Бас прокурор істі бақылауға алды

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

55 0 0

Қарағанды облысында браконьерлер жаралаған екі инспектор да көз жұмды

АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Қарағанды облысында инспекторларға шабуыл жасау ісін жеке бақылауына алды. Бұл туралы бүгін бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Аталған факті бойынша Бас прокурор оқиғаны жеке бақылауына алды. Полиция департаменті ауыр қылмыс жасаған күдіктілерді анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр», — деді Лукин мәжіліс кулуарында.

Бұған қоса, ол ІІМ орталық аппаратының бір топ қызметкері жергілікті полицейлерге көмек көрсету үшін Қарағанды облысына аттанғанын мәлімдеді. 

«Таяу арада қылмыстың ашылатынына сенімдімін. Кінәлі адамдар анықталып, қамауға алынады», — деді Бас прокурордың орынбасары. 

Лукин күдікті кім болса да, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтынын атап өтті. 

«Адам өлімі – кез келген жағдайда отбасы үшін, айналасы үшін трагедия. Бас прокурор да, ішкі істер министрі де аталған істі бақылауына алғанына сендіргім келеді. Күдікті кім екеніне қарамастан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Қылмыстық кодекске сәйкес жазаға кесіледі», — деп сендірді Лукин. 

Еске сала кетсек, 13 қаңтарда Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында браконьерлер «Охотзоопром» инспекторларына шабуыл жасады. Инспекторлар күдік туғызған автокөлік пен құжаттарды тексергелі жатқанда, браконьерлер қарсылық көрсеткен.

Екі инспектор да ауыр жараланып, Астана ауруханасына жеткізілді. Қызметкерлердің бірі бірнеше сағаттан кейін жан тапсырды. Ал кеше кешке екінші инспектордың көз жұмғаны белгілі болды.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/