ауыз қуыратын шарап, консервілер, фаст-фуд, газдалған сусындар, орамжапырақ, тым ащы, тым тәтті тағамдар, сағыз, жасыл балгар бұрышы, пияз бен сарымсақ, піспеген банандар, крахмалды өнімдер (картоп, күріш, қарақұмық, макарон, бәліштер, печенье т.б). Сондай-ақ, балықты, етті, сүзбені, жұмыртқаны абайлап жеу керек.

Өзіңіз байқағандай, асқазанға аса көп нәрсе қажет емес. Рационды пайдалы тағамдарға толтыру, аздап спорт жаттығуларын қосу, жағымсыз әдеттерден арылу – асқазан да, сіз де ризасыз!

loading…