Зейнетақы жинақтары туралы мәліметті SMS-құпия сөз арқылы алуға болады. Жаңалықтарға шолу

0

«Орда» ипотекасымен 103 қазақстандық баспаналы болды

Қазақстан ипотекалық компаниясының ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаннан бері 3 айдың ішінде 2 млрд-тан астам қаражат тұратын өтінім келіп түскен. Баспана алушылардың басым бөлігі — астаналықтар. Кірісін толық растағандарға жылдық 12% мөлшерлемемен, ал жартылай растағандарға – 14%-бен несие беріліп жатыр.

Алматыда автобус жүргізушілеріне сұраныс көп

Қалалық жұмыспен қамту орталығы таратқан мәліметке сәйкес, 16-29 жас аралығындағы 2 мыңнан астам алматылық ірі компаниялар мен университеттерде тегін оқитын болды. Оқу 1 айдан 6 айға дейін созылады. Бағдарламаға қатысушыларға 16 700 теңге көлемінде стипендия беріледі. Алматыда автобус жүргізушілері, есепші, аспазшылар сұранысқа ие мамандықтар ретінде аталды. Жүргізушілерді оқытуға 300 орын қарастырылған.

Отандық автоөнеркәсіп саласы оңалып келеді

Өткен жылы елімізде 32 298 автокөлік шыққан. Оның ішінде жеңіл, жүк көлігі, автобустар мен арнайы машиналар бар. Қазақстандықтар арасында ең көп сұраныстағы автокөліктерді Lada (13 146 көлік) көш бастап тұр. Одан кейін Hyundai (8433), KIA (2 635), JAC (1125) және Chevrolet (1082) тұр.

Соңғы онжылдықта әлемде миллиардерлер саны екі есеге өсті

Oxfam зерттеу ұйымының мәліметіне сәйкес, 2017-2018 жылдары әр екі күн сайын әлемде жаңа бір миллиардер пайда болған. 2018 жылы олардың саны 2208-ге жетті. Ұйымның зерттеуіне сай әлемдегі ең ауқатты 26 адамның орташа байлығы 3,8 млрд кедейдің жағдайымен пара -пар.

Зейнетақы жинақтары туралы мәліметті SMS-құпия сөз арқылы алуға болады

Қызмет 25 қаңтардан бастап іске қосылады. Салымшы электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, көшірмесін алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының ұялы телефонына бір реттік sms-құпия сөз жіберіледі. Әрі қарай салымшы sms-құпия сөз арқылы жеке зейнетақы шотынан көшірменің үзігін алады.

БТА банкі директорлар кеңесінің төрағасынан 1 млн доллар бопсалағандар ұсталды

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің қызметкері Д.Ысқақов және уақытша жұмыссыз Д.Әлпиев пен Э.Сүлеймановке қатысты Алматы қаласы мамандандырылған тергеу соты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады.

Бас прокуратура мәліметінше, олар Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметіндегі қылмыстық іске қатысты мәселені шешу үшін алаяқтық жолмен осынша қаржыны бопсалаған. Қазір іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сауд арабиясында әйелдерге туристік гид болып жұмыс істеуге рұқсат етілді

150 әйел лицензия алуға өтінім қалдырған. Туризм жөніндегі комиссия хабарлағандай, үміткердің жасы 23 жастан жоғары, сондай-ақ өзінің денсаулығы мықты болуымен қатар бастапқы медициналық көмекті көрсете алардай арнайы оқудан өтуі тиіс.

2018 жылдың шілдесінде бұл елде тұңғыш рет әйелдерге нотариус болуға мүмкіндік берілген еді. Ал, былтырғы жылдың ақпанында оларға күйеулерінің рұқсатынсыз бизнес ашуға рұқсат етілді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда қалың қар жауып, бұрқасындатады. 22-24 қаңтарда республикада ауа райына байланысты жағдай айтарлықтай өзгермейді, ал батыс және оңтүстік-батыс тропосфералық ауа ағындары бұрынғыша ауа температурасын климаттық нормадан жоғары ұстап тұрады.

Baq.kz: Алматыда салық төлемейтін таксилерді жазалап жатыр. Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы хабарлағандай, бір күндік тексеріс кезінде салықтық тіркемесіз адамдарды тасыған 17 тұлға анықталған. Олардың барлығына салық органдарына барып тіркелу жөнінде ескертпе берілген. 10 күнде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Өйтпеген күнде іс сотқа жіберіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлігі тәркіленеді.

Дереккөз: https://informburo.kz