Алатаудағы мұздықтар еріп барады

0

Хенри ФАУНТЕЙН,

«Нью-Йорк Таймс» 

Англиядағы Рединг уни­вер­ситетінің мұзтанушысы Мариа Шагеданова Тұйықсуды тексеруге келген. Бұл әрекетін ол жиыр­ма жылдан бері жасап келеді. Шартараптағы ең ұзақ зерттелген мұздық ретінде Тұйықсу климат өзгеруінің әлем мұздарына әсерін анықтауға көмектеседі. 

Қазақстан География инс­ти­ту­тындағы әріптестерімен бірге Шагеданова Алматыдан 24 ша­қырым солтүстікке қарай ойлы-қырлы жолға шық­ты. 

Жол Кеңес дәуірінен қалған зерттеу стансасына барып тіре­леді. Мекеме Тұйықсу секілді бір кезде дәуірлеп тұрған еді. Зерт­теушілер мұзды ойып, ішінде қал­дырылған құралдардағы есептерді тіркемекші. 

Былтыр жазғы еру маусы­мының соңында команда мү­ше­лері мұздың биіктігін өлшейтін арнайы белгі қалдырған болатын. Бір жылдан кейін институт зерттеушілерінің бірі Николай Касаткин мен Шагеданова ханым еріген мұз көлемінің өзгергенін байқады. Еру маусымының аяқталуына әлі бірнеше ай бар екеніне қарамастан, Тұйықсудың кей бөліктері бір метрге дейін жұқарып кеткен. 

Мұздықтар ғасырлар бойы жауып, әбден нығыздалған қар­дан қалыптасқан. Тянь-Шань та­уының осы бөлігінде олардың қалыңдығы 300 метрге дейін жетеді. Жазда баяу еріп, өзен суы­на айналады. Қыста жауатын қар мен жазда еритін мұздың көлемі бірдей емес. Алайда жаһандық жылыну салдарынан еріген мұздың көлемі жауған қардан асып түсіп, мұздықтардың жылдан-жылға азаюына әкелуде. 

Екі жарым шақырымға созылып жатқан Тұйықсу жыл өткен сайын кеміп, жұқарып барады. Зерттеу стансасы 1957 жылы салынған кезде Тұйықсу жүздеген метр қашықта жатқан болатын. Қазір мұзға жету үшін бір сағат бойы соқпақ жолмен жаяу жүруге тура келеді. Алпыс жылдың ішінде мұздық 1 шақырымға дейін қысқарған. 

Қазақстанның оңтүстік шы­ғы­­сын­дағы тауларда болып жат­қан оқи­ға шартараптың түкпір-түкпірін­де кез­деседі. Гренландия мен Антаркти­кадағы мұз жабындарын қоспағанда әлемдегі ша­мамен 150 000-ға жуық мұздықтар жер бетінің 500 000 шаршы шақырымын алып жатыр. Соңғы қы­рық жылда он­дағы мұз қабаты 20 метр­ге жұқарған. 

Сондай-ақ олардың көбі қыс­қарып бара жатыр. Анд таулары мен Солтүстік Америкадағы Сең­гір тауларындағы ша­ғын мұз­дықтар әлдеқашан жойылып кеткен. Тіпті парниктік газ шығару көлемі күрт кемісе де, әлемнің әр түкпіріндегі мұздықтардың азаюына жеткілікті жылу бөлініп үлгерді. 

Мұндай жаһандық жылыну процесі теңіз суының көбеюіне әкеп соғады. Ал ол өз кезегінде су электрін өндіруге әсер етеді. Жой­қын тасқындар мен селдер пайда болады. Өзендер мен эко­жүйе­лерді бұзады. Ал мұнда, Тянь-Шань­да жаһандық жылы­ну адамдар мен ауыл ша­руа­шы­лығын қамтамасыз етіп отыр­ған суға кері әсер етуі мүмкін. Тұ­йықсу еріген сайын жылғалар ағысқа айналып, жер бетінен каналдар қазып алады. 

Тұйықсу мұздығынан аққан су келе-келе Кіші Алматы өзе­ніне құяды. Осы және басқа да мұздықтардан су алатын өзендер қаланың айналасында ағып жатыр. Олар аймақтағы екі миллион халықты ауыз сумен, сондай-ақ егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отыр. 

Шагеданова және оның әріп­тестері Кіші Алматы мен басқа өзендердегі суды зерттеп жүр. Ондағы судың бәрі еріген мұздан келмейді. Кей бөлігі жаңбыр суынан, қардың еруінен жиналады. Кей климат моделдеріне сүйенсек, келешекте мұндай жағдай ұлғая түсуі мүмкін. Бұдан бөлек қатқан тау шыңдарынан, мұз­дық­тар астындағы мұздар мен алып қойтас бөліктерінен еріген су да өзен­дерге құяды. 

Шагеданова және басқа зерт­теушілер өзен қайнарын анық­тау үшін судың үлгілерін сараптамадан өткізеді. Олар ағыстың қаншалықты өзгергенін тіркеу үшін ағынды есептейді. 

Уақыт өте келе өзендердің қанша­лықты өзгеретінін болжау үшін олардың қайнары қайдан келетінін анықтау маңызға ие. Мұздықтың еруі алғашқыда ағынды ұлғайтуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе мұндай процесс ақырғы нүктеге жетіп, еріген су азая береді. 

«Ақырында олар қазіргідей сумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан судың басы-қасында жүргендер үшін осы ақырғы нүктеге қашан жететінін бі­лу маңызға ие», дейді Цюрихтегі Швей­­­цария федеральды техно­логиялық инс­ти­тутының зерт­теушісі Маттиас Хусс. 

Ал Қазақстандағы мұздық­тар­дан аққан су келешекте азая береді. Соны­мен қатар Орталық Азиядағы басқа мұздық­тар да зиян шегеді. Әсіресе оңтүстік аймақтарға жаһандық жылыну қат­ты әсер етеді. Мұнда Азия­дағы алып өзен­дер бассейнін қам­тамасыз етіп отыр­ған сансыз мұздықтар бар. Тибет үстірті бо­йында, Гималайда, Қарақо­рым қыраттарындағы мұздықтар саны мыңдап саналады. Ал ондағы өзендерге тәуелді тұрғындардың саны жүз миллионнан асады. Осы жақтан Пәкістандағы Үнді, Үндістандағы Ганг, Қытайдағы Сары және Янцзы, Оңтүстік-Шы­ғыс Азия­дағы Меконг өзендері бас­тау алады. 

Германиялық консалтинг ком­пания FutureWater-дың гид­рологі Артур Лютцтың айтуынша, уақыт өте ке­ле жоғарыда атал­ған өзендер де мұз­дық­тардың шегінуінің зиянын көреді. Әйтсе де, әрқайсысына әртүрлі уақытта әсер етуі мүмкін. Мәселен, Үнді өзені қайнарын жаңбыр маусымында жиналатын судан алатын Гангқа қарағанда, мұздықтың еруіне көбірек тәуелді.  

«Таулардан келетін су кө­лемінің ша­ма­мен 2050 жылдарға қарай көбею ықти­малдығы жо­ғары», дейді доктор Лютц. 

Ал Қазақстанда судың азаюы көп ұзамай басталуы мүмкін. Елдегі фермаларда суды сақтап, өнімділікті арттыратын тамшылатып суару секілді жетілдіру жұмыстары, қаржы және бастама көп емес. Алайда Қазақстан үшін ең бастысы – мұздықтардан бас­тау алатын өзендер суы азайған кезде суды тиімді басқару ме­недж­менті қажет. 

Фермер Алексей Горбатуктың Ал­ма­тыдан 40 шақырым қашық­тағы Қараой деген  жерде 150 гек­тар жері бар. Ол там­шылатып суару әдісін қолданғысы келеді. Оның су шығынын азайтуға көмек­­тесетінін де біледі. Сондай-ақ ұзақ мер­зімде ақшасын үнемдеп, егістігінен көбі­рек өнім алатын еді. Бірақ әдіс – өте қымбат. 

Горбатуктың жағдайы доктор Хусс­тың айтқанын еске түсіреді. «Таулар мен мұздықтардан келе­тін судың азаюы – басты мәселе емес. Ең негізгі сұрақ су­ды қалай тиімді қолдануға тікелей қа­тыс­ты», дейді ол. 

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/