Арманым – шетелге прокатқа шығаратын фильмдер түсіру
− Қадірлі, Ақан мырза! Өзіңізбен әңгімені балалық шақтың естеліктерінен бастасақ. Режиссер болуыңызға не түрткі болды?
− Ата-анам ұзақ жылдар Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы театрында абыройлы еңбек еткен өнер адамдары болды. Екеуі де Халық әртісі атанды. Бала кезім мектеп пен театр арасында өтті десем де болады. Өзім Қарағанды қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыдым. Театр менің өнер жолыма айрықша әсер етті. Бала кезімде әке-шешеме ілесіп, екі-үш айлық гастрольдік сапарларға да шығатынмын. Театр репертуарында мен көрмеген қойылым жоқ та шығар. Біз әлемдік классикалық шығармаларды сахнадан көрдік. Мысалы, «Шекспирді» қойғанда мен репетицияларына қатысып, кейіпкерлердің рөлін жаттап алатынмын. Сосын үйге келгенде ойыншықтардың әрқайсысына «рөлдерді беріп», газет, кітаптан декорация жасап, классикалық шығармаларды «сахналайтынбыз». Менің қалыптасып, мамандық таңдауыма театр ерекше әсер етті. Кейін Алматыдағы қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, «Телевидение және кино режиссері» мамандығы бойынша диплом алдым.
Ол заман кеңес уақыты болғандықтан, Американың кинолары келе қоймаған кез. Болса да бірен-саран. Оған билет те жоқ. Есесіне кинотеатрда Францияның комедиялары жиі көрсетілетін. Пьер Ришар деген актердің ойынына қызықтым. Кеңес Одағының да жақсы фильмдері көп еді. Соның бәрі киноға қызықтырмай қоймайтын. Әкем кинода да көп рөлдер сомдады. «Көксерек» фильмінде Хасенді, «Құлагерде» Ақан серіні дегендей. Әкем сол Ақан сері рөлін сомдап жүрген кезде мен дүниеге келіппін. Сонда атымды атақты кинорежиссер Болат Мансұров қойыпты.
− Өте қызықты дерек екен. Өзіңіз де өнер жолын актерлықтан бастадыңыз емес пе?
− Жоғарыда айтқанымдай, бала күнімде ата-анаммен бірге театрда жүріп, Дулат Исабековтің «Әпке» спектаклінде баланың рөлін де ойнағаным бар. Кейін студент кезімде Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмінде басты рөлді сомдадым. 3-курсты оқып жүрген кезім, он шақты бала кастингке бардық. Ол фильмнің тағдыры күрделі болды. Елде қаржылық дағдарыс басталып, ақшаның құны түсіп кеткен уақыт-тұғын. Сөйтіп дайындық мерзімі созылып кетті. Алдында бір-екі рет сынаққа барғам, режиссер басты рөлге мені бекітіпті. Сөйтіп марқұм Қайрат Рысқұлбековтің рөліне таңдалдым. Сол фильм маған ерекше әсер етті. Алайда «Аллажар» сондай ауыр кезде түсірілді. Тіпті өз басым оқуды тастап кетем бе деп те ойлағам. Бірақ Аллаға шүкір, жағдай біртіндеп басқаша қалыптасты. «Аллажар» фильміне түскен соң киноға деген шынайы сүйіспеншілігім арта түсті. Кейіннен Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильмінде басты рөлді сомдадым. Актер ретінде түскен негізгі фильмдерім осы. Қазір өз киноларымда кішкентай эпизодтардан көрініп қалып жүрмін.
– Сіз 2000-жылдардың басына дейін үш жүзден аса ролик түсіріпсіз. Роликтерді не үшін жасадыңыз? Үлкен киноға дейінгі мектеп пе?
− Сол кезде ролик менің негізгі жұмысым еді. Бірден кино түсіруге де, қандай нәрсемен айналысамын дегенді таңдап жатуға да мүмкіндігім жоқ кезде ролик түсіре бастадым. Яғни, ролик тақырыбы сонау студенттік кездерден басталады. Осы тақырып бойынша диплом қорғадым. Былайша айтқанда, ол кезде ролик – жұмысым, табысым, мамандығым болды. Ролик арқылы табыс таптым, дипломымды қорғадым, режиссер ретінде тәжірибе жинақтадым.
− 90-жылдардағы тақырыпқа «Рэкетир» атты екі фильм және «Бизнесмендер», «Аудандар» атты екі фильм арнадыңыз. Белгілі бір себебі бар ма?
− Ол өте қызық уақыт. Менің жастық шағым. Үлкен империя құлаған соң он бес мемлекеттің тәуелсіз ел ретінде аяққа тұру кезеңі ғой. Қат-қабат қиындықтармен қатар жаңа мүмкіндіктер де көп. Мен ол кезде студент едім. Бұл кезеңнің оқиғалары менің жанымда болып жатты. Сол 90-жылдардың қилы оқиғаларына араласқандар арасында менің жақын достарым да болды. Өзім де спортпен айналыстым басында. Кәдімгі кәсіби спортшы болам дедім. Қысқасы, сол кездің оқиғалары маған айрықша әсер етті. Дәл осы 90-жылдарды түсірем деген ұстаным болған жоқ. Көрермендерге қызық болатын шығар деген оймен түсірілді.
− Жаңа фильмге қалай дайындаласыз?
− Сценарий туралы идея пайда болған кезден бастап мен оны кинолента түрінде басымда «айналдырамын». Кино түсіру туралы шешім қабылданған соң, бірден жұмысқа кірісесің. Қаржылық жағы, фильм түсіретін жерлерді анықтау мерзімі бар. Оған кемі үш нысан болуы керек. Оны басында суретші, операторлар фотолармен жібереді. Сосын режиссердің өзі барып көріп, соңғы шешімді айтады. Бұл екі аралықта кастинг жүріп жатады. Ең алдымен фотокастинг жасалады. Суреттері арқылы он шақты адам таңдап алынады. Сосын видеокастинг өтеді. Таңдап алған адамдар арасында мәтінмен жұмыс істейтін де кастинг өткіземіз. Өз басым фильмнің кез келген сценасын алдын ала қағазға түсіремін. Бұл мен үшін өте маңызды. Түсірілімге дейін бәрінің суреті салынып, қағазда тұруы керек. Уақытқа да, ақшаға да, адам ресурстарына да бұл өте оңтайлы. Жалпы, кино түсіруге өте тиянақты дайындаламын.
− Түсірілім алаңында импровизацияға еш орын бермейсіз бе сонда?
− Меніңше ол жақсы емес. Өйткені кино бірінші қағазға түсіп қойған. Кино тілінде оны «раскадровка» дейміз. Жақсылап дайындалғаннан кейін мүмкіндігінше жоспар бойынша жасаған дұрыс. Бірақ, кейде күтпеген оқиғалар да орын алып жатады. Сенің кадрыңда күн ашық болу керек, бірақ, сен түсіру алаңына келгенде күн бұлтты, жаңбыр жауып кетті дегендей. Осындай кездерде ғана импровизация орын алса, оның негізгі оқиғаға өзгеше әсері болмаса ештеңе етпейді.
− Актерлермен қалай жұмыс істейсіз? Мұны сұраған себебім, сіздің фильміңізде жақсы ойнаған актерлер басқа фильмде ондай деңгейде ойнай алмай жататын сияқты болып көрінеді. Құпияңызбен бөліссеңіз.
− Біріншіден, солай бағалағаныңызға рахмет. Актермен жұмыс істегенде кастингке, дайындық мерзіміне көп көңіл бөлемін. Бір сөзбен айтқанда, кастингке көп мән беремін. Ол енді менің ғана жұмысым емес, команданың жұмысы десем болады. Бірінші талап, адамның іші мен сырты ұқсас болу керек, содан кейін образбен сай келуі тиіс. Егер талапқа сай адам табылмай жатса, біз қанша уақыт болса да іздеуді тоқтатпаймыз. Мен кастингте өте талапшылмын. Актердің кішкене бір жерінде кілтипан болып, сәл ғана күдігің болып жатса да алмауға тырысқан дұрыс. Егер көңілшектікке салынсаң, ол күдік фильм түсіру барысында сені де, актерді де әбден қинайды, образ да сәтті сомдалмайды. Сондықтан тапқанша іздей беремін. Образға сай адам табылған соң ол әрі қарай судағы балық сияқты жүзеді. Өзіне кеңістік бересің, еркін самғайды, бәрін еркін игереді. Мысалы, Шәріп Серік деген жігіт болды. Өте талантты, бірақ амплуасы шағын, жан-жақты емес. Біз оны басында «Бизнесменде» бас кейіпкер болады дедік. Үш рет сынақ жасап түсірдік. Қалай ойнатсақ та басты кейіпкерге келмей-ақ қойды. Тартпайды. Өйткені оның органикасы басқа. Сосын өзінің «хулиганский территориясына» жібердік. Ол жақта енді балықша жүзді десе болады. Актер таңдап алу жалғыз менің ғана ісім емес, ұжыммен болатын жұмыс. Мен таңдау барысында «мынау ұнайды» деп бірден айтпаймын. Басқалардың да пікірлерін тыңдаймын, сосын барып соңғы шешімді айтам. Аллаға шүкір, нашар таңдаулар болған жоқ, және командам бір актерді, мен бір актерді таңдап, қатты қайшылыққа түскен кездеріміз жоқ. Өзіңіз білесіз, мен Әлия Нұрсұлтанқызымен жұмыс істеймін ғой, ол кісінің де талғамы мен өнерге қояр талабы жоғары. «Анаға апарар жол», «Томирис» жобаларында кастинг оңай болған жоқ. Әлия Нұрсұлтанқызымен, министрлікпен келісімге келу керек. Құдайға шүкір, олар мені тыңдады, сенді. Сол үшін Аллаға тәубе деймін. Актер таңдағанда продюсерім «бұл адам маған ұнамайды» деп табандап тұрып алған жоқ. Олар объективті түрде қарады да, келісті. Бұл жерде ең бастысы – кәсіби адал болу керек.
− Ақан Сатаев фильміне түсу қиын, оның санаулы ғана актерлері бар, солар ғана ойнайды. Сонан соң сапа жақсы болады дейтін әңгімелер болып жатады…
− Менде ондай шектеу жоқ. Негізінде ондай ой қалай қалыптасқанынан бейхабармын. Мысалы, Берік Айтжановты бір киноға түсірдік. Мен онымен жұмыс істеген соң оны білемін, белгілі деңгейде сенемін. Енді екінші бір жоба басталғанда, ол менің ойымда тұратыны заңдылық. Өйткені ол актер ретінде неге қабілетті дегенді білем ғой. Бірақ бізде «көше кастингі» деген де болады. Біз шектеу қоймаймыз. Тек қана Берікке «жабысып алмаймыз». Біз бәріне мүмкіндік береміз. Тіпті жаңа бет-бейнелер табылып жатса қуанамыз. Біз фильмдерімізде актерді барынша «ашқымыз» келеді. Бұрын театрда ойнап жүрген болса, енді оның кинода ашылуына мүмкіндік береміз, өзін-өзі табуына жол ашылады. Бірақ айналып келгенде мұның өзі біздің негізгі мақсат емес. Яғни, әр жаңа кино сайын жаңа актерлер табуды мақсат етпейміз. Маған өз жұмысымды жақсы жасап, жақсы фильм түсіру керек. Сондықтан бұл жерде қатып қалған қағида жоқ.
Біз жақсы сценаристі де іздейміз. Менің инстаграмда, фейсбукта парақшаларым бар. Соған да жазып жататындар бар. Маған роликтер жібереді. Уақытқа байланысты мен бәрін қарай алмаймын. Бірақ, біздің продюсерлер бақылап отырады. Өзінің шығармашылық қырын көрсеткен мықты жұмыс болса оған назар аударамыз. Қалай түсірілген, кім түсірген, кім ойнаған, диалогтары қалай жазылған деген тұрғыда бақылап отырады.
− Киноөндірісінде ең үлкен мәселе бюджет екені рас. Дегенмен, біздің елде кино жасауда қаржыдан бөлек қандай қиындық бар?
− Бізде нарық көлемі шағын. Егер нарық көлемі мол болса, қаржылық қиындықтар еңсерілер еді. Нарық көлемі киноөндірісіне, сапалы фильм түсіруге тікелей әсер етеді. Егер елде адам саны көп болса, кинотеатрлар саны да, көрермен саны да көбейер еді. Түсірілетін кино да көп болар еді. Саннан сапа дегендей арасынан сапалы дүние көп шығып, киноөндірушілердің де мүмкіндігі молая түседі. Қазіргі жағдайда коммерциялық киноның адымы қысқа. Мысалы, бір киноны түсіру шығыны 500 мың доллардан асып кетсе, оны ақтау қиынға түседі. Ал біздің жағдай басқашалау. Тарихи фильмдерді мемлекеттік қолдаумен түсіріп жатырмыз. Тарихи фильм болған соң, бюджеті де жоғары болатыны белгілі. Бір фильмнің қаржысы 10 миллион долларға дейін кетіп қалады. Оны ақтау өте қиын. Сондықтан менің арманым – шетелге прокатқа шығаратын фильмдер түсіру. Жақын көршілеріміз Ресейге, Қытайға шығарсақ жақсы болар еді. Ресей біз үшін әлеуетті нарық болар еді. Америка өз фильмдерін бүкіл әлемге экспорттайды. Сол арқылы өз мәдениетін, идеологиясын насихаттайды. Олар кинолары арқылы әлемді құтқарып жатқан сияқты әсер береді. Біз де олардан үйренуіміз керек.
− Сіз әлемдік кинода қай режиссердің шығармашылығын ұнатасыз?
− Мықты режиссерлер көп қой. Арасынан біреуін бөле-жара айту керек болса, Дэвид Финчер деген америкалық режиссерді атар едім. Оның фильмдерінің «тұрақты сапалылығы» ұнайды. Мысалы, кейбір режиссерлердің бір киносы ұнағанымен, келесісі ұнамай қалуы мүмкін. Финчердің барлық киносын тәуір көремін. Әдейі іздеп жүріп көрем деп айта алмаймын, бірақ, кез боп жатса, рахаттанып тамашалаймын. Қарап болған соң өзімше іштей талдау жасаймын.
− Мықтылығы неде?
− Дэвид Финчер дайындыққа қатты мән беретін режиссер. Мен оның бір кадрды бір күн түсіргенін білемін. «Айдаһар таңбалы қыз» деген фильмінде қыздың бір құжаттарды қарап отыратын жері бар, сол кадрды бір күн түсірген. Әрине ол бюджетке байланысты. Оның бір кадрды бір күн түсіргеніне продюсері өкінген шығар, бірақ ондай үлкен тұлғалардың мүмкіндігі де жоғары. Америка киносының бюджеті де осал емес. Егер бізде ондай мүмкіндік болып жатса, мен де бас тартпас едім. Мысалы, жапонның Акира Куросава деген режиссері бар. Сол қар жауып тұрған кадрды түсірмек ниетпен түсіруші топты қар жауып тұрған далаға әкеледі де, түсірмей кетіп қалады. Неге десеңіз оған қардың дәл бұлай жауып тұрғаны ұнамаған. Ол өзінің ойындағы кадрды түсіргісі келеді. Бірақ оны көре алмайды. Сонда не істейді? Бір ай күтіп жүріп, ақыры ойындағы кадрды түсіреді. Сондықтан мұндай нәрселер әртүрлі жағдайларға – режиссердің өзінің ынтасына, бюджетке, продюсерге тәуелді. Кез келген суреткер өз мақсатына жету жолында қандай да бір тәуекелдерге барып жатса оған тек қуану керек.
− Сіз үшін кино деген не? Қазақ киносының сапасы қалай көтеріледі?
− Бұған нақты тұжырыммен жауап беру қиын. Иә, біреулер үшін кино – бизнес. Бәзбіреулер үшін өзін-өзі көрсетудің жолы. Бірақ, бір шындық бар. Жақсы кино көргенде демаласың. Өмірді барлық бояуымен қабылдайсың. Мен үшін кино түсіру – ең алдымен мамандығым, өз-өзімді іздеу үшін еңбектенуім, табысым. Шын мәнінде кино – жасампаз өнер. Үлкен талап тұрғысынан келсек, суреткер киносы айналасына, қоғамға, елге пайда әкелуі қажет. Меніңше, кез келген киноөнім жасампаз болуы керек. Яғни, киноңызға келген адам басқаша ойланып, жарты қадам болса да жақсылық жағына қарай ұмтылуы тиіс. Кез келген өнім проблеманы көтеріп, одан шығатын жолды да нұсқауды ұмытпағаны абзал. Әрине, кино өнер тілімен жеткізіледі. Мысалы, Әділхан Ержан деген мықты режиссер жігіт бар, оны шетелде жақсы таниды. Фестивальдерде де жақсы баға алып жүр. Бірақ мен онымен кездескенде айттым, қанша қараңғы өмірді түсірсең де бір сәуле болуы керек шығар деп. Ұзын да қараңғы құбырмен ұзақ жүргенде соңында болса да бір жерінен жарық көрінуі тиіс қой. Бұл, әрине – менің ұстанымым.
Сапалы және сапасыз кино әр елде бар. Америка, түріктің кинолары бізге сүзгіден өтіп келеді. Бізде де сапалы мен сапасызы бар. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Көп өнім бола бергені жақсы, сапалысы өзін дәлелдеп, сапасызы сызылып қала береді. Кино көп түсірілсе, жақсы фильмдер тезірек жарыққа шығады. Тіпті жарық берушілер, операторлар, суретшілерден бастап, мамандар кинодан киноға өседі.
− Жақында кино туралы заң қабылданды. Қазақ киносының дамуына қандай ықпалы болады?
− Заңның қабылдануы үлкен жеңіс деп есептеймін. Өкінішке қарай, біз әлі күнге киноға қанша билет сатылды, қанша адам келді дегенді бақылай алмаймыз. Ал басқа елдерде бұл толық шешілген. Мысалы, Ресейде бір фильмнің продюсері Мәскеуде отырып Владивостоктағы кинотеатрда көрсетілген фильмінде қанша билет сатылды, қанша кісі кірді, бәрін бақылап отырады. Жаңа заңның арқасында біз енді осыған келеміз. Жақында «Болашақ» қауымдастығы жасаған «Шақылдақ» мультфильміне бардым. Өте сапалы деңгейде қазақшалаған. Осындай 30-ға жуық жоба жасапты. Залға қарағанда жартысынан көбі балалар. Олар келе-келе осындай сапалы қазақша дүниелерді іздейді. Талап қойылса, іздесе, кинотеатрдан сұраса, олар міндетті түрде қояды. Қазіргі заң осыған басымдық беріп отыр. Егер сұраныс күшейсе, заңдағы жеңілдіктер жақсы жүзеге асады.
−«Томиристі» қашан көреміз?
− Түсірілім аяқталды, қазір монтаждалып жатыр. Бұйырса, көктемде жарыққа шығады.
− Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
− Қазір Ресейде және басқа да елдерде спорттық фильмдер түсіріп жатыр. Бізде де сондай кино болу керек. Боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірін арқау еткен «Боксер» деген фильм түсіргелі жатырмыз. Көктемде түсірілімді бастаймыз.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/