Халық әртісі Асанәлі Әшімов полицейден неге пара алды

0

Асанәлі Әшімов қартайған сайын жұмысының көбейіп жатқанын айтады

АСТАНА, 17 қаңтар — Sputnik. Асанәлі Әшімов өзі отырған көлікті тоқтатқан полицейден «пара» алған. Актердің басынан өткен бұл қызықты оқиғаны режиссер Есмұхан Обаев баяндап берді.

Танымал режиссер Есмұхан Обаев халық әртісі Асанәлі Әшімовтің басынан өткен қызықты оқиғаны еске алды. Актер бірде көлікті тоқтатқан полицейдің ақшасын алып қойған.

«Жақында Түркістанға бардық. Шымкенттің жаңа жолымен 160-170-пен басып келе жатырмыз. Бір ГАИ тоқтатты. Асанәлі алдында, мен көліктің артында отырмын. Содан ол шопырға есікті ашқызбай, полицейді қолымен нұсқап шақырып алды. «Немене әкең өлді ме? Бүгінгі кезек қалай өтіп жатыр? Қанша түсті? Тапқаныңның бәрін әкел» деп еді, полицей сасып қалып, қолындағы бес мың теңгесін бере салды. Асанәлі алды да қалтасына салып алды. «Артта бір автобуспен әртістер келе жатыр. Соларды жақсылап қарап ал. Ұқтың ба?» деді де біз кетіп қалдық. Өмірде полицейден «пара» алған адам жалғыз Әшімов», — деп күлді режиссер Есмұхан Обаев Қазақстан арнасы түсірген Асанәлі Әшімов туралы деректі фильмде.

Ел таныған Асанәлі Әшімов бүгінде ардақты ақсақал, ақылды, қамқоршы, көреген жан. Десе де ол жас келді деп жасқанбайтынын айтады. Әлі де сүйген халқы үшін кербездік пен әсемпаздықтың символы болмақ.

«Қартайған сайын жұмыс көбейіп кетті. Театрда көркемдік жетекшімін, өнер академиясында екі курсым бар. Бұдан бөлек Қазақстан театрлары ассоциациясының президентімін. Олардың да фестивальдері көп. Сексеннен асқаннан кейін олай-бұлай жүре беру қиын. Бірақ осының барлығы ұзақ өмір сүруіңе жәрдемдесетін болуы керек», — дейді Асанәлі Әшімов.

Тағы оқыңыз: Асанәлі Әшімовтің шәкірттері жаңа театрдың тұсауын кесті

Сондай-ақ, ол өмірінде ешуақытта актер болуды армандамағанын айтты. Алғашында Алматы қаласына мал дәрігері мамандығына түсу үшін келген. Бүгінде 11 жасар ұлына актер болуға рұқсат бергенімен, қызы Сағинаның бұл саланы таңдауына түбегейлі қарсы.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/