Исламды тәкәппарлықпен қабылдаған басшы

0

Күндердің күнінде Жабал ибн Айхам есімді тайпа басшысы болады. Ол қашанда халықтың арасында өзін жоғары санап, тәкәппарланып жүреді. Бір күні ол Ислам туралы жақсы сөздер естіп дінді қабылдайды да, Омар ибн Хаттабқа келеді. Омар халифа оны жақсы деңгейде қарсы алып, тайпа басшысы ретінде құрмет көрсетеді.

Содан арада бірнеше күндер өткеннен кейін Жабал ибн Айхам қажылық жасау мақсатында Қағбаны тауаф жасап айнала бастайды. Кенет артынан бір міскін оның ихрамын басып кетеді. Жабал ибн Айхам ашуланып, әлгі міскіннің бетінен бір ұрады. Міскін халифа Омарға келіп шағымданады. Омар өз кезегінде Жабал ибн Айхамды шақыртып одан кешірім сұрау керектігін, олай болмаған жағдайда міскін ақысы ретінде оның бетінен ұру керектігін айтады. Жабал ибн Айхам ызаланып:

— Сіздер басшы мен қара халықтың арасын ажыратпайсыздар ма? Ислам діні бұлай бұйырмай ма?-дейді.  Халифа Омар:

— Жоқ. Сен екеуіңді біріктіретін – Ислам. Сол үшін Алланың алдында бәрі бірдей, деп жауап қатады. Жабал ибн Айхам:

— Олай болса мен Исламнан бас тартамын. Халифа Омар:

— Онда сенің  басыңды аламын, дейді. Жабал ибн Айхам халифаның сөзінен таймайтынына көзі жетіп, бірнеше уақыт беруді сұрайды. Сол түні Жабал ибн Айхам Византия империясының астанасы болған Константинопль қаласына қашып кетіп, Ираклидің тұсында христиан дінін қабылдаған екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

 








Дереккөз: http://kazislam.kz/