Қызметімізді шектеп, қысым көрсету жиіледі

0

Алматыда 21 қаңтарда бір топ адвокат баспасөз мәслихатын өткізіп, құқық қорғау органдарының өз қызметтерін шектеп, қысым көрсетуі жиілей бастағанын мәлімдеді.

Жиынға адвокат Юрий Дюжиков адвокаттарға қысым жасала бастағанына мысал ретінде өз басындағы жағдайды келтірді. Дюжиковтің сөзінше, ол 2018 жылы желтоқсанда өзі қорғайтын адамға Алматы қалалық прокуратурасының тергеу тобы кінәсін мойындату мақсатында психологиялық қысым жасап жатқаны туралы шағым түсірген. Прокуратура бұл әрекетіне жауап ретінде өзін қылмыстық істен шеттеткен және сол іс аясында өзін тергемек болған.

Дюжиковті қолдап жиынға қатысқан заңгер Джохар Өтебековтің айтуынша, адвокат істен адвокаттық лицензиясы болмаған жағдайда ғана шеттетіледі. Олар адвокатты істен шеттету тәуелсіз әрі тым белсенді адвокаттан «құтылудың» жолына айналып бара жатыр деп санайды.

Джохар Өтебеков және адвокат Айман Омарова мұндай қысым көрсету өздерінің басынан да өткенін айтты.

Заңгерлер өздерін тергеу және құқықтарын шектеу әрекеті азаматтарды белсенді түрде қорғауына кедергі келтіріп, тәуелсіз адвокаттық қызметке қауіп төндіреді деп алаңдайды.

Дереккөз: Азаттық