Оксана Тен ұлының қалай қаза тапқаны туралы айтты
АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің анасы ұлы қаза тапқан күні үш күдікті – Арман Құдайбергенов, Нұрлан Қиясов пен Жанар Толыбаева не істегенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Ұлының өліміне қатысты істің басты сот талқылауы аясында Оксана Тен қайғылы оқиғаның мән-жайын бастан-аяқ баяндады.
«Бұл үшеуі Шаңырақта (Алматыдағы шағын аудан – Sputnik) Қиясовтың ағасының қолында тұрып жатқан. Жап-жақсы тұрып жатады. Бірақ неге екені белгісіз, 18 шілдеде қала орталығында бір түнге пәтер жалдайды. Түнде «Магнумнан» пышақ сатып алып, сағат екіге дейін (түскі — Sputnik) пәтерде отырады, бұл Денистің мейрамханаға баратын уақытымен сәйкес келген. Олар мұны Толыбаеваға дәрі алу керек болды деп түсіндірді», — дейді Оксана Тен. Айта кетсек, Толыбаева жүктіліктің жетінші айында.
Қылмыс жасардың алдында, Оксана Теннің айтуынша, күдіктілер Қиясовтың ағасының көлігін айдап кеткен. Марқұмның анасы ұсталғандардың бағдарын сағат 14:11-ден бастап, 14:30-да Денис ажал құшқан жерге келгенге дейін айтып берді.
Марқұмның анасы айтқандай, үш күдікті келе жатқанда, Толыбаеваға қайта-қайта біреу қоңырау шалып, көлік бағытын күрт өзгертеді.
«Жазбаларға сәйкес Денис 14.18-де мейрамханаға келді. Ал үшеуі 10 минуттан соң 14:30-да жетеді. Ұсталғандар тергеу барысында Толыбаеваны ерткісі келмегендерін, ол телефонға үңіліп алып, соңдарынан қалмай қойғанын айтқан болатын», — деп атап өтті Оксана Тен.
Ал күдіктілерден неге дәл сол ауданға барғандарын сұрағанда, олар сол жақта қымбат көліктер көп деп жауап беріпті.
«Ұсталғандардың сөзіне сүйенсек, олар оқиға орнына жеткен соң біраз қыдырып жүрген. Ол кезде адамдар көп болып, халықтың азаюын күтіпті. Біз санадық – 10 жаяу жүргінші, түскі ас уақыты шілде айы екенін де ескерген жөн», — дейді Оксана Тен.
Бірнеше минуттан соң Құдайбергенов қолғап киіп, айнаны шешіп алады да, Қиясовқа береді. Қиясов оны сөмкесіне салып қояды. Екінші айнаны шешкенге дейін 10-15 минут уақыт өтіпті.
«Осы уақыт ішінде Қиясов не істерін білмей, пышақпен ойнап, біресе жерге, біресе ағашқа лақтырып жүрді. 14:52-де Денис мейрамханадан шығып, көлікке бет алды. Күдіктілер жолаушы отыратын жақтағы айнаға барып, бірақ Қиясов шұғыл өз орнына оралды», — деп жалғастырды Оксана Тен.
Толыбаеваның айтуынша, Денис Тен қасынан өтіпті. Құрманғазы көшесі бойымен музыка тыңдап келе жатқан.
«Толыбаева көліктің Денистікі екенін қайдан білген? Түріне қарасаң, Lexus иесіне ұқсамайды», — дейді спортшының анасы.
Денис көлігіне жеткен соң, айнаны шешіп алған Құдайбергеновті көреді.
«Құдайбергеновтің Дениске не айтқанын ұсталғанның өзінен сұраған жөн. Денисті арандатып, Құдайбергенов қаша жөнелгенде, өтіп бара жатқан көліктің үстіне құлайды. Көліктің ар жағында полиция көлігі тұрды. Құдайбергеновтің қашқан кездегі әрекеті де күдік тудырады. Ол Денистің көлігінің арт жағына барды, шын қашып кеткісі келсе, Абылайхан көшесіне қарай қашуы керек еді, бірақ ол көлікті айналып өтіп, спорт алаңына қарай ұмтылды. Олардың соңынан Қиясов ілесті», — деп хабарлады Оксана Тен.
Толыбаева қорқып, Құрманғазы көшесімен кеткен, деп мәлімдеді марқұмның анасы.
«Несіне қорқады? Соңында не болатынын білді ме? Олар неге алаңға қарай жүгірді? Бәлкім, осының бәрін өз көзімен көргісі келген адамдар сонда тұрған шығар. Ісін тындырған соң Құдайбергенов пен Қиясов масқара болып, ізін жасырған, куәгер бар. Денис сендерге бой берген жоқ, есін жоғалтқанға дейін тік тұрды», — деді Денистің анасы күдіктілерге.
Оқиға орнында болған куәгер көліктен шығып, Денистің қасына барып, жедел жәрдем шақырған. Толыбаева әуелі кетіп қалады да, кейін оралып, бәрін көрген соң, көлікке қарай беттейді. Көліктің жоқ екенін көріп Құдайбергеновке хабарласқан. Толыбаеваны Бөгенбай батыр көшесінде отырғызып, алып кетті, дейді Оксана Тен.
«Олардың мақсаты – көлік айнасы емес, оны тастап кетті. Куәгер Денистің қасында екі айна жатқанын айтты. Ұсталғандарға керегі айна емес еді», — деді Денис Теннің анасы.
Денис Теннің өлімі туралы іс
Сотталушылар — Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева. Бастапқы екі күдіктіге «Алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобының қарақшылық жасауы» және «Алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобының кісі өлтіруі» деген баптар бойынша айып тағылды. Ал Толыбаева қылмыс туралы хабарламады деген күдікке ілінді.
25 желтоқсанда өткен алғашқы отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров Денис Тен тапсырыспен өлтірілді деп мәлімдеп, соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұраған болатын. Бірақ судья істі қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ деп шешті.
Құдайбергенов пен Қиясов ұрлық жасағандарын мойындады. Алайда Денис Тенді өлтіруді жоспарлаған жоқпыз дейді. Толыбаева соттан өзі айыпталып отырған баптарды өзгертуді сұрады.
Қазір сот мемлекеттік тілде судья Кеңшілік Әбелдиновтің төрағалығымен өтіп жатыр. Қылмыстық іс 38 томнан тұрады.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/