Министр қорықшы туыстарының сөзіне жауап берді

0

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағанды облысында браконьерлер шабуылына ұшыраған қорықшының емханаға неге жедел жеткізілмегенін түсіндірді. Астанада 22 қаңтарда үкімет отырысынан соң журналистер сауалдарына жауап берген министр жаралы қорықшыны емханаға дер кезінде жеткізілмеді деген ұйғарыммен келіспейтінін айтты.

Ауылшаруашылығы министрлігі 15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болғанын хабарлаған. Министрлік мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

21 қаңтарда Астанада журналистермен кездескен Ерлан Нұрғалиевтің келіні (іні Нұрлан Нұрғалиевтің әйелі) күйеуі ағасын шабуыл жасалған орыннан Астанадағы ауруханаға өзі алып барғанын хабарлаған. Оның сөзінше, Ерлан Нұрғалиевті емханаға жеткізуге тікұшақ, не жедел жәрдем жіберілмеген.

«Бұл жерде уақыт жоғалды деп айту дұрыс емес деп ойлаймын. Далалы жерде науқасты жеткізуге мүмкіндік болған жоқ. Реанимобиль жіберу тиімсіз болар еді, себебі жолға көп уақыт кетер еді. Мұндай кезде науқасты ауруханаға өз күшімен алып кеткені әрине, дұрыс болған. Оның үстіне, оқиға түзде болған. Бізде далалы жерде емхана жоқ. Оларды аудандық ауруханада күтті, бригадаға хабарланды, бірақ олар тікелей қалаға тартып кеткен. Уақыт жоғалтқан. Алдарынан көлік шығып, науқасты күтіп алып, ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасады. Амал не, науқастан айрылып қалдық» деді Біртанов.

Ол санавиация тікұшағын жіберуге ауа-райы қолайсыз болғанын айтты.

Оқи отырыңыз: «Жазадан құтылғандар бізге күліп кетеді»

17 қаңтар күні журналистер сауалдарына жауап берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «браконьерлердің екі көлікпен жүргенін, «қылмысты бір көліктегі үш адам жасағанын» айтқан. Оның сөзінше, полиция қылмысқа күдіктілерді екінші көліктегі адамдар арқылы анықтаған. Министр «Жаралы қорықшыны ауруханаға жедел жеткізуге не себепті тікұшақ жіберілмеді?» деген сауалға «14 қаңтар күні түске дейін ауа-райы ұшуға қолайсыз болды» деп жауап берген.

21 қаңтарда ішкі істер министрлігі қорықшы өліміне қатысы бар деген күдікті үш адамның Қызылордада ұсталғанын хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық