Шаршамайтын шаруашылықтың адамы

0

Елбасы сенім артқан іскер де тәжірибелі жанның бірі – қызмет сатысының барлық баспалдағынан өтіп, өзінің адал еңбегімен Алматы облысының әкімі қызметіне дейін көтерілген Амандық Ғаббасұлы Баталов.

Бүгінде облыстық деңгейдегі әкімдердің арасында, бір жағынан заманның талабы солай болса керек, шет елде оқып келген соң жауапты жұмысқа бірден тартылған жастар жағы баршылық. Баталовтың олардан айырмашылығы – еңбек пен саяси басқару тәжірибесінің аса молдығы мен сан түрлі жауапты қызметтерде әбден ысылған әрі сатылап өскен аға ұрпақ екендігі.

Көңіл аударарлық тағы бір мәселе – Алматы облысын басқарып отырған Баталовтың осы өңірдің тумасы емес екендігі. Одан бұрын облысты басқарған Шалбай Құлмаханов та, Серік Үмбетов те, Аңсар Мұсаханов та Жетісу топырағынан шыққанын ескерсек, Өзбекстанның Нүкіс қаласында туып-өскен Баталовтың облыс билігінің басына келуі өзіне назар аудартпай қоймайды. Бірақ бұл ешқандай да кездейсоқтыққа жатпайды. Ата-бабасының болмаса да, өзінің осы өңірге бүтіндей қатысы бар. Өмір жолына назар аударсаңыз, Жамбыл құрылыс институтын бітірген соң-ақ Амандық Ғаббасұлының еңбек жолы осы Алматы облысы мен Алматы қаласымен тікелей байланысты өрбіген. Басқаны айтпағанда, 13 жыл облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Кезінде «Қызылағаш» ауылын су шайып кеткенде, теледидар бетінен түспей қойған бұл кісінің бет-әлпетін республика жұртшылығы жақсы танып алды десек болады. Тележурналистер шаруа киімін киіп, су басқан өңірді керзі етікпен аралаудан тынбайтын бейнеткеш бұл кісіні көрсетпегенде, кімді көрсетсін енді…Осыдан екі-үш жыл бұрын Алматы облысының Тұздыбастау ауылын еріген қар суы басып қалғанда, балшықта батпақтап жүрген Баталовты үйлерін суға кеткелі тұрған тұрғындар түтіп жеуге дейін барғанын теледидар қайта-қайта көрсетті. Соған қарамастан, нағыз істің, шаршамайтын шаруашылықтың адамы екені ақ шашы мен тотыққан жылы жүзінен, қарапайым жүріс-тұрысынан бірден байқалып тұратын Амандық Ғаббасұлын еңбекшіл ел-жұрт әманда өзіне жақын тұтады.

Амандық Баталов саясатқа қалай келді десек, оның саяси қызметі сонау кеңес дәуірінен, 1985-1987 жылдары Қазақстан Компартиясы Ленин аудандық комитетінің нұсқаушысы, құрылыс және өндірістік құрылыс материалдары қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің хатшысы қызметіне басталған. Одан кейін Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің құрылыс және қала шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, 1987-1989 жылдары құрылыс және өнеркәсіптік құрылыс материалдары облыстық комитетінің төрағасы, 1989-1991 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының құрылыс, өнеркәсіп құрылыс материалдары бөлімінде жетекші маман, бас маман . Еліміз тәуелсіздік алған соң ҚР Президенті аппаратында қызмет атқарды. 2002 жылы «Құрылыс индустриясы және технология концернінің вице-президенті болды. 1995 – 2001 жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі болды. 2001-2014 жылдары Алматы облысы

әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары. 2014 жылдан Алматы облысының әкімі.

Облыс билігінің басына келген төрт жылдың ішінде Баталов өзінің іскер әрі сенімді басшы екенін мойындатты. Ол басшы болып келгелі Алматы облысы жағымды өзгерістерге толы. Ең алдымен Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы бөлініп, Райымбек және Кеген аудандары құрылғанын айтқан жөн. Бұл сол өңірде орналасқан тұрғындардың көптен күткен тілегі еді. Шекаралық аймақтың тамырына қан жүгіріп, халықтың болашаққа деген сенімі нығайды, көшкен халық туған жерге қайта орала бастады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң серпінді түгел айтып жату міндет емес. Басты-бастыларын көктей шолып шықсақ, бүгінде республикадағы ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 17 пайызы Алматы облысының үлесіне тиесілі. Республикадағы өңдеуші өнеркәсіптің үздік 10 импортталатын тауарының 7 түрін облыс кәсіпорындары шығарады екен. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін барынша пайдалану мақсатында өңірлік бағдарлама әзірленіп, 9 басым бағыт айқындалған. Олар – етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, қызылша-қантты, май, бағбаншылық, картоп шаруашылығы, жылыжай және су шаруашылығы. Егістікті әртараптандыру шеңберінде қант қызылшасы 2000 гектарға, жүгері 1453 гектарға, жемшөп дақылдары 1215 гектарға, көкөніс 707 гектарға ұлғайтылған. Жүгері шаруашылығында озық технологияны енгізудің нәтижесінде 532 мың тонна өнім алынған, бұл соңғы 27 жылдағы рекордтық өнім. Панфилов ауданының фермерлері тамшылатып суғаруды енгізудің арқасында әр гектардан 120 центнерге дейін өнім алған, бұл облыстық орташа көрсеткіштен 2 есе артық. Жаркент крахмал-сірне зауытының қуаты жаңғыртудан кейін 10 мың тоннадан 135 мың тоннаға ұлғайған, жүгеріні қалдықсыз өңдеу циклі қамтамасыз етілген, өнімнің 27 түрін шығару жолға қойылған. Екі қант зауыты 42 мың тонна қант шығаруды жоспарлап отыр. Ал өңірдің қажеттілігі – 30 мың тонна. Келешекте тағы екі қант зауытын іске қосу жоспарланған. Олар Қарабұлақ және Алакөл аймағында. Мал шаруашылығында мал басы мен оның өнімі орташа 3,7 пайызға жоғарылаған. Сонымен қатар 92 бордақылау алаңы жұмыс істейді, ірі қара етін өндіру 7 пайызға артып, 1 000 тонна ет экспортталыпты. Обдысқа келетін туристер саны 2 млн.-ға жеткен, оның 1 млн. Алакөл көліне келіп демалушылар. Бұл Алакөл демалыс аймағын дамыту мен көлік қатынасын жолға қоюдың арқасында мүмкін болып тұр. Мұның бәрі орблыс үшін аз жетістік емес.

Амандық Баталов биыл бұйырса 67 жасқа келеді. Әлі де күш-қайраты мол. Шаршамайтын шаруашылықтың адамы деген жақсы атқа ие. Үнемі ат үстінде жүреді. Мәселенің мәнісін шешу үшін түйінді жерді өзі жаяу аралағанды жақсы көреді. Еңбекшілермен қоян-қолтық араласып, олардың проблемасын өз ауыздарынан естиді. Жастармен де жұмысты жақсы жолға қойған, керек болса қолына гитарасын алып, жас буынның ортасына кіріп тt кетеді. Мұның бәрі – көпті көрген, шаруашылықтың сан саласында ысылған сарабдал саясаткердің алысты көре білетін, жақынды тап басып тани білетін көшбасшылық қасиетінің арқасы.

kznews.kz