Прагада өз-өзін өртеген Ян Палахты еске алды

0

Прагада Ян Палахтың өз-өзін өртегеніне 50 жыл толуына байланысты еске алу шаралары өтті. Карлов университетінде оқып жүрген Ян Палах Варшава келісімі елдері әскерінің Чехословакияны басып алуына қарсылық танытып, өзін өртеген.

Карлов университетінде 16 қаңтар күні Ян Палахтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ол Ян Палах өзін өртеген 1969 жылды бейнелеу үшін 69х69 сантиметр өлшеммен жасалған. Ескерткіш плитаның салмағы — 89 килограмм (Чехословакияда 1989 жылы барқыт төңкерісі болған).

Ян Палах 1969 жылы 16 қаңтарда Праганың орталығындағы Вацлав алаңында өртеген. Өрт Палахтың денесіне бірден жайылып, сол маңнан өтіп бара жатқандар өртті сырт киімдерімен бүркеп өшірген. Бұдан соң студентті ауруханаға апарған. Денесінің 89 пайызы күйген Палах үш күн ауруханада жатып, 19 қаңтарда қайтыс болған.

Студент Палахтың өлімі Чехословакияны дүр сілкіндірді. Прагада оны жерлеуге мыңдаған адам жиналды. Жерлеу рәсімі Чехословакияға совет әскерінің басып кіруіне қарсы ең үлкен акциялардың біріне айналды. Елдің коммунистік билігі Палахтың өз-өзін өртеуінің мәнін бұрмалауға тырысып бақты. 1973 жылы оның мүрдесі сақталған табыт құпия түрде ашылып, өртелді. Күлі салынған ыдыс Палахтың өзі туған Вшетаты қаласындағы зиратқа қойылды. Тек 1990 жылы, Чехословакиядағы барқыт төңкерісінен кейін Ян Палах мүрдесінің күлі салынған ыдысты Прагадағы зиратқа қайтадан қойды.

Совет әскері алдында өзін өртеген чех

Дереккөз: Азаттық