ІІМ: Қорықшы өліміне күдіктілер ұсталды

0

Қарағанды облысында «қорықшыларға шабуыл жасады» деген күдікті үш адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің (ІІМ) баспасөз хатышсы Алмас Садубаевқа сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Садубаевтың сөзінше, Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» респубилкалық мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне күдікті деп танылғандар 21 қаңтар күні Қызылордада «арнайы операция барысында жеке үйде ұсталған». Қазір күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеліп жатыр.

Ішкі істер министрлігі 18 қаңтарда «Қарағанды облысында қорықшыларға шабуыл жасады» деген күдіктілердің суреті мен аты-жөндерін жариялаған. Олар — Б.М. Ахметов, Н.М. Шукилдиков, К.В. Акшанов.

17 қаңтарда Астанада журналистер сұрақтарына жауап берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция күдіктілердің анықталғанын, олардың Қызылорда облысының тумалары екенін айтқан.

15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиев киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болған.

Дереккөз: Азаттық