Қазақстандық отбасылардың 10 пайызы ғана айына 300 мыңнан артық табыс табады. Жаңалықтарға шолу
Биыл қыркүйектен бастап саусақ ізімен мемлекеттік қызмет алу жүйесіне кіруге болады
Одан кейін Отандастарымыз кез келген қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады. Соның арқасында электронды цифрлық қолтаңба қолдану немесе жеке куәлікті ұсыну қажеттілігі болмайды. Мамандардың айтуынша, жобаның арқасында азаматтардың жеке деректері қорғалады, құжаттар бойынша қателесу деректеріне жол берілмейді. Пилоттық жоба аясында бір айдың ішінде 1500-ге жуық қазақстандық өзінің биометрикалық мәліметтерін тіркеген.
Некені тіркеу рәсімі 3 күнге дейін қысқартылатын болды
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстырудың нормативті-құқықтық базасын жетілдіру үшін 43 заң мен 10 кодекске 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы әзірленген. Оның аясында 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыру қарастырылған. Соның ішінде некені тіркеу рәсімін 1 айдан 3 жұмыс күніне дейін қысқарту бар.
Алматы көшелерінде жол жүру жылдамдығына шектеу қойылды
Бүгіннен бастап Саин, Әл-Фараби және шығыс айналма жолында жол жүру жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға түсірілді. 16 қаңтардан бастап жол ережесін бұзған жүргізушілерге тұрғылықты мекен жайы бойынша ескерту жіберіледі.
Бұл жаңалық Алматыда жол көлік оқиғасын болдырмауға бағытталып отыр. 2018 жылы Алматыда болған 4203 жол апатынан 121 адам көз жұмған. Сонда орта есеппен күніне 12 жол көлік оқиғасы тіркеліп, әр 3 күн сайын 1 адам өледі екен.
Қазақстандық отбасылардың 10 пайызы ғана айына 300 мыңнан артық табыс табады
Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға жауап берген отбасылардың бірде біреуі Елбасы айтқандай (500 мың теңге) еңбекақы алмайтын болып шықты. Сұралғандардың 5%-ға жетпейтіндері 40 мыңға дейін жалақы алатынын, қалғандары айына 70 мыңнан 300 мыңға дейін (отбасына ортақ) табыс табатынын жария еткен.
Сауалнамаға қатысқандардың 20 пайызының ғана жинақтары бар екен. Отандастарымыздың 60%-ы елімізде доллар бағамы өсетініне сенімді.
Мектеп асханаларында тамақ сапасын бақылайтын комиссия жұмыс істемеген
Елімізде мектеп асханаларын тексеруге бағытталған мониторинг өз жұмысын бастады. Тексерушілердің құрамында «Нұр Отандықтар», ата-аналар, журналистер мен мемлекеттік органдар өкілдері бар. Қазірге дейін мониторинг нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталды.
Мәселен, Шымкенттегі мектептердің бірінде комиссия тұтастай оқу мекемесінің қызметкерлерінен тұратыны белгілі болған. Мектеп асханасын бақылауға тек бір ата-анаға ғана рұқсат берілген. Партия өкілдерінің айтуынша, асханаларға мониторинг жүргізу жұмыстары әлі де жалғасын табады. Кез келген мектептің тамақтану нүктесіне күтпеген жерден тексеру жүргізілетін болады.
Шенеуніктер жаңа жылға сыйлық алғаны үшін жазаланды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлағандай, тыйым салынғанына қарамастан қазақстандықтар лауазымды тұлғаларға сыйлық беруді азайтар емес. Былтырғы жылдың желтоқсан айында агенттік барлық аймақта рейд жүргізіп, заңсыз 129 сыйлықтың берілуіне тосқауыл қойған.
Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беретіндердің арасында Шымкент (52 факті анықталған) халқы көш бастап тұр. Одан кейін алматылықтар (40), үшінші орында – Түркістан облысының (13) тұрғындары.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстандықтардың 64 пайызы интернетті смартфон арқылы пайдаланады. Ақпарат және Коммуникация министрі Д.Абаевтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде mGov арқылы 87 қызмет пен сервисті ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Сол себепті министрлік мобильді және веб-версиялардың қатар дамуына көңіл бөлуде. Бұл қосымшаны қазір 1,3 миллион азамат пайдаланып отыр. 2018 жылдың өзінде m-Gov арқылы 3,6 млн қызмет көрсетілген.
24.кz: Қаңтар айында ҰБТ тапсыруға 35 838 оқушы өтініш берген. Қаңтардың 18-20 аралығында республика бойынша ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. Оның құны – 2242 теңге. Тест тапсырамын деген талапкерлердің өтінімдері желтоқсанның 1 мен 15 аралығында қабылданған. Өтініш бергендердің 3268-і – жоғарғы оқу орындарының күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде оқитын бірінші курс студенттері, ал 29789-ы 11 және 12 сынып оқушылары.
Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: https://informburo.kz