Жүйелі түрде барлық мәселемен айналысуға болады

0
131

– Арман Молдиярұлы, Елбасы өз Жолдауында ішкі істер саласы туралы кеңінен айтып, бірқатар міндеттер жүктеді. Бүгінде Жамбыл облысында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру қарқыны қаншалықты?

– Шынында да, Елбасы құқық қорғау органдарына, оның ішіне полиция қызметіне ерекше жауапкершілік жүктеді. Сонымен қатар, біріншіден Елбасы Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажеттігін, екіншіден, полиция қызметінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керектігін, үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерту жөн екендігін баса айтты. Біздің орталық аппарат Ішкі істер министрлігі болып саналады. Сондықтан да Президент Әкімшілігінің бастамасымен «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы» әзірленіп отыр. Ал Жолдауда айтылған міндеттерге сәйкес, келесі жылдан бастап қызметкерлердің бәрі аттестациядан өткізіледі.

Бүгінде полиция мекемелеріне халықтың көбі түрлі сұрақтармен келеді. Енді сол үшін өңірде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Жыл соңына дейін осы мақсатта полиция департаментімен қатар, екі полиция бөлімінде «Фронт офис» ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, Жолдауда айтылғандай, өңірлік полиция жұмысын сервистік модельге көшіру басты мақсат. Осы бағытта жол полициясы, ювеналдық полиция, тергеуші, жедел уәкілдермен өз міндеттерін түсіндіру арқылы жұмыстарды ұйымдастырып отырмыз. Біздің мақсат біреуді жұмыстан босату емес, қайта бар полицейлердің тәжірибесін арттырып, оларға білмегенін үйрету.

– Жамбыл өңірінде мал ұрлығы, жол апаты сияқты мәселелердің алдын алу жұмыстарына тоқталсаңыз. Қылмыстың ізін суытпай ашуда жергілікті полицейлер қаншалықты қарқынды жұмыс атқарып отыр?

– Кемшіліктерді анықтау бойынша бүгінде арнайы топтар құрылған. Полицейлермен арнайы оқу сабақтарын өткіземіз. Облыстық полиция департаментінің әрбір орынбасары жетекші ретінде әрбір ауданға бекітілген. Олар аудандарға жиі шығып, жергілікті тәртіп сақшыларын жаңа жұмыс тәсілімен таныстырады.

Жамбыл облысында мал ұрлығы мен адам өлімімен ұштасқан жол-көлік оқиғалары басты мәселе болып отыр. Мысалы мал ұрлығы әсіресе аудандарда көп орын алады. Ал жол-көлік оқиғалары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінде болады. Жол апатын азайту үшін материалдық-техникалық базаны жақсарту керек. Шыны керек, 3D камералар мен бейнетіркегіштермен жабдықтандыру мәселесінде Жамбыл облысы төмен деңгейде. Жол-патрульдік полицейлердің бейнетіркегіш құрылғылары 2011 жылдан бері жаңартылмағанын ескерсек, олардың сапасы жаңа стандарттарға сәйкес келе бермейді. Дегенмен, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатын болады. Негізі, бұл жағынан Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары жоғары көрсеткішке ие. Біз тәжірибе алмасу мақсатында қызметкерлерді сол өңірлерге жіберетін боламыз. Ал қылмыстың ізін суытпай ашуда жамбылдық полицейлердің біліктілігі жоғары. Мәселен жергілікті тәртіп сақшыларының 40 пайызының саладағы еңбек өтілі 10 жылдан асып кеткен. Бұл көрсеткіш өз кезегінде жастарға жақсы тәжірибе береді. Бүгінде өңірде 3000-нан астам полиция қызметкері бар. Біз сол азаматтар арқылы күн сайын қылмыс қайда, не үшін болып жатқандығын саралаймыз. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Осы уақытқа дейін өзге өңірлерде Тараз қаласы туралы аса жақсы пікір қалыптаспағаны белгілі. Мәселен Тараз ел ішінде «криминалды қала» деген сияқты атқа да ілінді. Қазіргі кезде облыс орталығында қылмыс деңгейі қандай?

–  Көпшіліктің санасында солай қалыптасып қалған. Осы стереотипті жою үшін тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Тараз қаласында пәтер және қалта ұрлығы сияқты орта дәрежедегі қылмыстар жиі орын алады. Облыстағы қылмыстың 60-70 пайызын Тараз қаласы құрайды. Бүгінгі таңда біз де қалаға көп көңіл аударып отырмыз. Бұл ретте Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан үлкен қолдау бар. Жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен 62 көлік жаңартылып, олар әрбір учаскелік полицейлер мен жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне берілді. Бұл бастама әкімдіктің қолдауымен келесі жылы да жалғасын табатын болады.

– Қазір қалада жабайы сауда орындары көп. Сонымен қатар, қалаішілік немесе қалааралық такси қызметі туралы да халықтың пікірі екіұдай. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін қаншалықты жауап бере алады?

– Жабайы сауда мәселесін реттеп отырмыз. Мәселен кейбір адамның базардан орын алып, сауда жасауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да көшеде сауда жасауға мәжбүр. Ал сол табысқа қарап отырған бір үйде бірнеше адам болуы мүмкін. Сол үшін барлық мәселені бір күнде реттеп шығу мүмкін емес. Ал такси қызметіне келетін болсақ, олардың көбінің рұқсаты жоқ. Автокөліктердің техникалық жағдайы да бізге беймәлім. Бүгінде автобекет маңы бұл мәселеде ретке келтірілді. Сонымен қатар, бір айта кететін мәселе, қаламызда әлі де жүрген сайын түтін шығаратын ескі маршруттар бар. Облыс әкімінің бастамасымен біз бұл мәселені қолға алып, оларға ескерту бердік. Егер олар енді азаматтарды тасымалдайтын болса, оларға сот арқылы уақытша тыйым салынады. Бұдан кейін қоғамдық көліктерде қалта ұрлығы мәселеге айналып отыр. Мәселен мектепте оқитын балалардың бәрінде ұялы телефон бар. Олар сабаққа бару үшін қаладағы түрлі бағыттағы қоғамдық көліктерге мінеді. Қазір ұялы телефон ұрлығы көп. Енді біз қалаішілік қоғамдық көліктерге «Қазақтелеком» мекемесімен бірлесіп бейнебақылау орнату сияқты пилоттық жобаларды жүзеге асырмақшымыз. Айталық, тізімде тұрған ұрылар көлік ішіне кірген бетте-ақ жүргізушінің жанындағы қызыл жарық жанады. Осындай тәсілдерді қолдану арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ойда бар.

– Елбасы өз Жолдауында ішкі істер саласында тек жұмыс істейтін азаматтардың ғана болуы керектігін ескертті. Ал ауылды жерлерде жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың бүгінгі біліктілігі қандай? Оларға қандай жағдай жасалған?

– Теория мен тәжірибе екеуі екі бөлек нәрсе. Теориямен оқыған адам тәжірибе арқылы жұмыс істеп үйренуі керек. Біз жас мамандарға тәжірибе арқылы жұмыс істеуді үйретеміз. Мәселен әрбір учаскелік инспектор өзінің жұмыс істеп отырған жерінде тұруы керек. Осы мәселе бүгінде біздің назарымызда. Көбінің өзінің жұмыс атқарып отырған аумақтарында тұрғылықты тұрмауы себепті ауылдағы қызметкерлердің жұмыс сапасына ерекше назар аударылды. Бүгінде бұл жоспар 70-80 пайызға орындалды. Мәселен Алматы облысы 200-ден астам пункттерді ашып, ауылдардағы полиция қызметкерлеріне жақсы жағдай жасады. Пункттің бір жағы үйі де, екінші жағы жұмыс орыны деп жоспарлаған. Бұл өте жақсы тәсіл. Осы тәсілді облыс әкімі Асқар Мырзахметовке таныстыру жоспарда бар. Егер ол кісі мақұлдаса, біз де осы тәжірибені пайдаланамыз.

– Ішкі істер саласы еліміздегі ең үлкен саланың бірі. Бүгінде жергілікті әкімдік тарапынан қандай қолдау бар? Сонымен қатар, департаменттің алға қойған жоспары қандай?

– Әкімшілік тиісті қолдауды көрсетіп отыр. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі қылмыстың алдын алуды тапсырған болатын. Осы мақсатта 300 бейнебақылау камерасын алу үшін қаражат бөлінуде. Сол бөлінген қаражатты сапалы техника алу мақсатында жұмсау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу басты мақсат.

Әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Жамбылдық полицейлердің қылмыстың ізін суытпай ашуда қырағы екенін айттым. Сол сияқты Қарағанды облысы көлікпен қамтамасыз ету жағынан алда. Барлық облыспен тәжіирбе алмасудамыз. Өзім Ішкі істер министрлігінде жеті жыл жұмыс істедім. Министр Қалмұханбет Қасымовтың жүйелі жұмысы нәтижесінде бүгінде ішкі істер саласы жаңа жетістіктерге қол жеткізді. Елбасынің өзі Жолдау кезінде салаға өте жоғары баға берді. Бұл біз үшін әрдайым мақтаныш. Тек бар нәрсені ұқсатып, жүйелі жұмыс істеу керек. Бүгінде облыстық полиция департаментінде жиын да, іс қағаздары да қазақ тіліне көшірілді. Себебі, әрбір азамат патриот бола білуі керек. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Тілден асқан асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» деген сөзі әр қазақтың есінде болуы тиіс.

Сұхбаттасқан Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/