Алматы облысында мұғалімді соққыға жыққан әйелге қатысты сот басталды — Ел жаңалықтары
Алматы облысында мұғалімді аяусыз соққыға жыққан ата-анаға қатысты сот басталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, сотқа мұғалімдер өзгенің баласын оқытамын деп жүріп таяқ жеген әріптестеріне қолдау көрсетуге келген. Кенен Әзірбаев атындағы № 15 мектепте орын алған оқиға тек сол білім ошағының ғана емес, барша ұстаздар қауымының наразылығын тудырды. Қылмыстық оқиғаға күдікті саналған азаматшаның ісі сотқа жыл өткен соң ғана жетіп тұр.
«Біріншіден, балам үшін кек алдым. Сен осы мектепте істемейсің дедім бе, жұмыс істемейсің! Біз оп-оңай ұра саламыз, уайымдамаңыз!» деп мектепке баса-көктей кірген әйелдің айғайға басып, білім ордасын балағатқа батырған сәті мектептің бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді. Мұғалімдерді балағаттаған ата-ана сабаққа кедергі келтірген ұлына ескерту жасаған ұстаз Гүлзира Байділдаеваны соққыға жыққан болатын. Оқиға былтыр қыста болған еді.
Судья мен прокурор болған жайтты жариялаған соң әдеттегідей зардап шегуші мен куәгерлерден жауап алынды. Үш сағатқа созылған сотта сөз сөйлеген ұстаздар Митрошенко тарапынан болған оқиғаның мән-жайын айтып берді.
«Оқиға бірден болып кетті. Гүлзира Өтегенқызы жерде құлап жатты. Шашынан тартып ұрғанын көрдім. «Қолдарыңнан ештеңе келмейді сендердің. Кім маған осылай тисетін болса, менің балама, қызыма қатысты қайсібірің, қай пән мұғалімі болсын, қарсы сөйлейтін болса, осындай күйге түседі. Мен дәл осылай ұрып кетемін» деді», «Мен оны ұру үшін келдім. Мен оны міндетті түрде ұрамын» деп айтты маған. Бұл жағдай былтыр 13 қаңтарда болған», «Қолын сермеп, «мен бәріңе көрсетемін» деді. Сол сәтте оған қандай да бір тоқтау немесе басқа бір нәрсе айту мүмкін болмады», — деп мұғалімдер өз көргендерін тізіп айтып берді.
«Ашулы ата-ана мектепке бірнеше рет келіп, 6-сыныптағы ұлына ескерту жасаған ұстазды ұратынын арнайы ескерткенімен, мұғалімдер қол көтереді деп ойламадық деді. 12 жыл биология пәнінен сабақ берген ұстазды сұлатып түсірген Митрошенко кейін кешірім де сұрамай, керісінше, қозғалған істі тоқтатуға күш салды», — деді зардап шегуші тараптың адвокаты.
«Аудиограмма түсірілімі бойынша сол жақ құлағымның естімеушілігі — 65 пайызды, оң жақ құлағымдікі -25 пайыз. Екінші дәрежелі естімеу мүкістігі пайда болған деді. Мирошенко Надежда Павлова жалпы агрессивті адам, енді бір ауылда тұрғанан кейін оны көрмейді емес, ары-бері жүргенде көреміз. Соның агрессив қылықтарынан қорқамын. Сол үшін мен ол мектептен кетуге мәжбүр болдым», — деді биология пәніннің мұғалімі Гүлзира Байділдаева.
Телеарнадағылардың мәліметінше, соққыдан миы шайқалып, 25 күн ауруханада, екі ай үйде жатқан ұстаз әділдікке жету үшін облыс прокурорына дейін барған. Сағызша созылған сараптамадан соңда қылмыстық іс сан түрлі кедергілерден өтіп, оқиғаға тура бір жыл болғанда ғана сотқа түскен. Ал құжаттағы баппен келіспеген шағымданушылар бүгін ауди-видео дәлелдердін судьяға бергенімен, талап қараусыз қалды. Сонымен Іле ауданындағы білім ордасының атын әлемге әйгілі қылған оқиғаның 15 қаңтарда өтетін сот отырысына мектеп директоры, мектеп инспекторы және анықтаушы үш адам куәгер ретінде шақырылады.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz