ҚАЙТА СОҚҚАН БОРАН |
Садықбек АДАМБЕКОВ
Замандастарым жайлы сыр
«…Ұлт дәстүрі өліп барады. Біздің жазушыларымыз кім үшін шығарма жазарын білмей қалды. Бүгінгі қазақтың жартысынан көбі ана тілін білмейді. Жас балаларға обал, немересі атасының сөзіне түсінбейді, әжесі немересінің қолынан су сұрап іше алмайды. Егер біз қазір ана тіліне жан бермесек, нанай, чукча, якут халықтарының қасіретіне душар боламыз».
Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы шілденің 2-жұлдызында «Известия» газетінің тілшілерімен кездескен сәтіндегі сұхбатынан
Міне, саған жан түршігерлік шындық… Халқының бүгінгі, ертеңгі тағдырын ойлағанда Президенттің өзегінен от төгіледі. Қазақстанның бұрынғы басшылары «алтын жеп, күміс тастап» отырып, жайына кетті. Кеудесінде империя жүрегі соғып тұрған ұлы мәртебелі хатшылардың небір зымиян әдіс-айласы тілді де, дінді де жыландай шақты. Ал, ел қамын ойлайтын зиялы қазақ азаматтарының ішінен баққұмар, таққұмар, жанкештілер шығып, «халқым» деген адамға қара күйе жақты. Ұзақ жылдардан кейін қайтадан жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетіне «Шибөрілер жабылып», әр әріптің астынан жау іздейтін болды. Осы ар-ұяттан жұрдай болған «құлақкесті құлдар» арызды қардай боратып, Мәскеуде жел тұрды да, Алматыда ат құлағы көрінбейтін ақ боран қайта соқты…
КІШІ БЮРО…
Ахаң – Ахмет Жұбановтың «ақбозаты» сызылып кеп, есік алдына тоқтады. Біз кіші бюродан Жұбан мен Сырбайды күтіп, сыртта тұр едік, лап қойып, Ахаңды қаумалап қалдық. Ахаңның түсі солғын, қабағы қатыңқы, ұйқысыз өткен түн белгісі – танадай жарқыраған жалғыз көздің шарасына қызыл тарап қалыпты. Қайран жүрек, қайтейін, сені, егер Ахаңның қолындағы алма болсаң ала қашар едім. Бұл ұлы жүрек қасиетті қара шаңыраққа тағы да сыздап келіп тұр ғой. Неден шошынды, кімді іздеп келді…
«…Ашығын айту керек, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы жолдас Пономаренконың елуінші жылдарда әшкереленген қазақ ұлтшылдарын қызғыштай қорғап, ақтап алғаны бізге қымбатқа түсіп отыр. Олар айдаудан келген соң «Қазақ әдебиеті» газетінің маңайына топтасып, қазақ халқының арылмайтын азабы жайлы қайдағы бір ертегілерді айтып, қайтадан бас көтеріп жатыр». Жақында Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның жалпы партия жиналысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.Т.Иванов осылайша трибунаны тоқпақтап, айқай салған болатын.
Қай күні, қай жақтан бір шатақ шығар екен деп, танауын желге тосып жүретін мысық тілеу, жыланбауыр жөйттердің құдайы жарылқап қалды. Табанда Ивановтың сөзіне малданып, тұс-тұстан шуылдап шыға келді. Олар: «Академик Ахмет Жұбановтың шәкірттері бізге күн бермейді. Басқа ұлт өкілдері бассауғалап жан-жаққа кетіп жатыр», – деп еңірегенде етегі жасқа толған. Сонда, осы Ахаң шоқпен ұрғанды отпен ұшықтап, қаулаған өртті жалғыз өшірген болатын. «Қайтадан бас көтерген қазақ ұлтшылдары жайлы сөз бастаған Иванов жиналыс соңында Ахаңды қайта-қайта құшақтап кешірім сұрап, тайлақтай тайраңдаған еді. Машинаға отырып жатқан Ивановқа Ахаңның көзі түсіп: «Мынау еңгезердей Ивановтың астына ойнақтаған ат мінгізіп, үстіне омырауы отқа толы қара шекпен кигізсе, бізді қырып салатын қанды қылыш атаман болғалы тұр екен-ау», – деп жан-жағындағы жігіттерді күлдіріп еді. Сол Иванов енді газетті жабуға білек сыбанып кірісіпті деген қауесетті естіген Ахаң көрер таңды көзімен атқызды бүгін.
– «Түн тынышсыз болса ұйқың қашады, күн тынышсыз болса күлкің қашады» деген екен бұрынғылар. – Ахаң өзіне ғана тән, сыбырға бергісіз үнімен жұмсақ сөйлеп, бәрімізді шолып өтті. – Тау етегі тымырсық болды.
– Қала іші де өртеніп тұр. Түстен кейін жаңбыр жауып, аяғы бұршаққа айналады, – дедім мен сәуегейсіп.
– Солай ма, – деді Ахаң жұмбағына жұмбақпен жауап бергеніме түсіне қойып. – Обал-ай, бұршақ жауса, елжіреп тұрған мәуелерді төгіп кететін болды ғой.
– Дауыл соғып, теректерді құлатып кетпесін, – деді Қасекең.
– Қасым Тоғұзақов. Қорғасын құйған сақадай тығыршықтай денесін тік ұстап тұрған Қасекең сықылықтап күліп жіберді. Ол сықылықтап күліп тұрып, көкірегін тепкен толқын лықсып тұрған тоғанды ағытып жібергендей әжім қуалап жөңки жөнелген көз жасын орамалға орап алды.
Қасекең «ұлтшылдардың» шылбырын сүйретіп отыз жетінші жылдан бері Магадан жаққа үш барып, үш қайтып келген ақын. Абайдан, Ахаңнан кейінгі Пушкинді, Лермонтовты ауылға ертіп келіп, қазақша сөйлеткен ағалардың алдыңғы тобына жатады. Тағдырдың артқан ауыр жүгін әзілге артып жүретін ақкөңіл ақын «Алматы – жайлауым, Магадан-Алдан – қыстауым» деп күліп жүретін әдеті. Қара тастан тер шықса да, Қасекеңнің көзінен жас шықпайтын еді. Тағы да тағдыр қыл көпірдің аузына таяған кезде ең аяулы адамның бірі Ахаңды көрген соң, тас тоғанның бұзылғанын Қасекең сезбей қалды.
– Қасым, «Сібір Омарды» алдым. Сәті түссе, екеуміз опера жазып қалармыз, – деді ақынға аянышпен қарап Ахаң.
– Енді қайтып келгенше кім бар, кім жоқ, – Қасекең әңгіменің ашығына көшті. – Бүгін газетті жапса, ертең тағы да бізді жер аударып жібереді ғой.
– Қасеке-ай, осы жолы өзіңіз-ақ барып қайтсаңызшы, – деді, Сәкеңнің «Тар жол, тайғақ кешуін» жасырып оқығаны үшін «ит жеккеннен» оралған жас сыншы Есенгелді Жақыпов. Екі-үштен топталып, кіші бюродан шығатын адамдарды күтіп жүргендердің ішінде «Ұлтшылдықтың» азабын тартқан Қажым Жұмалиев, Бек Сүлейменов, Қайым Мұхаметханов, Шахан Мусиндер бар еді. «Жағың қарысқыр» деп олар Қасекеңді желкелеп жүрді әзілдеп.
Осы кезде кіші бюродан тарағандардың ең алды болып Сәбең – Сәбит Мұқанов асығып-аптығып далаға шықты да, жан-жағына қарап тұрып:
– Антұрған, «халық жаулары» қалай жиналып қалған, – деп қос қолын жоғары көтеріп, Ахаңды құшақтай алды. – Ахмет, жоғары жүресің бе, мені үйге жеткізіп тасташы, көп жасағыр. Енді үлкен бюроға барамыз.
– Үлкен бюроға барсаңыз, жолыңыз болсын. Тілеулесіңіз Ахмет Жұбанов деп білерсіз. – Жібектей жұмсақ мінезді Ахаң машинаның есігін айқара ашып, Сәбеңе ілтипат көрсетті. Екі академик «ақбозаттың» ішінде жоғары қарай көңілді бара жатты.
Партбюроның хатшысы Жұмекең – Жұмағали Саин жан-жағын қаумалаған үлкен-кішіге күлімсіреп:
– Газетті менің өлімімді аттап барып жабады, – деп оң жағына сәл қисайып, шіреніп тұрды.
– Жұмекең бар жүкті өзі арқалап тұр ғой, – деп мені Қуандық түртіп қалды.
– Жұмекеңнің шіренетін жөні бар, осы кезектен тыс бюроны шақырып, қаулы қабылдап бара жатыр, – деп оның қолын қыстым…
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)