Жамбылда экономиканың барлық саласында 4-5 пайыз өсім бар

0

Жыл соңында орындалмай қалу қаупі болған өнеркәсіптегі өнім көлемі, кұрылыс, инвестиция көрсеткіштері бойынша жоспар жылдың қорытындысымен ойдағыдай қалыптасқан. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі жыл қорытындысымен 102,6 пайыз, құрылыс 105 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 108, 4 пайызға орындалған. Сонымен қатар, Жамбыл облысында қаржы игеруде де оң динамика сақталған.

  Жиын барысында Асқар Мырзахметов экономикалық көрсеткіштердегі оң динамика бір жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі екендігін жеткізді.  Әсіресе, өнеркәсіптегі өнім көлемінің өсімі орта және шағын кәсіпкерліктерді жандандыру, кәсіпорындардың өнімділік жүктемелерін арттыру арқылы мүмкін болғанын айрықша атап өтті. Өз сөзінде әкім өткен жылғы нәтижемен тоқтап қалуға болмайтынын, ағымдағы жылы атқарылатын шаруалар одан да ауқымды екенін баса айтты. Содан кейін барлық басқарма мен аудандардың жылдық жұмысының қорытындысы егжей-тегжейлі қаралып, бағасы шығарылатынын да жеткізді. Айта кету керек, алдағы қорытынды-бағалау жиындары жаңа форматта, яғни, нақты кездесіп отырған өзекті мәселелер, оның шешу жолдарын қарастыру бойынша өтеді.

  Сондай-ақ, облыстағы 30 аумақтық департамент, инспекция және басқармалармен бірлесіп жұмыс жасау да жолға қойылатын болады. Ол үшін облыстық салалық басқармалардың жұмыс жоспарындағы міндеттемелерге барлық департамент пен инспекцияларды қатыстыру көзделуде. Және облыс әкімдігі мен басқармалардың, басқарма мен аудан әкімдерінің арасындағы меморандумдағы индикаторлардың бірқатары қайта нақтыланады. Жиында облыс әкімімен бекітілген медиа жоспардың орындалуы және басқармалар мен аудан әкімдерінің баспасөз мамандарының жұмыстарын жандандыру мәселелері де қаралды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/