2018 жыл «Алматы» арнасы үшін несімен есте қалды? — новости Казахстана

0

2018 жыл жаңалыққа толы болғанымен есте қалғалы тұр. Биыл еліміздің саяси аренасынан бастап экономика, заң, ауылшаруашылық және басқа да салаларында түрлі ауыс-түйістер мен күтпеген оқиғалар болды. Бұдан бөлек халықты дүр сілкіндіріп, қоғамда қызу талқыға түскен жайттар да аз болған жоқ. Атышулы қылмыстық істер, сот үкімдері, қабырғамызды қайыстырған ауыр қазалар әлі біразға дейін халықтың есінен шықпасы анық.

Ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы бар «Алматы» телеарнасының тілшілері де жыл бойы осынау жаңалықтарды көрермендеріне дер кезінде жеткізумен айналысты. Ендеше телеарна тілшілері әзірлеп, кейін қоғамда кең талқыға түскен 10 материалды назарларыңызға ұсынамыз.

Түркістан облысында жоғалып кеткен қос келіншектің тағдыры

Журналист: Әмірболат Құсайынұлы

— Алматыда және іргелес жатқан өңірлерде жақынын жоғалтқандар біздің арнаға жиі хабарласып, көмек сұрайды. Табысқандары алғыс жаудырады, әліге дейін хабар-ошар күтіп жүргендері қаншама?! Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың бәрі жақсы аяқтала бермейді ғой.

Жуырда Түркістан облысында қос құрбының жоғалып кеткені туралы жаңалықты ең бірінші болып «Алматы» телеарнасы таратты. Қыздардың туыстары маған хабарласып, көмек сұраған болатын. Материал эфирден шыққаны сол екен, екеуінің тағдырына бүкіл ел алаңдады. Редакцияға қоңырау соққандар мен хабарлама жазғандар санынан жаңылдық. Кейін бұл сюжет әлеуметтік желілерде де, Youtube видеопорталында да қызу талқыланды. Видеоны 300 мыңнан астам адам қарап, 400-ге жуығы пікір қалдырды.

Абырой болғанда, құрбылар аман-есен табылды. Сүйінші ақпаратты туыстары алғаш болып бізге хабарлады. Бұл туралы әзірлеген телесюжет те кең талқыланды, алайда, пікірлер алдыңғысына кереғар. Өйткені, жоғалған келіншектер туыстарына ескертпестен жұмыс істеуге кетіп қалған және бірнеше күн бойы мүлдем хабарласпаған. Бұл көрермендердің ашуын туғызғаны айтпаса да түсінікті.

Айтпақшы, құрбылардың бірі биыл ұзатылуы тиіс болған екен. Осы оқиғадан кейін жоспарлаған құдалық болмай қалды.

Денис Теннің қазасы

Журналист: Айдана Мейрамбайқызы

— Осы жылы күллі елдің қабырғасын қайыстырған ең қайғылы оқиға – Денис Теннің қазасы болды. Қапияда қыршын кеткен спортшының өлімі естіген елді әбден есеңгіретіп тастады. Жұрт қазақ елінің маңдайына біткен талантты мәнерлеп сырғанаушының мезгілсіз қазасын өте ауыр қабылдады. Сүйікті спортшымызды жер қойнына қимадық…

Тілшілік қызметпен емес, қала тұрғыны ретінде Денистің ақтық сапарына да бардым. Көргенінен көрері көп жас спортшының обалы кімде? Өкініш өзекті өртеді… Елмен бірге егіле жыладым.

Денис Теннің өлімінен соң эфирге онымен байланысты бірнеше материал дайындадым. Спортшының атындағы қоғамдық қордың таныстырылуында, ескерткіш тақтасының ашылуының басы-қасында болдым. Бірақ, әрбір түсірілім маған оңайға соқпады. Денис туралы естеліктерді естіп, әр түсірілімде оның ата-анасын көріп көзден жас парлайтын. Ең қиыны – спортшының әкесі Юрий Тенмен сұхбаттасу болды. Бұл – ол кісінің қайғылы оқиғадан соң тілшілер алдына бірінші рет шығып сұхбат беруі еді. Онсыз да қара жамылған отбасы. Беті қатпаған жарасын тырнап алмастай, қалай сұрақ қоярымызды білмей қиналдық. Ұлынан айрылып, еңсесі түскен әкесінің солғын жүзі жанымды жегідей жеді.

Телеарнаның Youtube-каналында 62 мыңнан астам адам қараған сол материал қоғамда қызу талқыланды. Қапыда қаза тапқан сүйікті спортшысын халық әлі ұзақ жоқтайтыны анық.

Шығыс айналма жолындағы оқиға

Журналист: Алтыншаш Смагулова

— Шілде айының орта тұсында Instagram-топтарының бірінен жағаұстатарлық жаңалыққа тап болдым. Жазба авторы Шығыс айналма жолындағы жол көлік оқиғасының куәгерлерін іздепті. Оның айтуынша, 4 жасар ұлын аталған жолда көлік қағып кеткен екен.

Бұл оқиға телеарна эфирінен шыққаны сол екен, бүкіл қоғам дүр сілкінді. Өйткені, баланы қаққан адам оны кілемге орап, жолдың шетіне өлімші етіп тастап кеткен деген ақпарат тарады. Бәрі ашуланды. Мен де өзімді әзер ұстадым. Балаға ота жасаған дәрігерлермен үнемі байланыста болдым, ата-анасымен, туыстарымен жиі хабарласып, оқиғаның қалай өрбігенін бақылауда ұстадым және эфир арқылы көрерменге дер кезінде тараттық.

Білікті дәрігерлердің араласуымен және бүкіл қазақстандықтардың дұғасымен кішкентай Мұхаммед есін жиып, аяққа тұрды. Ол ауруханадан шыққанымен енді өте ұзақ уақыт емделуі қажет.

Бұл оқиғада қоғамның наразылығын тудырған басты жайт – полицейлердің кінәліні ұзақ уақытқа дейін таба алмауы болды. Жұрттың бәрі қаққан көлікті іздеп жатқан кезде оқиға мүлдем өзге сарында өрбіді. Таңертең жұмысқа кеп, электронды поштамды ашсам «күдікті табылды» деген хат кепті. Дереу аштым, өз көзіме өзім сенбедім, баланы ешқандай көлік қақпапты, өз әкесі басынан таспен ұрып майып қылған. Артынша ер азамат видеоүндеу жариялап, көпшіліктен кешірім сұрады, өз әрекетін жүйкесінің сыр бергенімен түсіндірді. Мен шошыдым! Өйткені, алдында ғана баланың әкесі камера алдында жылап, қылмыскерлерді тауып беруімізді сұрап, жанын қоярға жер таппай тұрған.

Түсірілім барысында бұл отбасының өзге мүшелерімен кездестік, олар тергеуге сенбейтіндерін айтты. Үлгілі әкенің мұндай қадамға баруы мүмкін емес деді олар. Қазір бұл іс сотқа жолданды, енді соңғы нүктені судья қояды. Алайда, мен үшін осынау оқиғаның жұмбағы көп, ақылға қонбайтын тұстары әлі де көп. Істің ақ-қарасын сот анықтап, көпшілікке мәлімдейді деп үміттенем.

Театр директоры Ерлан Біләл парамен ұсталды

Журналист: Айгерім Ердәулет

— Абай сынды алыптың рөлін сомдап жүрген танымал артистің пара алу үстінде ұсталғаны қоғамды елең еткізбей қоймады. Жұрт мәдениет саласының да былыққа батқанын айтып даурығып жатты.

Бірақ, мені таң қалдырғаны – Ерлан Біләлдің әріптестерінің әрекеті еді. «Сатқын сотталсын!» деп ұрандатқан театр актерлары мен актрисалары пара берген азаматты жазаға тартуды талап етіп, дәл сахнада үлкен жиын өткізді. Ұжым әшкере болған әріптестерін әспеттеп әуре. «Ол – таза, пара берген – қылмыскер!» деді. Қойылымның соңы… Шымылдық…

Өнер адамының «халықтың қошеметінен асқан бақыт та, байлық та жоқ» дейтін асыл сөздері аяқ асында тапталғаны ма?- дейсің амалсыз…

Айтпақшы, Тұңғышбай Жаманқұловтың да басы дауға қалған кезде зиялы қауым неге осылай бас көтермеді екен?, — деген ой да айналып өтпеді мені.

Алматыда менингит өршіді

Журналист: Перизат Көмекбайқызы

— Осы жылдың көктемінде менингит ауруы алдымен Алматыны дүрліктіріп, кейіннен өзге өңірлерді шарпыды. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда менингиттен кісі өлімі тіркеліп жатқаны туралы ақпарат желдей ескеннен кейін Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті дереу брифинг өткізіп, 3 адамның аталған дерттен бақилық болғанын растады.

«Алматы» телеарнасы қаладағы және елдегі ахуалдан халықты дер кезінде құлағдар етіп, менингиттен сақтану жолдарына қатысты сюжеттер әзірледі. Бұл видеоматериалдар телеарнаның Youtube-каналында ең көп қаралған және талқыланған роликтерінің қатарына енді.

BRT желісін алматылықтар қалай қабылдады?

Журналист: Тоғжан Жалғасбекқызы

— Алғашында бұл өзгеріске күмәнмен қарағандар қатарында өзім де болғанмын. Алайда, автобуспен жүре келе діттеген жеріме жылдам жететініме көз жетті. БРТ желісі іске қосылғалы жолда жүру уақыты 3 есе қысқарып, жолаушылар легі 40 пайызға артқан. Жаңа жолақ Мұстафин, Сүлейменов, Тимирязев және Жандосов көшелерінде іске қосылды.

БРТ желісі туралы алғашқы материалдарды әзірлегенімізде көптеген жеңіл көлікпен жүретін жүргізушілердің қарсылығына куә болдық. Қазір бұл жаңашылдықтың рахатын қоғамдық көлікпен қатынайтындар көріп жатыр. Жалпы, мұндай жүйе Оңтүстік және Солтүстік Америка, Азия мен Еуропа елдеріне таңсық емес. Мәселен, Түркияның – Стамбул қаласында, Қытайдың – Ганчжоуында, Иран астанасы Тегеранда кең қолданыста. Дамыған елдердің тәжірибесін біздің мегаполисте неге қолданбасқа?!

Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі

Журналист: Айбану Анарбаева

— Алматыдағы жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің соққыға жығылуы да биыл ең көп талқыланған жаңалықтардың біріне айналды. Түркия азаматы Әли Демирдің ақылға қонымсыз қылығын бүкіл ел әшкереледі.

Аталған оқиғаның эксклюзивті кадрларын ең бірінші болып «Алматы» телеарнасы көрсеткен болатын. Мен автокөліктің видеотіркеуішіне жазылған видеоматериалды қолға түсіріп қана қойған жоқпын, сондай-ақ, түрік азаматы мінген көліктің иелерін де оңай таптым. Олар сұхбат беруден бас тартқан жоқ. Осылайша біз әзірлеген телесюжет Youtube видеопорталында әліге дейін талқыланып жатыр.

Алматыда алып бала дүниеге келді

Журналист: Ильзат Акчурин

— Алматыда дүниеге келген алып бала туралы сюжетті көрсем әліге дейін толқимын, есімнен сол түсірілім әлі кетпейді. Ернарды дүниеге әкелген батыр ананы камера алдында сөйлету оңай болмады, шамамен жарты сағаттай көндіруімізге тура келді.

Сәбидің бәрі періште ғой, бәлкім содан да болар, сол сюжетті әзірлеу біз үшін өте жеңіл болды, stand-up әдетте бірнеше дубльдан кейін сәтті жасалатын. Бұл жолы бірінші дубльден-ақ stand-up әзірленді. Оның үстіне дәрігерлер баланың жанында ұзақ болуымызға рұқсат берген жоқ. Ал, сәбидің әкесін 40 минут күттік, бірақ ол сол күйі келмеді.

Шынымды айтайын, алып баланы қолыма алуға батылым жетпеді, әріптесім Айдана Шибикеева ғана оны көтеріп, сюжетке қажетті кадрлар түсіре алдық.

Бір қызығы, осы түсірілімнен кейін сәбилі болу туралы өте көп ойлайтын болдым. Араға жарты жыл салып өзім де әке болдым, отбасымызда қыз бала дүниеге келді. Әрине, Ернар секілді 6 келі емес, одан екі есе жеңіл.

Айтпақшы, біздің осы сюжет 2018 жылы Youtube-каналымызда ең көп қаралған видеоматериалдардың біріне айналды.

Алматыда тігілген құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына енді

Журналист: Салтанат Шорай

— Биыл Алматының 1002 жылдығына орай тігілген құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді. Оның ұзындығы 10 900 метрді құрайды. Тігін жұмыстары наурыз айында басталып, қыркүйекте бір-ақ аяқталған. Осы жарты жылдай уақыт біздің түсірілім тобы тігіншілердің жұмысын үнемі бақылауда ұстап, көрерменге қызықты сюжеттер ұсынып отырды.

Құраққа қажетті материалдарды қаланың 25 кітапханасында қабылдады, тұрғындар өздері кеп тапсырып жатты. Олардың қатарында зейнеткерлер мен студенттер көп еді.

Тігіншілер қала күніне орай жұмыстарын аяқтап, мереке күні көпшілік назарына ұсынды. Алып көрпені көрген шетелдік қонақтар таңданысын жасыра алған жоқ. Гиннес өкілдері көрпені өлшеп, оны рекорд ретінде тіркеді. Ал, сертификатты салтанатты түрде қала әкіміне табыстады.

Бұл оқиға менің есімнен біразға дейін шықпады. Телеарна көрермендеріне де ұнағанына сенімдімін.

Данэлия жылы

Журналист: Жанна Хабдулхабар

— Танымал тұлғалар туралы ақпарат таратсақ ол әлеуметтік желілерде дереу кең талқыға түседі. Өйткені, жұлдыздардың өмірі баршамызға қызықты.

Алайда, Данэлияның орны бөлек. Ол туралы сюжет әзірлеу маған оңайға соқпады. Себебі, жаңадан жарқырап шыққан жарық жұлдыз, әлі кішкентай бала: «қатты құшақтап тұншықтырып алуымыз» әбден мүмкін ғой?! Оның үстіне, баланың әрбір сөзі ертең өзіне зиян тигізуі де мүмкін. Ересек адам өзін қорғай алады, соққыны да жеңіл қабылдайды. Ал, кішкентай әншіге бұл қиын.

Мен Данэлиямен 2017 жылы таныстым, ол кезде жас әнші «Голос» байқауының іріктеуінен өтіп жүрген болатын. Биыл ол осынау байқауды жеңіп шығып, біздің арнаға сұхбат берді. Өз сөзінде Данэлия «бұдан да биік белестерді бағындырам, яғни балалар Евровидениесіне қатысамын, жеңуге тырысамын» деп жоспарымен бөлісіп еді.

Біздің телеарна көрермендері Данэлия туралы сюжеттерімізді үзбей көріп, әлеуметтік желілерде жылы лебіздерімен бөлісіп жатты. Youtube видеопорталындағы сюжетті 165 мыңға жуық адам қарапты.