7-20-25 бағдарламасымен баспана алғандар қанша табыс табады? Жаңалықтарға шолу

0

Доллар бағамы 380 теңгеден асып кетті

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясының қорытындысы бойынша доллар 380,97 теңгеге бағаланды. Валюта айырбастау бекеттері АҚШ валютасын 382 теңгеге дейін сатып жатыр.

Ата-аналар бала-бақшаны рейтинг бойынша таңдай алады

1 ақпаннан бастап кезек жүйесі мен балабақшаларға жолдама беруді қала тұрғындарының пікірін ескере отырып оңтайландырады. Жаңартылған жүйеде кезекті қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін блокчейн технологиясы қолданылады.

Жаңа жүйеде балабақшаларды таңдау қарастырылған, яғни ата-аналар өз таңдауын жасайды. Оның ішінде рейтингке қарап, балалардың жеке меншік ұйымдарын таңдау мүмкіндігі де бар.

«7-20-25» бағдарламасымен баспана алғандардың табысы қанша?

Бағдарлама бойынша сұранысқа ие пәтерлер орташа есеппен 8-14 миллион теңге тұрады. «Баспана» ипотекалық ұйымының есептеуінше, 25 жылға несиеге алынған 8 млн теңгенің пәтері үшін ай сайын төленетін ақы – 45 мың, 10 миллиондікі – 56 мың, 12 миллиондікі – 79 мың теңге.

Ал, «7-20-25»-пен баспана алған астаналықтардың айлық табысы орта есеппен 150 мың теңге (отбасындағы бір адамдікі), алматылықтарда – 120 мың теңге, шымкенттіктерде – 100 мың теңге. Ал, қалған аймақтарда бағдарламамен баспана алғандарға айына 70 мың теңге табыс тапса, жетеді екен.

ТЖД алматылықтарды тауға шықпауға шақырды

31 қаңтар – 2 ақпан аралығында «Қазселқорғау» «Шымбұлақта» оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізбекші. Оқу кезінде қар көшкіндерін алдын ала түсіру жоспарланып отыр. Осыған орай төтенше жағдайларды болдырмас үшін қала тұрғындары мен қонақтарынан тауға шықпауды сұраймыз деп хабарлайды ТЖД.

Жемқорлық индексінде Қазақстан 124 орынға жайғасты

Transparency International халықаралық жемқорлыққа қарсы қозғалыс ұйымының 2018 жылы өткізген индексіне 180 ел қатыстырылған. 0 ден 100 баллға дейін бағалау жүйесінде еліміз 31 балл алып, Джибути, Габон, Мальдив аралдары мен Непал елдерімен бірге 124 орыннан көрінді. 2017 жылы бұл тізімде 122 балмен 31 орыннан көрінген Қазақстанды халықаралық ұйым алдыңғы рейтингтегі позициясынан едәуір төмендеген елдердің арасында барынша орнын нық сақтап қалған ел деп атап өтті.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 200 үйдің лифтілері тексерілді

Қазақстанның ипотекалық компаниясы мен лифт қауымдастығының еліміздің 20 қаласында жүргізген тексеруі көптеген ақауларды анықтады. Қауымдастық пен ҚИК мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің тұрғындарын лифте болатын төтенше жағдайлардан сақтандыру мақсатында меморандумға қол қойды. Ол бойынша қауымдастық жаңа үйлердегі лифтке сервистік қызмет көрсететін сенімді компанияларды ұсынуға кепілдік береді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда 13 млн теңге жалақыны кімдер алады? Салалық құрылымда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында — 390,4 мың теңге, қаржы және сақтандыру қызметінде — 364,7 мың теңге, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 332,5 мың теңге, ақпарат және байланыс саласында – 261,7 мың теңге, құрылыс саласында – 227,5 мың теңге көлемінде белгіленді. Ең төменгі атаулы жалақы білім беру қызметкерлерінде – 107,9 мың теңге. Еліміздегі ең жоғары жалақы – 13192,4 мың теңгені кен өндіру өнеркәсібі, карьерлерді қазу, қаржы және сақтандыру қызметі мен өзге де өңдеу өнеркәсібі түрлері салаларындағы бас директор алады. Ең төменгі жалақы – 15,6 мың теңгені білім беру және мемлекеттік басқару салаларында жинап-тазалаушы қызметкерлер алады.

Baq.kz: Ғалымдарды гранттық қаржыландыру басталды. Ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырушы қазақстандық ғалымдар қаржыландыруды ел тарихында алғашқы рет ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастады. Базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша қаржыландыру аванстық төлем келісімшарт сомасының 50 пайызы мөлшерінде жасалады.